ДҮЙСЕНБІДЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

0 118

Ертеңіне елеңдеген ел

Алматы-Душанбе бағыты бойын­ша жолаушыларды тір­кеу бас­талып кетті. Кезегін күт­кен жолау­шылар­дың назары қолында бес литрлік бөтелке көтерген жігітке ауды. Ол жүзі жылы көрінгенге қолындағы ыды­сын ала кетуді өтініп тұр екен. – Ала кетсеңіз, шекарадан өткізіп жі­беремін, ұшақтан өздері қарсы алады, – дейді. Ыдыстағы сұйықтыққа күдікпен қа­ра­­ған­дардың күмә­нін сейілту үшін: «Бұл – шұбат, түйенің сүті. Са­лон­ға алып кіретін адам таппай тұр­­мын» дейді ақталғандай. Шетел­ге бара жатқандар көмектесе ал­май­­ты­­нын біл­діріп, сырт айналды. Жі­гіт­тің ойы орын­далмаған сияқты, соңғы шекаралық бақылаудан өте бе­ре, тағы көзім түсті. Ыдысын жо­­лау­шы­лар­дың біріне ұстатып жібе­­ру­дің сәті түс­пегенін білдім. Шы­­дамай: – Бүкіл Тәжікстанда бес литр сүт беретін түйенің болмағаны ма?! Соншама әуре болдыңыз ғой, – де­дім. – Түйе тәжіктерде қайдан бол­сын. Сыйлас жолдасым өтініп сұра­ған соң, беріп жібере қояйын деп шыққаным еді. Сәлемдеменің «сау­дасы» осымен біткен шығар деп, ұшақ­қа отырдық. Бір сағатқа жетер-жет­песте Душанбеге келіп қондық. Шағын әуежайдың алды қарсы алу­шы­ларға толы екен. Шамамен «Көк­базарда жеміс сататындар-ау» деп топ­шылаған, өзіммен бірге ұшып кел­ген тәжіктерді ағайындары қуа­на қар­сы алып жатты. Шет жерде айлап жүріп «мал тауып» келгендер туыс­тарымен сағына көрісіп жатты. Менің де алдымнан тәжіктің әдемі қызы шықты. Рамзия – «Пайванд» тәжіктер мен әлемдегі парсы тілдес халықтар ассоциациясының атқару комитетінде жұмыс істейді. Қазақша «қайта қосылу, қауышу, бірігу» деген ұғымды білдіретін «Пайванд» әлемдегі тәжіктер мен елінде жасап жатқан этнос орталықтарының да жұ­мы­сын үйлестіреді екен. Парсы тілді халық­тардың да өкілдері осы жерде тоқай­ласатын көрінеді. Олай дейтінім, бірнеше ауған азаматтармен және иран ақынымен кездесуі­­міз осы «Кохи Вахдат» яғни, Ке­лі­сім үйінде өтті.

