«Е-ПИК» жетілдіруді қажет етеді

0 135

Астанада жүзеге асырыла бастаған «е-ПИК» электронды жобасына қаладағы 486 ПИК-тің 473-і немесе 97 пайызы қосылған. Бұл жоба шеңберінде қанатқақты режимде жинақтау­шы бухгалтерия іске қосылды. Сол арқылы кез келген пәтер иеленуші өз кооперативінің шығындарын бақылап, қаржы қандай көлемде жұмсалып жатқанын біле алады.

«Астана Innovations» АҚ бас­қарма төрағасының цифрлы инфрақұрылым бойынша орынбасары Мейрам Дюсюковтың мәлімдеуінше, «е-ПИК» мобильді қосымшасы 7995 рет жүктелген, тіркелген қолданушылардың саны – 8575, ал 5 мыңға жуық адам қосымшаны белсенді түрде қолданады.
Алайда қалалық мәслихат депутаты Ирина Манжанованың есептеуінше, елордадағы ПИК-тердің 97 пайызы электронды жобаға қосылғанымен, тұрғындар үшін оның пайдасы әлі де болса аз боп тұр.
«ПИК жұмысына қатысты халықтың шағымы жиі түседі. Соның ішінде тұрғындар басқарушы компаниялардан ақпарат ала алмайтынына арызданады. Сол себептен біз маркетингтік зерттеу жүргіздік. Соны жүргізу барысында ПИК жұмыскерлері «е-ПИК» жобасын қолданатынына, автоматтандырудың пайдасын түсініп, табыс көзі ретінде көретініне, аталмыш қосымша жайлы халыққа айтатынына күмән туды. Бұл жағдай, меніңше, автоматтандыру жүйелерінде жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығынан болып отыр» дейді депутат.
Оның сөзінше, Астана халқы «е-ПИК» жобасы туралы біле қоймайды, сол себептен қолданбайды. Тұрғындар түйткілдер туындаса, бұрынғысынша ПИК-ке телефон шалады немесе өздері барады.
Ирина Манжанова бастаған топтың зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, ПИК жұмыскерлерінің бәрі «е-ПИК» жобасы туралы біледі. Соған қарамастан, қосымша арқылы қолданушылардан өтініштер мүлде түспейді. Әрине, бұл жағдайда өтініштерді қабылдау, олармен жұмыс істеу көрсеткіші нөлге тең.
Депутат әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнама қорытындысымен де таныстырды. Нәтижесінде халықтың 27 пайызы ғана «е-ПИК» жобасы туралы естісе, 4 пайызы ғана бұл қосымшаны қолданатыны, солардың 1 пайызы айына бір реттен артық пайдаланатыны анықталды.
«Е-ПИК» секілді тамаша жобаның бәріне пайдалы болатыны белгілі. Алайда оны жетілдіруге, халыққа танытуға әлі де уақыт керек» дейді И.Манжанова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + two =