«ЕГЕМЕН» ТАРИХЫ – ЕЛ ТАРИХЫ

0 472

era_5835-asli

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті жобаларының таныстырылымы өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізді үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында айтылатын тапсырмасына сәйкес, Цифрлық индустрияны дамытуға бағытталған үш жобада заман көшіне лайық жаңашылдықтар қамтылған.

Бір ғасырға жуықтап қалған тарихында басылым бірнеше атаумен шығып тұрды. 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» атымен шыққан газет кейіннен «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егеменді Қазақстан» болып аталып, 1993 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» атымен жарық көріп келеді. Алғашқы жоба – газеттің архивтегі барлық нөмірін түгендеп, түгелдей цифрлық нұсқаға көшіруге, яғни цифрлы мұрағатты жасауға бағытталған.
«Егеменнің» бай фотомұрағатында ел тарихынан, тәуелсіздіктің сындарлы сәттері мен жарқын жетістіктерінен сыр шертетін фотосуреттер, Елбасы мен көрнекті тұлғалардың, Қазақстан қалалары мен көрікті мекендерінің сирек кездесетін көріністері жинақталған. «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік ел мұралары» аталатын екінші жоба арқылы құнды фотосуреттерді ғаламтор кеңістігіне шығару жоспарланған.
Ал үшінші жоба заман талабына сай соңғы мультимедиялық мүмкіндіктерді ескере отырып әзірленген газеттің жаңарған порталы болып отыр.
«Ел газетінен біздің 100 жылдық тарихымызды айқын көруге болады. Зұлмат жылдардың елесі, шежірелі кезеңнің барлық көрінісі газет бетіне хатталған. Ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру сияқты халқымыздың басынан өткен ауыртпалықтар басылымда сайрап тұр. Осының бәрі цифрлық нұсқада көрініс табады. Газет нөмірлерін толықтай цифрлы форматқа көшіру келесі жылы аяқталады. PDF нұсқасының айы мен күнін теретін болсаңыздар, сол кезеңнің жаңалықтарын оқи аласыздар. Мысал ретінде жақында 90 жастың төріне шығатын әдебиетіміздің абызы Серік Қирабаевтың «Жас ақынның тұңғыш жинағы» атты алғашқы мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінің бетіне басылған» деді «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков 1962 жылы газетке тұңғыш мақаласы басылғаннан бері басылыммен байланысын жалғастырып келеді. «Ол кезде Жекен Жұмаханов дейтін ағамыз газеттің «Әдебиет және искусство» бөлімін басқаратын. Мен Башқұртстанның астанасы Уфаға барып, «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жырына арналған одақтық мәжілісте баяндама жасадым. Менің баяндамама риза болған башқұрт әдебиетінің классигі Сәйфи Құдаш маңдайымнан иіскеп, қасына отырғызды. Сол кісі маған «Жастық шақтың іздерімен» атты қазақ туралы мәліметі көп шағын кітап сыйлады. Сонда 1913 жылы қазақтың саны 7 миллион болған деген деректі келтіреді. Соны жастықтың буымен мақалаға қосқанмын. Жекен ағамыз «Мырзатай, мына цифрды байқауымыз керек» деп сызып тастады» деді Мырзатай Жолдасбеков.
Қоғам және мемлекет қайраткері газетке бірнеше тақырыпты да ұсынды. «Астана» велоклубы – елдің намысына айналды. Осы клуб туралы жақсылап тұрып жазу керек» деді ол. Айтқандай, биыл М.Жолдасбеков сексеннің сеңгіріне шығады. Осыған орай «Егемен Қазақстанда» оның күнделіктері жариялана бастайды.
«Егемен» тарихы – ел тарихы» деген қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Оразалы газеттің цифрлық форматқа көшірілуі ел тарихын зерттеушілерге таптырмас олжа болатынын айтып, сөзін нақты мысалмен әдіптеді. Кезінде газетте жұмыс істеген жазушы Ғабдол Слановтың өмірін зерттегенде 1928-1965 жылдары аралығында шыққан тігінділерін қарап шығу үшін А.Пушкин атындағы кітапханада отыруға тура келгенін жеткізді.
Газеттің ғасырлық мерейтойына орай оның тарихынан сыр шертетін 10 томдық еңбек жарық көрмек. Мұнымен қазір белгілі ғалым Намазалы Омашев айналысып жатыр. Биыл төте жазумен және латын әліпбиімен шыққан нөмірлерін жинақтап, төрт томын шығару жоспар­лан­ғанын, ал жұмыс 2019 жылы аяқталатынын айтқан ғалым бұл істің өзектілігіне тоқталды.
Газеттің жаңарған порталына келсек, ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесінде іске қосылатын портал бейне және аудиожазбалармен толығады. Сондай-ақ, ондағы материалдар ағылшын және орыс тілдерінде берілетін болады.
Қазір Қытайдағы қандастарымыз арасында төте жазуға аударылған мақалаларға үлкен сұраныс туып отырғанын айтқан Дархан Қыдырәлі болашақта шетелдегі басылымдармен әріптестік орнату жоспарланып отырғанын, ол жақтарда меншікті тілшілерді ұстау да қарастырылып жатқанын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 12 =