©2020 Астана Ақшамы
Джимми Джен ба? Чанг Гвон Оук па?
Елордамыздағы «Алау» мұз айдынында өткен республикалық чемпионат аяқталысымен жеңімпаздар есімін әйгілеп, «Алаудағы» аламан» деген тақырыппен газетіміздің 15 қаңтар күнгі санында шағын мақала жариялаған болатынбыз. Осы мақалада ұлттық құрама бапкерінің есімін Джимми Джен деп берген едік. Тұрақты оқырманымыз Ақжол Қуаныш БАҚ-тардың бірінен шорт-тректен құрама бапкері Чанг Гвон Оук екендігін көзі шалып қалғандығын айтып, редакциямызға қоңырау шалған болатын.
– Құрметті Ақжол, сіздің сұрағыңыз орынды. Біздің Джимми Дженіміз де, сіз айтып отырған Чанг Гвон Оук та құрама бапкері. Қалай дейсіз ғой? Солай! Себебі, екеуі бір адам. Чанг Гвон Оук бапкер ретінде Джимми Джен есімімен танымал болғандықтан біз соңғы атын таңдағанбыз. Ол бұған дейін Оңтүстік Корея, Австралия, АҚШ құрамаларын жаттықтырған. Ал 2010 жылдан 2011 жылдың қазан айына дейін Ресей ұлттық құрамасын баптаған.
Ол жайлы ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков: «Ол – әлемдегі ең үздік жаттықтырушылардың бірі. Тек спортшыларымыз жаңа маманның методикасына бейімделе білулері керек. Ол бізді жаңа белестерге шығарады. Ал егер бәрі сәтті болып, Дженнің жаттықтыру әдістемелері нәтижесін берсе, күзде Оңтүстік Кореямен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізе аламыз. Ал бұл – көптеген елдердің арманы, – деген болатын.
Ербол ЖАНАТ