ЭБОЛА АЙМАҒЫНА БАРМАҒАН ЖӨН

0 129

Эбола22

Батыс Африка елдерінде, атап айтсақ, Гвинея, Сьерра-Леоне және Либерияда Эбола безгегі таралды. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың 13 тамызында 1848 ауру тіркеліп, 1013 адам көз жұм­ған. Қауіпті дерт Еуропаға да жетіп үлгерді. Румыния астанасында 51 жастағы ер адам осындай диагнозбен ауруханаға түскен. Жақында ол Ни­герия­дан оралған екен. Осыған орай Қазақстан Рес­публикасы Тұты­нушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Көліктегі тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау департаменті сақтық шараларын қолдануды ұсынады. Осы мәселеге орай біздің сауалымызға департаменттің Мемлекеттік шекарада санитарлық қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Терлікбаева жауап берді.

– Қауіпті дерттен қазақ­стан­дықтар қалай сақтана алады?

– Эбола геморрагиялық безгегін алдын алу мақсатында біздің департамент Қазақстан Республикасы азаматтарын Батыс Африка еліне бармауға шақырады. Себебі, бұл – жұқтырған жағдайда жаппай өлім­ге соқтыратын індет. Ауру адам­нан айналасындағыларға түрлі бө­­ліністер немесе қан арқылы жұғады. Сондықтан Эбола таралған елдерге бара қалған жағдайда бет­перделерді пайдаланып, дене қызуы жоғарылаған адамдарға жоламаған жөн. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға тырысқан абзал.

– Аурудың белгілері қандай?

– Вирус ағзаға түскеннен кейін 21 тәулік ішінде қозады. Оның ал­ғашқы белгілері 8-10 күн ара­лы­ғын­да бай­қалады. Ауру өте жылдам, бір немесе бірнеше белгі­­лерден байқалады. Мәселен, бас ауырып, адам қан құ­сады, үлкен дәретпен бірге қан шы­ғады, бұлшық ет ауырып, көзден, мұ­рыннан, құлақтан қан аға бастайды. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі.

– Дертті алдын алу үшін тағы қандай кеңес бересіз?

– Аурудың алдын алу үшін бөлмені жақсылап желдетіп, жеке бастың гигиенасын сақтау, тамақты кез келген жерден сатып алмау керек.
Батыс Африка елдерінен келген соң аурудың белгілері байқалса, жедел түрде медициналық қызметке жүгінген жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =