©2020 Астана Ақшамы
ЕХРО ЕЛОРДА КЕРЕГЕСІН КЕҢЕЙТЕДІ
Бұған қоса, 15 қаңтар күні Үкімет «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ құру туралы және халықаралық көрмені ұйымдастыру мен өткізудің 2013-2018 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдағанын айтылды.
Ал, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алдағы ақпан айында халықаралық көрмені өткізу мен көрменің символдық нысаны жобасына конкурс жарияланатынын жеткізді.
Осынау ауқымды жұмысқа алғышарт болар құжаттамалар әзірленген соң, алдағы қазан айында Қазақстан «ЭКСПО-2017» тіркеу құжаттамасын толық дайын күйінде бекітуге ұсынады. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, көрме алаңында құрылыс басталады.
Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес өз кезегінде Қазақстанның ЭКСПО көрмесін өткізуге деген құлшынысына тәнті болып отырғанын тілге тиек етті.
«Кейбір мемлекеттер көрме өткізу мүмкіндігіне ие болып алғаннан кейін дайындықты арада бес-алты ай өткеннен кейін бастайды. Ал, сіздер «ЭКСПО-2017» көрмесін жеңіп алысымен бір аптадан соң-ақ үлкен басқосу өткізіп, іске кірісіп кетіпсіздер. Осы сапарда Астанаға келіп, ЭКСПО-ға дайындық жүріп жатқанын өз көзіммен көріп, разы болып отырмын» деді ол.
Мәртебелі мейман алғашқы күннен бастап Халықаралық көрмені өткізуге арнап салынар қалашықтың кейін кәдеге жарауын, осынау ұйымдастыра отырып, оның ел мен жердің, қаланың дамуына ықпал ету жайын ойластыруға кеңес берді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» бағдарламасы мен жалпы Қазақ елінің осы көрмені өткізудегі мақсат-мүддесі мен ұстанымы Халықаралық ұйымның мақсатымен үндесетінін қуана жеткізді.
Мәлім болғандай, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізетін жер қаланың ең ыңғайлы аумағынан таңдап алынған. Астанада салынбақ жаңа темір жол вокзалы да сол қалашыққа жақын орналасатын болады. Қалашық орны әуежайға да жақын. Одан бөлек, кейін ғылыми зерттеу кешеніне айналады деп жоспарланып отырған көрме қалашығы еліміздегі ең үлкен заманауи білім ордасы Назарбаев университетіне де алыс емес.
Кездесу барысында көрменің дайындығы мен алдағы жоспарлар туралы әңгімелеген Иманғали Тасмағамбетов Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеске ЭКСПО-ны өткізуді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей бақылап отырғанын, оған Астана әкімдігі барлық ресурстарын салып, кірісетінін мәлімдеді.
Висенте Лоссерталеске жариялағандай, алдағы мамыр айында Қазақстан өкілдері Парижге барып, Халықаралық көрмелер бюросының хатшылығына қазіргі дайындық туралы есеп береді. Ал, маусым айында кең ауқымдағы есеп тыңдалатын болады.
Дей тұрса да, Қазақ елінің ЭКСПО көрмесін өткізудегі алғашқы аяқ алысына тәнті болған Висенте Лоссерталес көрменің жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін білдірді.
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