ЭЙФЕЛЬДЕН «БӘЙТЕРЕККЕ» ДЕЙІН

0 105

Төрт жылдан кейін елімізде «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Осыған байланысты 15 маусым күні Францияның Савойя қаласынан «The Sun Trip: Астана ЭКСПО – 2017» веложарысы бастау алды. 

 

Оған Бельгия, Швейцария, Канада, Чехия, Франция азаматтары және қазақстандық велошабандоз Асқар Сызбаев қатысуда. Барлығы 33 адам Франция, Болгария, Румыния, Украина, Түркия, Ресей, Әзербайжан мемлекеттерін көктей өтіп, еліміздің Атырау, Ақ­төбе қала­ларында ат шалдырып, Аста­наға жетуі тиіс.
Бұр­нағы күні Раф Ван Холь есімді велошабандоз 38 күнде 7 мың шақырымды артқа тастап, ал­ғашқы болып бас қаламызға «шай­тан арба­сының» тұмсығын ті­реді. Ал, кеше осы жобаға қатысу­шы Джордж Мойта да келіп жетті. Қалған 31 адам алдағы екі апта ішінде веложа­рыс­тың соңғы нүк­тесіне тоқтайды деп болжануда.
Астанаға жеткен алғашқы велошабандозды «Бәйтерек» мону­мен­тінің алдында «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ және Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Франция елші­лігінің өкілдері күтіп алды. Бұл жоба­ның негізін қалаған Флориан Байли де келіп жетті.

Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертоне: «Осы шара Фран­цияның Қазақстандағы маусымына сәйкес келіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, оның бұдан әрі дамуына жаңа серпін береді. Екі елде де баламалы энергияны пайдалану ісіне үлкен мән берілуде», – деді.

Раф Ван Холь өз кезегінде: «Қа­зақ­стан – өте тартымды ел! Еуропада жатып, Қазақстан туралы есті­генім болмаса, мұнда ұлан-ғайыр дала барын білмеген едім. Осы елге қызығушылығым оянғандықтан, сапарға шықтым. Тағы бір мақ­сатым: жанар-жағар­майды пай­даланбай-ақ, табиғатқа еш зиян кел­тірмейтін көлікпен біраз жерге баруға болатынын дәлел­дегім келді. Сол мақсатым орын­далғандай», – деп өз-өзіне ырза­шылығын білдірді.

Қос мамандық иесі – сәулетші жә­не энергетикалық мәселелер бойын­ша сарапшы Раф Ван Холь­дің ай­туын­ша, бұл көлікті ол өзі ойлап тауып, патенттеп алыпты. Ең бас­ты­сы, оның экологияға еш зиян кел­меуіне мән берілген.

Қалған велошабандоздардың «шайтан арбалары» да осы тектес бо­луы керек. Олардың барлығы Ас­танаға жеткеннен кейін веложарыс өткізу жоспарланған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 12 =