«Егоркино» есiк көрсеттi

0 141

Астанаға ат басын бұрған меймандарды қарсы алатын қонақүйлердiң қатары тағы бiр жаңа нысанмен толықты. «Егоркино» қонақүй кешенi сенбi күнi салтанатты жағдайда ашылды. Қаладағы танымал кәсiпкер Юрий Браунның қуанышын бөлiсуге Астана әкiмiнiң орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен мәслихат хатшысы Сансызбай Есiлов келдi.

Бұл мейманханаға мән беруiмiздiң себебi мынада: нысан «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасының шарапатын көрiп отыр. Ол былай…
«Егоркино ауылы» деген атаумен қаладағы алғашқы мейрамхана 1999 жылы ашылған. Қаланың тарихи-ескi бөлiгiнде, қазiргi М.Әуезов көшесiнде орналасқан. Арада үш жыл салып мейрамхананың жанында «Егоркино ауылы» деп аталатын қонақүй ашылды. 18-19 ғасырдағы орыс-тың үйлерi (избушка) стилiнде салынған. 6 бөлмеден тұрады. Өз кәсiбiн кеңейтудi көздеген кәсiпкер Браун 2007 жылы тағы бiр мейрамхана ашады. Бұл жолы – сол жағалаудан. Онысы көпес, шаруа және аңшы деп аталатын үш залдан тұрады. Әр зал атына заты сай болып безендiрiлген. Әдеттегi тәсiлi бойынша мейрамхананың қасына мейманхананың iргесiн қалауды көздейдi. Осы кезде дағдарыс алқымнан алып, құрылысы жүрмей қалды.
– Дағдарыстың салдарынан жұмысымыз тоқтап қалды. Кәсiпкерлердi қолдауға бағытталған «Бизнестiң жол картасы-2020» мемлекеттiк бағдарламасының арқасында iсiмiз қайта жанданды. Атап айтсам, «Жол картасы» шеңберiнде бiздiң компанияға мемлекеттен 187 млн теңге ақша бөлiндi. 2011 жылдың ақпан айында әлгi ақшаның арқасында тұралап қалған құрылысты аяқтауға кiрiстiк. Сөйтiп, мiне, 23 бөлмесi бар мейманханамыз толығымен iске қосылды, – дедi компания басшысы Юрий Браун.
Қонақүйдiң салтанатты ашылуына келген мәслихат хатшысы Сансызбай Есiлов кәсiпкерлердiң «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасына белсене қатысып жатқанын қуанышпен жеткiздi. Айтуынша, жеке кәсiпкерлер бағдарламаға қатысу арқылы тек өзiнiң iсiн жандандырып қана қоймайды. Астана тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетiп, халықтың қажеттiлiгiн өтеуге септiгiн тигiзедi. Елордадағы түйткiлдi мәсе-ленi шешуге атсалысады.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 18 =