«E-Islam» порталының айтары мол

0 109

абдрамановМемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің «E-Islam» ақпараттық, мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық интернет-порталы құрылды. Міне, сол ақпарат құралының мақсаты мен міндеті, бағыт-бағдары жөнінде оның бас редакторы Жасұлан Абдраманов әңгімелейді.

– Асыл дінімізді насихаттаушы портал жөнінде не айтасыз?
– Портал салт-дәстүрімізге сіңіп, ғасыр­дан­-ғасыр­ға жалғасып келе жатқан Ханафи мәз­һа­бын­дағы ислам дінінің асыл құн­ды­лық­тарын көпшілікке наси­хат­тау­мен әрі оның ілімдерін терең талдай отырып, түсіндірумен жүйелі түрде айналысады. Мұнда қазір дәстүрлі ислам дінінің негізгі қағидаларын қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлерімен ұштастыра отырып, жамағатты хақ діні­міз­дің рухани құндылықтарына бау­литын, жастарды теріс пиғылдағы жат ағымдардан әрі күмәнді ғаламтор көз­де­рінен аластатуға ықпалы тиетін қазақ, орыс тілдерінде екі мыңнан астам материал қоры орналастырылды.
Порталдың негізгі бетінде жеті айдар, он екі тақырып берілді. Айдарлардың әрқайсысы бірнеше тарауларды қамтиды.
– Интернет басылымның өзіндік ерекшелігі қандай?
– Газетке қарағанда мұның өзіндік ерекшелігі айдарлардың көптігінде болса керек. Материалдар шағын-шағын етіп топтастырылып жарияланады. Мәселен, «Ислам», «Қазақстандағы ислам», «Ислам және зайырлы мемлекет», «Ислам және қоғам», «Ислам – ізгілік діні», «Дінаралық үнқату», «Мультимедиа», тағы басқа да айдарларда оқырмандар ислам діні құндылықтарымен толық таны­су­ға, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажы­лыққа бару рәсімдері мен ерек­шеліктерін танып-білуге, үйренуге болады.
Ал, «Мультимедиа» айдары «Фото», «Аудио», «Бейне», «Инфографика», «Кітапхана» атты бөлімдерден тұрады. Сол арқылы қалаған адам исламға қатыс­ты­ барлық фотосуреттер мен бейнебаян­дар­ды тамашалай алады. Сонымен қатар, интернет-порталдың баннерлық бет­те­рін­дегі «Жаңалықтар», «Сұхбат», «Cіз білесіз бе?» айдарлары күнделікті жаңартылып тұрады. Мұнда дәстүрлі ислам дінінің өзге де асыл құндылықтары мен мәдениетіне қатысты анықтамалық, ағартушылық сипаттағы ақпараттар, сұхбаттар дайындалатын болады.
– Портал беттерінде оқырман пікір таластыра ала ма?
– Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға арналған «Қауырт желі -114» жұмыс істейді. Осында деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарының республика бойынша мекенжайлары мен анықтама телефондары да көрсетілген.
Портал оқырмандарының белгілі бір тақырып аясында сарапшылармен бірлесе отырып, пікірталас алаңын ұйым­дас­ты­руға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, «Сарап­шы­лар бағанында» еліміз­де­гі алдыңғы қатарлы дінтанушы ғалым­дар­дың жеке блогтары көпшілікпен етене байланыста жұмыс істейді. Осы жоба арқылы бұқара халық көкейінде жүрген сауалдарын аталмыш ғалымдарға тікелей жолдап, тұшымды жауап ала алады.
Қорыта айтқанда, «E-Islam» интернет-порталы алдағы уақытта жұмысын одан әрі жетілдіріп, дәстүрлі ислам ілімі мен оның тарихын саралайтын отандық бірден-бір мәліметтер орталығына айналады деп сенеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =