Егілмеген баланы балабақша қабылдай ма?

0 32

Иә, қабылдайды. Бірақ бұл қадам балабақшадағы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне қарай іске асырылады. Кеше Мәжіліс депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті екі оқылымда мақұлдап, елді елеңдеткен екпеге қатыс­ты шешім шығарды. Бұрынғы жобада Денсаулық сақтау министрлігі барлық қазақстандықтарды егуге міндеттеуді, егілмеген балаларды балабақшаға қабылдамауды ұсынғаны мәлім.Бекболат Тілеухан бастаған бірқатар депутаттар «міндетті» деген сөзді «құқылы» деп ауыс­тырып, егілмеген балаларды қабылдауға тыйым салынады деген норманы алып тастауды жақтаған болатын. Мәжіліс депутаттары бұл түзетулерді қабылдаған жоқ. Есесіне «ұжымдық иммунитет» деген ұғым енгізілді. Депутат Зәуреш Аманжолова бұл өзгерісті: «Балалардың балабақшаға қабылдануы осы ұйымдағы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне қарай жүзеге асырылады» деп түсіндірді. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева балабақшада ұжымдық иммунитет болған жағдайда (яғни, топтағы балалардың көпшілігі егілсе) екпе алмаған балалар да қабылдана беретінін хабарлаған.
Бұл заң бойынша, міндетті екпелерден бас тартқан ата-аналар жауапкершілікке тартылмайды. Депутаттар енгізген түзетуге сәйкес, екпеден бұрын балалар толық тексеріледі, ата-анасы немесе заңды өкіліне екпенің алдындағы, алғаннан кейін болуы мүмкін жағдайлар салдары толық түсіндіріледі. Елімізде енді екпелер міндетті және ерікті болып бөлінеді. Үкіметтің қаулысына сәйкес, міндетті екпелердің қатарына: қызылшаға, құртқа, сібір жарасына, полиомелитке, «А», «В» жұқпалы гепатитіне және т.б. қарсы екпелер кіреді. Ал ерікті екпелерге: обаға, тұмауға, сүзекке, туляремиға және т.б. қарсы түрлері жатады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 7 =