Егiз лебiз

0 168

Есмұқан ОБАЕВ, ҚР Халық әртiсi, Қазақ Мемлекеттiк М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың директоры:

– Халықтың iшiнде өнер көшiн таза еңбегiмен сүйреп келе жатқан дарынды әртiстер шоғыры болады. Кеңес – сол нағыз таланттардың қатарындағы шоқтығы биiк тұлға. Елудiң еңсесiне шыққан екен. Түрiне, қимыл-әрекетiне қарасам, елуге қимаймын. Орта бойлы, қараторы, қияқ мұртты келбеттi жiгiт. Оның зеректiгi, адамгершiлiгi, еңбекқорлығы көп адамда кездесе бермейдi. Ол қарапайым рөлден бастап басты рөлдердiң көпшiлiгiн сомдаған сегiз қырлы, бiр сырлы әртiс. Ол ойнаған Бүркiттiң рөлi керемет естен кетпес образ болды. Қортық шал – өтпелi кезеңiндегi бейне болған. Ол оның актерлық амплуасын ауыстыруына жол ашты. Қайыстай қатқан шалды ойнауы әртiс ретiнде жаңа қырын көрсеттi. Халық оны басты рөлдегi Көтiбардан да жоғары бағалады. Кеңестiң дарындылығы сонда, Қортық шалды сомдағанда деталь ойната бiлдi. Оның ерекшелiгi де осындай қасиетiнде. Ол – өте iзденiмпаз, дүниетанымы мол. Режиссердың талабынан бөлек iзденiс үстiнде жүредi. Оның ең бiр айшықты кезеңi – Әуезовте өттi. Ең бiр берекелi еңбектенуi, әртiстiктiң құзар шыңына жеткен мезгiлi сол театрмен тiкелей байланысты.
Елу жас – әртiс үшiн толысқан кез. Өмiрлiк өлшемге салсақ, бұл – талтүс. Өтпелi жас. Қай рөлге де дайын тұрған шағы қазiр. Творчестволық сабақтастығы өз саласындағы бiр актерға жетiп артылатындай-ақ. Бiрақ, маңдайы жарқырамай тұр. Маған солай көрiнедi. Творчестволық қарымын толық пайдаланбай жүр. Мен оның қандай рөлдi де шарықтау шыңына жеткiзе сомдап шыға алатынына сенем. Оның өнердегi әр қадамын құрметтеймiн.

Ғани ҚҰЛЖАНОВ, Астана қалалық Жастар театрының директоры:

– Мен Кеңес ағаны ерте кезден бастап бiлем. Әуезов театрынан бұрын. Мен қызылордалықпын ғой өзiм. Сонда музыкалық училищеде оқып жүр-генiмде, Алматыдан Қызылордаға Мүсiрепов театры гастрольге келетiн болды. Жастайымнан сол театрда жүргендiктен, көпшiлiк көрiнiстерге қатысатынмын. Театрдың қуыс-тесiгiнiң бәрiн бiлем. Бiз жан-жақтан әртiс көремiз деп жиналдық. Әртiстер қызметтiк есiктен кiрiп жатыр. Көз алмай-мыз, тамсанамыз. Бiз әртiс болуды армандап жүрген бозбаламыз ол кезде. Әртiстер отыратын жаққа келсем, «дядь Кен» жақындап келдi. Бiз ол кiсiнi солай атаймыз өз ортамызда. Сөйлестiк. Мысы басып тұр. Көркем, сымбатты. Нағыз әртiс. Мен жақындап кеп, «Кеңес аға, мен де сiз сияқты әртiс болғым келедi» деп айтқаным есiмде. Мiне, алғашқы таныстығымыз солай басталған едi. Сөйтсем, ол Кеңес ағаның өзiнiң алғашқы жұмысқа кiрген жылы екен. Кейiн талай рет еске алып күлдiк қой.
Ержетiп, оқу бiтiрiп, Әуезов театрына қабылдандым. Сол жерде бiраз жыл қызметтес болдық. Үзеңгiлес жүрдiк. Қазiр ендi көршi болдық. Кеңес аға театрдан да, кинодан да бағасын алған адам деп ойлаймын өз басым. Оның адалдығы, ақтығы, шынайылығы кейбiр кездерде менi шынымен таң қалдырады. Осы жасқа дейiн жан дүниесiн кiршiксiз, таза сақтаған азаматтан көп нәрсенi үйренуге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + fifteen =