«ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ» ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДА

0 331

Ілекеңнің өзі айтады, «көптеген әндерімнің галереясын қоңыр күзде жасадым» деп. Левитанға «Золотая осень» картинасын жаздырған күз Илья ағаға:
Есіңде бар ма, осынау қайың,
Сарғайып күзде тұрады дәйім.
Дариға, сол бір арманды күндер,
Елес пе еді, білмедім, Айым.
Сарғайды қайың, сарғайдым мен де,
Жұлдыздай алыс ұзадың сен де, –
дегізіп, «Ақ қайың» романсын тудырды. Лирика мен мұңға жетелейтін мезгіл әсері осылайша Жақановтың есімін жалпақ далаға танытты, жұртқа паш етті.

Расымен, Ілекеңнің шығарма­лары­ның көпшілігі күз айла­рын­да дүниеге келіпті. Күз – композитор­дың шабытын шалқытатын мезгіл. Мәселен, «Даниярдың әні», «Жә­ми­ла­ның әні», «Әсел», «Асылым», «Түнгі сыр», «Толағай», «Сы­­­­рым­бет», «Балқантаудың ба­уы­рында», «Шолпан жұлдыз», «Бұл­­­бұл еді» сынды туындылары әр жыл­­дардағы қыркүйек, қазан, қа­­ра­­ша­­ның жемісі көрінеді. Тағы да Илья ағаның сөзіне жүгінсек: «Ойлап отырсам, прозалық шығармаларым да күзде толғандырыпты. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс!» атты екі повесім күзде басталып, келер жылы күзге салым біткен-ді. Осы жерде айта кетер бір жайт, «Қайта оралған ән» повесінің эпилогын жазу үстінде кейіпкерлерімнің тағдыры еріксіз жетелеп, мені қырғыздың Ыстықкөлінің күзгі көрінісін көруге апарды. Бұл сапарда кітап кейіпкерінің есімімен аталатын «Айнагүл», «Әсел», «Асылым» әндері туды.

Прозалық шығармалардың ішінде «Айлы соната» атты новелла да күздің мұңды лебімен жазылды. Күз мені сарсаң ойлардан арылтады. Жүрегімді ұйытқан құпия сырлар ән романс кейпінде туындап, көкейдегі көп түйткіл шешіледі».

Поляктың ұлы композиторы Фре­­­­де­­­рик Шопен «Сөз біткен жер­­­­ден музыка басталады» дейді. Мұны Илья Жақановтың аузынан жиі құлағымыз шалады. Осы тек­тес ойларды Моцарт пен Бетховен де қалдырған. Яғни, даусыз со­­лай! Ильяның жазушылығын да, су­рет­шілігін де ел біледі. Зерттеушілік қы­­ры­­мен де таныспыз. Дала саз­гер­­ле­­рінің әндеріне қатысты та­лай жа­­ңа­­лықтың бетін ашып, өнер­сүйер жұрт­­шылыққа ұсынған. Ал оның бояуынан құралған сурет көр­­ме­сі дәл қазіргі кезде батыстан бас­­талып, оңтүстікке бағыт алуда. «Бұлбұл әуені», соңғы жылдары ғана дүниеге келген «Теміртауда мақпал түн», «Аққу әні», «Еділ-Жайық», «Сырлы жүрек пернесі» атты кітаптары қарымды жазушылығын айғақтайды. Қаламы жеткізе алмаған көмейіндегісі сонда ән болып қалықтағаны ғой. Шопеннің сөзін бекер айтпайды екен.