Тәжік­стан­ның астанасы Душанбе – осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Сары Ассия, Шахмансур және Душанбе деген үш қыстақтың орнына орналасыпты. Ол уақытта әр дүйсенбі сайын базар болады екен. Қаланың аптаның алғашқы күні­мен аталуы содан қалып­ты. 1929 жылдары Иосиф Ста­линнің құрметіне «Сталинабад» ата­лып, 1961 жылы бұ­рынғы атауы қайта­рылған. Душан­бе – кеңес­тер заманының бір­келкі жобасымен салынған ша­ғын қала. Бір көшенің бойында ор­на­лас­қан мәдени-әдеби, ғылым ошақтарының сәулеті де бір жерде, елі­міз­дегі облыс орталықтарын көр­ген­дей әсер қалдырады. Мұнда көк ті­ре­ген зәулім үйлер, ат шапты­рым алаңдар, кең көшелер, ұзын даң­ғыл­дар жоқ. Биік шынар ағаш­тарының кө­леңкесінде мүл­гі­ген ғимараттардың кеңестік бояуы жаңғыра қоймаған екен. Тәжіктердің бас қаласының бас­ты ерекшелігі де осы сияқты. Одақ ыдырағанда, еншісін алған елдердің бірі – Тәжікстан Республикасында 2000 жылғы санақ бойынша 80 пайыз тәжіктер, 15 пайыз өзбектер тұрыпты. Қырғыз-орыстар бір пайыздан да аспайды, одан бөлек оған жетер-жетпестей түркімен, татарлар бар. Тәжіктер өздерін оңтүстік, солтүстік болып, одан қалды гис­сар­лық, кулябтық, ходжендтік, па­мир­лік, бұхарлық тәжік деп те шық­қан жеріне қарай ажыратады. Тілде­рінде де айтарлықтай ерек­ше­ліктер бар. Мұндағы өзбек­тер­дің де өз атауы бар. Өзбек-сарт­тар, өзбек-қоңыраттар, лақай­лар бо­лып келеді. Соңғысы тілі мен сырт­қы келбеті жағынан қазақ­тарға көп ұқсайды. Меніңше, бар­лық ха­лықты бірегей ететін еркек­тері­нің ала тақиясы, сұр шапаны мен әйел­дерінің ұзын көйлегі сияқ­ты. Жас-кәрісіне қарамай, әйел­дердің дені ұлттық көйлегін, оның астынан жиегі өрнектеліп әдіптелген дамбал киеді. Бастарын шарт бай­лаған орамалдарының астын­да қай­­шы ти­меген мойыл қара шаш­та­­рын бұ­рым­­дап өрместен, жайып қояды екен. Жаңа түскен келін­шек­терді тақия­сынан тануға болады. Кейбірінің тақиясының үстін ақ желек көмкеріп тұр. Қыздарының еуро­паша киінуі­не алдымен ата-ана­ла­ры қар­сы көрі­неді. Егер жүріп-тұруға қолайлы болса ұлттық киі­мін киіп жүргеннің несі айып?! Ересек­тер ала тақиясы мен шапанын киіп жүрсе, жастардың бұл дәстүрді сақтай бермейтінін байқа­дық. Мұн­дағы ирандықтардың да өзіндік сән үлгісі бар. Хиджабпен тұмшаланғандары да жетерлік. Бұл – көшеде көргендерім. Елдің даму барысының жайын Тәжікстан Рес-публикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Ғылым, білім беру, мәде­ниет және жастар саясаты коми­тетінің төрайымы Мархобо Джаб­боровадан сұрап білген едік. – Жұмыс­пен қамту, еңбек миграциясы, демография, білім беру, жастар мәселесі – ел саясатының басты бағыты, әрі ең күрделі мәселе болып отыр. Үкіметіміз бірқатар бағдарламалар жасап, заңнамамен негіздеп жатқанымен, атқарар істің ауқымы жетерлік. Бірнеше жылға созылған азамат соғысы елдің дамуын тоқыратып тастады. Жұмысқа жарамды азаматтарымыз, күнкөріс іздеп, шет елдерге лап қойды. Білім беру саласында да олқылықтар орын алуда. Жастар дінге бас қойды. Жұма күні барлық оқу орындарында жастарды байлап тұра алмайтын халге жеттік. Дәрісханаларды тастап, мешітке кетеді. Ол үшін бәрін оқудан шығару мүмкін емес. Уа­қыт­ша қиын­дықтарды түрлі діни ағымдар да өз пайдасына шешуге асығып жатқаны жасырын емес. Сол себепті 17 жасқа жетіп, оң-солын таны­ғаннан кейін ға­на дін жолын таңдауын заңмен күш­теп негіз­дедік. Бұл көп адам­дар­ға ұнаған жоқ, бірақ жастардың дін соңынан көзсіз кетуінің алдын алу­ға жасаған батыл қадам болды. Алды Ресейде, соңы көрші бауырлас елдерде қандастарымыздың жақсы қыз­метте емес, базарда жеміс сатып, көше сыпырып, жүк тасып жүргені біздің де жанымызға батады. Жас-тарды оқытып, сапалы білім беріп, жақ­сы жұ­мыстарға қол жеткізгенін қа­лаймыз. Әзірге ол мүмкін болмай тұр. Еңбек мигранттарының тапқан ақшасын да дұрыс жаратуды мойнымызға алдық. Артық ақша тапқандар көршілерінің сөзіне қалмас үшін, тапқан-таянғанын бір тойға салып, артынша қаражатсыз қалып жатқандары болды. Сол себепті заңнама бекітіп, одан қалды елдің ақсақалдарына айтқызып, ысыраптың алдын алуға тырыстық. Азаматтарымыздың маңдай терімен келген ақша отбасының игілігіне жұм­салуын насихаттадық. Оны да заң­мен реттедік, – деді халық қалау­лысы Мархобо Джабборова.

