«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Егеменді» елордаға бастап келген Ерағаң еді…

0 439

Қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Қазақстан Респуб­ликасы Президенті сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Ержұман Смайыл ақпанның 27-сі күні кенеттен өмірден өтті.

Биылғы жылғы қаңтардың 5-і күні 70 жасқа толған Ержұман Смайыл бүкіл саналы ғұмырын қазақтың қабырғалы екі басылымы – «Егемен Қазақстан» мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газет­теріне арнады. Екі газетте де ұзақ жылдар бас редактордың орынбасары болып қызмет етіп, екі редакцияның барлық ішкі-сыртқы жұмыстарының мехнатын бастан кешті, шығармашылық ұжыммен жұмыс жасаудың өзін­дік үлкен мектебін қалып­тастырды. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінде екі рет басшылық қызмет атқарды. Осы жылдардың бәрінде ол бүгінде қазақ баспасөзінің көгінде есімдері танымал болып жүрген көптеген журналисті тәрбиелеп шы­ғарды.
Ержұман Смайыл 1948 жылы 5 қаңтарда Алматы облысында туған. 1976 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультетін бітірді. Еңбек жолын алдымен осы университетте оқытушы болып бастаған ол көп ұзамай тікелей баспасөз саласына ауысып, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып қызметке орналасты. Бұдан кейін 1979-1987 жылдары «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары, 1987-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы деп аталатын жолдардан өтті. Ал 2003-2010 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, вице-президенті болды. Газет басшысы ретінде 1999 жылы 20 ақпанда «Егемен Қазақстан» басылымын Алматыдан Астанаға көшіріп әкеліп, редакцияның орналасып, қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосты.
Кезінде «Егеменнің» қара нары» атанған Ерағаң, шынында, редакцияны өгіздей өрге сүйрейтін нағыз жұ­мыскер жауынгер еді. Ол қашанда газеттің күнбе-күнгі иіріліп-бітпейтін іркес-тіркес тіз­бекті жұмыстарының қайнаған ортасында жүрді. Басшылығын алға тартып отырмай, сол редакциядағы ең қарапайым, ең ауыр жұ­мысқа да өзін жегіп, мойнына бар ауыртпалықты артып, оны ақырына дейін атқарып жүретін. Жұмысты ешқашан «мынау – басшынікі, мынау – қосшынікі» деп бөліп қараған емес. Бәрін ұжымға ортақ міндет санайтын. Былайынша айтқанда, қай кезде де редакцияның «отымен кіріп, күлімен шығып» жүретін барынша қарапайым басшы болды.
Ержұман аға, расында, нағыз азамат-ердің сойы еді. Мойнына алған нәрсесін өзі көтеріп шығатын. Уәде берсе, міндетті түрде орын­дайтын. Ол өзінің әріптес­тері арасында осындай табандылығымен, прин­цип­шілдігімен, бейнет­кеш­тігімен, әділдігімен, та­лап­шылдығымен ес­те қалды. Ол сонымен бір­ге қарауындағыларға ұдайы қамқор бола білді, қолы­нан келгенінше олар­дың жағдайларына қа­рап, жақсылық жасауға ұм­тылды. Басшы ретінде өзінің қызметкерлерін сырттан болатын қысымдардан, соққылардан қорғап жүрді, оларды әлдекімдердің талауына жол бермеді.
Ерағаң қаланың 20 жылдан бергі тұрғыны, «Астана ақшамының» белсенді оқырманы ретінде шаһар мен газет жұмысын жетіл­діру жөніндегі ақыл-кеңес­терін үнемі жеткізіп отырушы еді. Ераға биылғы жылдың басында жетпіс жасқа толды. Ол сол күндері «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында «Алла бұйыртса, үлкен тойды 75-ке толғанымда жасармын» деген еді. Бірақ Жаратқан иеміз мұны бұйыртпады, ол күнге жеткізбейтін етіп қойды. Осы өкінішті!
Енді Алла алдынан жарыл­қасын!
Қош, қазақ баспасөзінің қара нары! Жатқан жеріңіз жайлы болсын!

«Астана ақшамы» газетінің ұжымы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды