Дүниені діңкелеткен дерт

0 199

Дүние жүзін діңкелеткен COVID-19 індетін 197 мемлекеттегі 542600 адам жұқтырып, 24187 адам қайтыс болды. Қазірге дейін 122 мың адам сауыққанмен, жер бетіндегі халықтың төрттен бірі карантинде отыр. Сәрсенбі күні БҰҰ әлемдік індеттің бетін қайтару үшін кедей елдерге 2 миллиард доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсететіндігін жариялады. Бас хатшы Антониу Гутерриш коронавирустың бүкіл адамзатқа қатер төндіріп отырғанын айтып, әлем халқын жұдырықтай жұмылып індетке қарсы тұруға шақырса, Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы Роберту Азеведу коронавирус пандемиясының кесірінен келген экономикалық дағдарыс 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан да ауыр болуы мүмкін деп дабыл қақты.Әлем темірдей тәртіпке көшті

Жарты жылға жетпейтін уақытта бүкіл әлемге жайылып үлгерген бұл індет соңғы кездері тіпті тез өршіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус осы аптаның басында Женевада өткен мәжілісте осындай мәлімдеме жасады. «Алғашқы науқас анықталып, олардың саны 100 мыңға жеткенше 67 күн өтті. 100 мыңнан 200 мыңға дейін 11 күн уақыт өтсе, ал 300 мыңыншы оқиға төрт күннің ішінде тіркелді» деді ол. Айтып-айтпай, 21 наурызда індет жұқтырған – 300 мың, 24 наурызда 400 мың адам тіркелсе, 27 наурызда бұл көрсеткіш 540 мыңнан асты.
Сонымен қатар пандемияның асқынуына байланысты көп елдерде төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізіліп отыр­ғанын жеткізген ұйым басшысы әлем елдерін карантин талаптарын бұлжытпай орындауға шақырып, адамзат оқшаулану тәсілі арқылы індетті жеңе алатынын жеткізді. Бірақ қатерлі індет сонша көп адамның жанын жалмап, жер шарының әрбір тұрғынына қатер төндіріп жатса да, адамзат бейқамдықтан әлі арыла алмай отыр. Кейбір елдерде халық карантин талаптарын қатаң сақтамай, үкіметтің ескертуіне селқос қарағандығы себепті індеттің ілмегіне ілінгендер күн сайын көбейіп барады, сол себепті кейбір елдер қатаң режимге көшті. Мәселен, Францияда індетпен күресу үшін ел президенті Эмманюэль Макрон «Рух күші» деп аталатын арнайы әскери іс-қимылдың басталғанын жариялады. Ал Германия бір жерде екі адамнан артық топтасуға болмайтыны туралы заң шығарып, тәртіп бұзғандарға 200 еуро көлемінде айыппұл салынса, рұқсат қағазынсыз қарттар үйі немесе госпитальға барған тұрғындар 800 еуро төлем төлейді. Мейрамхана, асхана, фитнес залдар ескертуге қарамастан жұмыс істесе, иелеріне 4-5 мың еуро айыппұл қарастырылған. Ал қоғамдық жиын өткізушілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ресей де 27 наурыздан бастап коронавирус кең тараған елдерден тұрақты және чартерлік халықаралық әуе қатынасын тоқтатты. Бұл елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 840 адамға жетті. Ауру жұқтырғандар елдің 55 өңірінен табылды. Қазіргі уақытта 2 адам қайтыс болып, 38 адам сауығып шықты.
COVID-19 ең алғаш тараған Қытайда қазір жағдай сабасына түсті. Осыдан 2 ай бұрын Ухань қаласында жарияланған карантин де 8 сәуірде алынып тасталмақ. Алайда Қытайда да шетелден вирус жұқтырып келгендер саны көбейіп барады. Осы жағдайға байланысты Қытай билігі шетелдіктердің Қытайға кіруіне шектеулер енгізе бастады. Жапония мен Оңтүстік Кореяда да індет жұқтырғандар азайып келе жатқан еді. Алайда 26 наурызда бір тәулік ішінде Жапонияда 1314 адам коронавирус жұқтырып, 45 адам көз жұмып, елде індеттің қайта өршу мүмкіндігі байқалды. Осыған байланысты ел үкіметі төтенше жағдай жариялау мәселесін қарастырып жатыр. Бастапқыда Иранда да жағдай өте күрделі болғанмен, қазір бұл елде де емделіп шыққандар саны көбейіп келеді. Ал Италия мен Испанияда жағдай әлі күрделі.Италия мен Испанияда өлгендер саны Қытайдан асып кетті

