©2020 Астана Ақшамы
ЕХРО-НЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Бейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Aстана EXPO-2017» көрме кешенінің алғашқы қадасы қағылып, оның іргетасына капсула қойылды. Осылайша, халықаралық деңгейдегі айтулы шараға дайындық жұмыстары басталды.
– ЕХРО кешені – Қазақстан үшін аса маңызды нысан. 2017 жылы біздің бас қаламыздың 20 жылдығы ЭКСПО-2017-нің ашылуына тұспа-тұс келмек. Шынын айтқанда, бұл Астананың жаңа орталығына айналады. Құрылыс алаңында жаңа архитектуралық шешім мен инновациялық технологиялар жүзеге асырылады, – деді ашылу рәсімінде Елбасы.
Көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектар екені белгілі. «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев Елбасыны көрме кешені құрылысының кестесімен таныстырды. Оның айтуынша, «Астана ЕХРО-2017» көрме кешені нысандарына ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жабдықталған, модернизацияланған электроқамту жүйелерін енгізу жоспарлануда. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, экономикалық қауіпсіздікті күшейтеді. Сондай-ақ, электроэнергияны баламалы қуат көздерінен де, қалалық электро-тораптардан да тартуға мүмкіндік береді. Кестеге сәйкес, басты құрылыс-монтаж жұмыстары 2014 жылдың мамыры мен 2016 жылдың желтоқсаны аралығында жүргізілмек.
Айта кеткен жөн, көрме кешенінің ішкі аумағына Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда ойын-сауықтық нысандар, қызмет көрсету мекемелері орналасатын болады. Көрмеден тыс аумаққа конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қалашық, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер салынады.
Халықаралық көрмелер туралы Конвенцияға сәйкес, шара 2017 жылы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ден астам елі қатысады. «ЕХРО-2017» көрмесін 5 миллионға жуық адам тамашалайды деп күтілуде.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