«Бір кездері Соловьев-Седой «Подмосковные вечерасын» шығарғанда қандай күйде болды екен? Біз де сондай ұлы шығарма тудырсақ қой» деп армандайтын едік» дейді Ілекең. Сөйтсе, вальс королі Шәмші Қалдаяқов «Илья, сен өзіңнің «Подмосковные вечераңды» жазып қойдың. Ол – «Жайлаукөл кештері» депті ғой. Бұл қанша қазақ жастарын ыстық сезімге бөледі, сонау шалғайдағы сары даланы көруге құмартты. «Жайлаукөл кештері» туралы тартымды әңгімелер де жетерлік…

Шәмші ағамыздың тағы бір сөзін еске алсақ: «Илья Жақановтың әндерінде қырғыз ағайындардың мұңды сарыны бар. Бірақ, онысы қазақтың шерлі әуендеріне жаңа мазмұн беріп, тек Ильяға тән әндер туады». Иә, расында, Ілекеңдер өз сөзімен жеткізгенде, бүгінгі батыстың даңғара «хиттарынан» аман қалды. «Мен кеудемдегі, жан-дүниемдегі, ділім мен дітімдегі барлық әуен мен әуезді қазақтың «Елім-айларынан», «Еркем-айларынан» алдым, «Екі жирен», «Ақбақай», «Назқоңырлардан» алдым, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсалардан алдым. Мен анамнан қалай нәрленсем, жоғарыдағылардан солай сусындадым. Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхаметжанов… Міне, осылардың таңғажайып ән-романстарымен өстік. Осылардың кез келген әнін үйде де, түзде де айтып жүрем. Мен туралы көп бас қатырудың керегі жоқ, болмысымдағы музыканың, әуездің, мелодияның үш қайнары бар. Алғашқысы, әлгі «Елім-айдан» басталған, Біржан, Ақандар әуелеткен, Жамбыл, Кенендер термелеткен қазынаны еркін емдім. Одан кейін, бойымдағы бір колорит – қырғыз әндері. Қазақ әндерін қалай дарытсам бойыма, қырғыз өнерін де солай қабылдадым. Енді осының бәрін құдіреттендіріп, дамытқан советтік классика бізді өсірді, жетілдірді» дейді композитор. Ол Мұхиттың Мұхит болғаны да өзіне дейін керемет әндердің дүниеге келуінің, содан нәр алуының арқасы деп біледі.

Композитордың алғаш туған әндерін мән бере тыңдап, зерттей қараған музыка корифейлерінің берген бағалары таң қалдырады. Қазақтың тұңғыш операларын жазған композитор Евгений Брусиловскийдің Илья аға туралы айтқаны ғой: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ешбір консерватория тұла бойы мелодист-композиторды оқытып шығарған жоқ. Әндерін тыңдап отырмын. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын». Сол халық композиторының «Еділ мен Жайық» әніне айтылған лебіздерден оның табиғи дарындылығын да байқаймыз. Мәселен, Роза Бағланова «Еділ мен Жайық» – әннің төресі» десе, Шота Уәлиханов «Илья Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақ халқының еңсесін көтерді» дейді. «Еділ мен Жайық» – қазақ халқының гимні» депті Асанәлі. Әнді қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев Гүлмайдан Сүндетованың орындауында бірнеше рет тыңдаған көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ильямен кездескен сайын «Толағай» әнін айтуын сұрайды екен. Ал, бір кездесуде Илья Жақановтың бірнеше әнін, «Толағайды» қоса, Президенттің өзі орындап берген.

Бірнеше күн бұрын «Еділ мен Жайық» Есілдің жағасында қалықтады. Қазақстан мен Қырғызстан республикаларының еңбек сіңірген әртісі, композитор, музыкатанушы, жазушы Илья Жақанов пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбайдың «Саз-сұхбат» тақырыбымен ән кеші өтті. Салтанатты шараның ерекшелігі сол – орындалған әндердің барлығы жанды дауыспен шырқалды. Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Жан жолдас» әнімен басталған шарада кеш иелері о баста тыңдаушыны демалдыратын камералық концерт беруді мақсат еткендерін жеткізді. Мақсат мерейіне жетті. Сазды кешті композитордың өзі жүргізіп, әрбір шырқалған әннің тарихына қатысты тартымды әңгімелер айтты. Сонымен қатар көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға кеңінен жауап берді.

Кеш соңын жылы лебіздер мен ақжарма тілектер жалғады. Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова концертке оң бағасын беріп, замандасының иығына шапан жапты. Бұл сияпатты сахна иесі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та қайталады. Филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев сынды ел ағалары сөз сөйлеп, қошеметтерін білдірді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 4 =