Коронавирусты жұқтырған ең көп ел – АҚШ пен Қытай, адам өлімі ең көп тіркелген ел – Италия. Бұл елде 27 наурызға дейін 81129 адам індет жұқтырып, 8215 адам көз жұмды, бір тәулікте 800-ге жуық адамның қаза табуы төрткүл әлемнің зәресін алды. Жергілікті БАҚ беттеріндегі мәліметтер бойынша, мәйіттің көптігіне байланысты крематорий марқұмдардың денесін қабылдап үлгермей жатқан көрінеді. Крематорийдегі орын тапшылығынан италиялықтар мәйіттерді уақытша шіркеуде ұстау­ға мәжбүр болған. Мадридте мұз сарайы да уақытша мәйітханаға айналған. Індеттің шұғыл өршуіне байланысты Италия билігі ел бойынша карантин жариялап, 60 миллион халық үйден шықпауға мәжбүр болды. Адамдар сыртқа шығу үшін полициядан рұқсат алуға міндетті. Рұқсатсыз көшеге шығатындарға ақшалай айып салынады немесе қамауға алынады. Алайда қауіп күн санап күшейіп, тәртіп қатаңдатылғанмен, мұнда да карантинді бұзып жатқандар аз емес. Осыған байланысты билік тәртіпті елемегендер үшін айыппұл мөлшерін 206 еуродан 3 мың еуроға дейін көтерді.
Испанияда да жағдай мәз емес. Індет жұқтырғандар саны 60 мыңға жуықтаған бұл елде де 4089 адам көз жұмып, өлім-жітім саны Қытайдан асып кеткен (3298 адам) 2 елге айналып отыр. Бұл елде ауруханалардың коронавирус жұқтырғандарға лық толғаны соншалық, азаматтар дәлізде отыруға мәжбүр. Кейбірі тіпті еденде жатыр. Осыған байланысты елде енгізілген төтенше жағдай 12 сәуірге дейін ұзартылды.

АҚШ та індет ошағына айналуы мүмкін

Әлемді дүр сілкіндірген дерт алпауыт ел – медицинасы дамыған АҚШ-ты да айналып өткен жоқ, керісінше, вирустың таралуы қарқын алып барады. Билік қыруар қаржы бөліп, қатаң шараларды қолданғанына қарамастан, ел аумағы бойынша 85653 адам індетке шалдығып, індет жұқтырғандар саны Қытайдан асып кетті. 1300-ге жуық адам опат болды. Жұмыссыз­дар саны да рекордтық деңгейге жетіп, 3,3 миллион адам жұмыссыз қалды.
Жағдайдың ушығуына байланысты АҚШ сенаты ел экономикасын қолдау үшін екі триллион доллар бөлу туралы заң жобасын қабылдады. Сондай-ақ президент Трамп АҚШ-тың әрбір ересек тұрғынына 1200 доллар көлемінде біржолғы көмек көрсететінін жариялады. Мұның бәрі індеттің бетін қайтаруға бағытталған шаралар болғанмен, бұл елде індет әлі де өршуі мүмкін сияқты. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың келесі эпицентрі АҚШ болуы мүмкін деген болжамы – соның айғағы.
АҚШ мамандары COVID-19 індетінің вакцинасын жасап, адам денесіне сынақ жасай бастағанын, АҚШ президенті Трамп бұл індетті ашық түрде «Қытай обасы» (Chinese Virus) деп атап, оның беті шілде, тамыз айларында қайтады деп айтқанын өткен жолғы мақаламызда жазған едік. Бүгінде АҚШ пен Қытай арасындағы бұл дау да үдеп барады. АҚШ сенаторларының арасында індетті бүкіл әлемге таратқаны үшін Қытай билігін жауапқа тарту керек деп жатқандар да бар.

Ауру кісі талғамайды

Індеттің ілмегіне қарапайым халық қана ілініп жатқан жоқ. Атағы алатаудай айтулы адамдардан да індет инфекциясы табылып жатыр. Жақында Ұлыбритания тақ мұрагері ханзада Чарльздың коронавирусты жұқтырғаны анықталса, осыдан бірнеше күн бұрын Испания үкіметі вице-премьері Кармен Кальво, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон COVID-19 вирусын жұқтырғанын мәлімдеді. Монако ханзадасы Альбер ІІ-ден де коронавирус инфекциясы табылды.
Бразилиядан келген делегацияны қабылдаған АҚШ президенті Дональд Трамп та тест тапсырған болатын. Оның тесті теріс нәтиже беріп, ол вирус жұқтырмағаны анықталды. Германия канцлері Ангела Меркельге екпе салған дәрігерден коронавирус расталғаннан кейін канцлер үй карантиніне жіберілген еді. Алайда оның екі сынамасы да теріс нәтиже берді. Малайзия патшасы сарайындағы жеті қызметкер мен жұмысшыдан коронавирус анықталуына байланысты Малайзия королі сұлтан Абдулла Рийятуддин Аль-Мустафа мен ханшайым Азиза Амина Маймуна Искандерия карантинге алынып, коронавирусқа тест тапсырды.
Індетті өнер адамдары мен спорт шеберлері де жұқтырды. Осыдан аз күн бұрын «Манчес­тер Юнайтедтің» бұрынғы ойыншысы Маруан Феллайнидың коронавирус жұқтырғаны мәлім болса, Ресейдің халық әртісі, 78 жастағы баритон дауысты әнші Лев Лещенконың бойынан да кесел белгілері табылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =