Дүрлігуге негіз бар ма?

0 102

Астана қаласындағы Балалар инфекциялық ауруханасына менингит диагнозымен мектеп жасындағы сегіз бала түскен.

Жыл басынан бері осы жұқпалы дерт елді біраз әбігерге салды. Жаз ортасынан бері екпіні басылған болып еді. Күн суыта қайта көрініс тапты. Аталған аурухананың бас дәрігері Сәуле Нұрашеваның айтуынша, қазір жеткіншектердің жағдайы жақсарып келеді екен.
«Ауруханадағы стационарлық емдеуде 8 бала ем алып жатыр. Олар бізге 5 қазанда түскен. Қазір денсаулықтары қалыпты, өздерін жақсы сезінеді. Он күннен соң қайтадан анализ алып, бәрі дұрыс болса, ауруханадан шығарып, амбулаториялық бақылауда ұстаймыз. Бұл – вирусты инфекция. Ешқандай күрделі асқыну жоқ. Бәрі қалыпты деңгейде өтіп кетеді. Биыл бізден осындай 190-ға жуық бала емделіп шықты. Сондықтан ата-аналарға қатты уайымдап, үрейленудің керегі жоқ» деді бас дәрігер.
Сондай-ақ ол менингитке шалдыққан балалардың ата-анасына оны өздігімен емдеуге болмайтындығын жеткізді. Егер оның алғашқы белгілері, мысалы, бас ауырып, жүрек айнып, температура 39 градусқа дейін көтерілген жағдайда жеткіншекті тез арада педиатрға немесе аталған аурухананың стационарына апару керек.
Айтпақшы, менингитпен ауруханаға түскен балалар қаладағы әртүрлі мектепте оқиды. Сондықтан оларға бір-бірінен жұқты деген де қисынсыз сөз.
«Бұл вирусты инфекция ауа арқылы адамнан адамға жұғады. Былайша айт­қанда, жыл сайын қайталанатын нәрсе. Мәселен, биыл менингитпен түскендер өткен жылға қарағанда көп емес. Сон­дықтан дүрлікпеу керек» деді Сәуле Нұрашева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + sixteen =