ДЮ СОЛЕЙДЕН АСТАНАЛЫҚ ЦИРКТІҢ НЕСІ КЕМ немесе МӘДЕНИ НЫСАНДАР НЕГЕ АТАУСЫЗ ҚАЛЫП ОТЫР?

0 122

 «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астаналық цирк «Астанаға деген махаббатпен!» бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Бұл қойылым төрімізге жақындап қалған Қала күні мерекесіне тамаша тарту болмақ. Бір айта кетерлігі, қойылымға елордалық цирк әртістері ғана қатысты.

«Ауылдағының ауызы сасық» деп, кейде өзіміздің өнерпаздарды менсінбей жатамыз. Қазір Астанада гастрольмен жүрген атақты Дю Солей циркінің өнеріне көрмей, білмей тамсанамыз да өзіміздікіне келгенде мұрынды тыжырайтамыз. Ал марқұм Балтабек Жұмағұлов негізін қалап кеткен Астаналық цирктің атағы жер жармаса да, көрерменді баурайтын өзіне тән өнері бар.

Жалпы, санамызға цирк балдырғандардың қызығы үшін ғана жаралған өнер деген түсінік ұя салғалы қашан. Содан әлі арылмай келеміз. Шындығына келгенде, ересектер де әредік циркке барып тұрса, таусылмас әсер ала алады екен. Осы жолы әртүрлі өнерпаздардың өнерін тамашалағанымызда бұған көзіміз әбден жетті.
Алдымен бізді бір жағынан таңғалдырған, екінші жағынан сүйсіндірген бір жайтқа тоқталайық. Балтабек пен Раиса Жұмағұловтар аренада жұптасып өнер көрсеткені белгілі. Бүгіндері Астаналық циркте олардың жолын жалғаған отбасылық жұптар біршама кездеседі. Мәселен, «Үйретілген иттермен клоунада» нөмірінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әзілбек Болатовпен бірге оның жары Сәуле цирк манежіне шығып жүр.

«Үйретілген понилер» және «Үйретілген түйелер» нөмірлерінің жетекшісі Шыңғыс Орманбетовке өмірлік қосағы Әйгерім Тілегенова көмекші бола жүріп, «Үйретілген иттер» нөміріне жетекшілік етеді. Каскадерлік өнердің қыр-сырын меңгерген Күнғожиновтар әулетін халық біршама танып қалды. Осы әулеттен шыққан оғланның бірі Қадылбек Күнғожинов Астаналық цирктің «Сарыарқа жігіттері» атауын алған салт атты-акробатикалық ансамбліне бағыт-бағдар көрсетіп жүр. Бұл ансамбльдің құрамындағы Күнғожиновтардың тағы бір перзенті Рүстем жары Татьянамен бірге ат үстінде небір ойындарды көрсетеді.

Міне, циркке бір барғанымызда осылардың барлығының өнеріне тәнті болдық. Бұған қоса манежде әуе гимнасттары, эквилибристер, жонглер-виртуоздар, акробаттар өнер көрсетті. Айсұлу Әбдікәрім мен Ақтоты Тимурдың үйретілген кептерлермен нөмірі де көңілімізден шықты. Әсіресе, олардың кептерлерді қалай көбейтіп жатқанына бас қатырдық. Ақыры бізге бұл жұмбақ күйінде қалды.

Әрине, адам бір басқа, ал жануарлардың өнері бір басқа. Осы тұрғыдан алғанда, үйретілген иттердің, негізінен, далматиндердің ақылдылығы сүйсіндірмей қоймады. Олардың үйретушінің бұйрықтарын бұлжытпай орындағанына қол соғып отырдық.

Астаналық цирктің көрермендерге ұсынып отырған сыйы бір ғана бұл емес. Ертең, 2 шілде күні «Азия жаңғырығы» атты Х цирк өнерінің халықаралық фестивалі ашылады. Аталмыш өнер мерекесі 6 шілдеге дейін жалғасады. Ал 8 шілде – 10 тамыз аралығында цирк ұжымы субұрқақтардың ғаламат шоуын ұйымдастырмақ. Ендеше, қызықты қойылымдардың бәрі алда, Астаналық циркке келіңіздер, ағайын!

P.S. Ақыры Балтабек Жұмағұловтың есімін атадық. Осыған орай оған қатысты баяғыда қозғалып, сол айтылған орнында қалған мәселені жаңғыртып, толықтыра кетсек. Марқұмның Астаналық цирктің негізін қалағанын бәрі біледі. Ендеше, Ақтөбедегі ағайынды Жұбановтар көшесі жолымен неге елордалық циркке ерлі-зайыпты Жұмағұловтар атын бермеске?! Қазір Астаналық циркте қызмет ете жүріп, өнерде ата-ананың жолын жалғаған марқұмдардың тұяғы Олжас үшін ғана емес, бұл жайт Балтабек пен Раисаның көзін көрген, өнеріне сүйсінген жандар үшін де үлкен қуаныш болар еді. Оның үстіне бұл өнер ұжымында Жұмағұловтар сияқты өмір мен өнерде қатар жүрген отбасылық жұптар баршылық екенін айттық. Солар үшін де бұл үлкен тәрбие болар еді.

Жалпы Астанадағы мәдени нысандардың, өнер ұжымдарының атауына әлі де селқос қарап келеміз. Мәселен, «Конгресс-холлды» «Астана» концерт залы деп ауыстырдық. Кезінде айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева оны «Айтыс» сарайы деп атайық деген ұсыныс айтқан. Алайда ол жерде айтыстың өтпей жүргелі қай заман. Жуырда Көкшетаудағы Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың аты берілді. Өнерге жанашыр жандар бұл жаңалыққа қуандық. Ал Астанада тұлғаларды сондай деңгейде ұлықтап жүрміз бе? Меніңше, жоқ «Астана» концерт залы ғимаратында орналасқан Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясына ешкімнің аты берілмеді. Филармония құрамындағы Қазақ оркестрі осы атымен өнер көрсетіп жүр.

Өзімнің пікірімше, концерт залына басқа атау керек, елордалық филармония мен оркестрге де тұлғаның аты керек. Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы бола ма, осы өңірде дүбірлеткен басқа тұлғаның аты беріле ме, көп болып ойласатын дүние. Сайып келгенде, бұл Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай кеп отыр. Соны қазір, уақыты келіп, тиісті пәрмен беріліп тұрғанда қолға алмағанда, қашан бастаймыз?!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − one =