СОҢҒЫ ТҮЙЕНІҢ АУЫР ЖҮГІ

Алдын ала жоспарланғандай, екі-үш күн Душанбеде болып, қаланың оңтүстігінен 100 шақырымда жатқан Вахш жазығындағы Қорғантөбеге бет алдық. Дерек бойынша, жиырмасыншы ғасырдың басында бұл аймақта 20 мыңнан астам қазақ отбасы тұрыпты. Ал жиырмасыншы жылдардың соңында басталған қуғын-сүргін дауылынан ыққан, мал-жанымен бірге көшкен қазақты кім санапты?! Көптің мекені болғанын қазіргі қыстақтардың шетіндегі қазақ қорымдарынан білуге болады. Сол қорымдарда жер­гі­лік­ті халық­тың үрдісінде жоқ «төртқұлақтар» мен мұндалайды. Бұл күнде қазақтан екі мыңдай ғана қалыпты. «Есің барда еліңді тап» дейтін қазақ, қысылтаяң кезең өтісімен алпысыншы жылдардан бастап тарихи отанына оралып, одан қалғаны 1992-1997 жылдары Азамат соғысы кезінде елге бет бұрған екен.

Осыдан бір ғасыр бұрын қилы заманда ауа көшкен қазақтардың ізімен жүріп өтіп, екі елдің ортасында үзіліп қалған қарым-қатынас жібін қайта сабақтауға тырыстық. Тарихтан белгілі, Кеңес өкіметі орнамай тұрғанда бұл өңір Бұхар әмірлерінің тұрағы болған. 1924 жылы Өзбек ССР-нің құрамында автономиялық республика, 1929 жы­лы жеке республика болып Одақ­қа өтеді. Тұрғылықты тәжіктер Па­мир тауында қалып, жаңа респуб­ликаға Самарқанд пен Бұха­радан тәжіктерді алып келіп қоныстан­дырады. Ал, қазақтардың көбі кездейсоқ аялдаған. Себебі, кеңес өкіметінің құрығынан қашқан қазақ­тардың дені Ауғанстан аспақ болады. Бұл жерге де кеңестің билігі жетіп, шекара жабылғанда қалың қазақ Қорғантөбеде тосылады. Елге баратын жол жоқ, бабаларымыз қамысты жерді құрғатып, малының күшін де, маңдайының терін де аямастан Қорғантөбені елдімекенге айналдырады.

Қазақстаннан келген хабарымызды естіп, Гарауити деген жерде тұрып жатқан Хожамқұл Нұрматов іздеп келді. Бір атадан тараған елу­ге тарта отбасының беткеұстар ақсақа­лы «Елден жақсы хабар болса, жетіп қалғымыз келеді» деген тілегін ай­тып, әңгімесін әріден бастады.
«Менің әкелерім сонау отызын­шы жылдары мыңғырған малымен Өзбекстанға көшкен екен. Оты­рықшы елде мал бағып қарық болмасын білген соң, Ауғанстан аспақ болып Тәжікстанға келеді. Мұнда келгенде чекистер әкем бар, тағы да басқа түйелі байлардың мыңғыраған малын «Тәжіктрансқа» өткізіп, өздерін түйекеш етіп қоя берген екен. Одан жаман болған жоқ, ол бас­тың амандығын олжа көрген кезең еді ғой. Осы түйенің күшімен қала тұр­ғызылды, жол салынды. Тә­жік­станның даласы мен тауының орта­сында қатынаған жалғыз көлік қазақ­тың түйелері болатын. Есігінің алдында кем дегенде екі түйесі жоқ қазақ «қазақ» емес еді. Малдың жайын біліп, жағдайын жасаған қасиетімізбен «қазақ» атанып, туған жерден шалғайда дүниеге келіп, қартайсақ та іргелі елдің баласы екенімізді біліп жүрдік. Осыншама жыл өмір сүргенде жерден жеміс теріп жеген тәжіктің де кәсібін үйрендік. Бау-бақша егіп те күнелттік. Бірақ, қазақ үшін қора­сындағы малдың орны бөлек қой.

«Тәжіктранстың» бар ауыртпа­лығын көтерген сансыз түйеден қаз­ір қорамда жалғыз інген қалды. Бу­ра­сы алдындағы жылы өліп қал­ды. Бүкіл ауылдың берекесі бо­лып тұрған түйемді пышаққа қи­май отырған жайым тағы бар. Әкем өлерінде «малдан айырылма, қандай қиыншылық болса да ма­лың болса, аштан өліп, көштен қалмас­сың» деп еді. Одан бөлек, немере-шөберемнің «қазақ» екендігінің белгісіндей көретін, әрі ұзап айтсақ, отызыншы жылдары ауып келген қазақтардың көзіндей болған түйеден тірідей айырылармын ба?!»

Ақсақалдың сөзіне қарағанда, бұл інген қазақтың ата-бабасының ар­ман-үмітін арқалап, алысқа жет­­кізген, талайды тура келген ажал құры­ғынан құтқарған түйе­лердің соңғы көзі екен. Бұл түйені та­рих­тың өткені мен бүгінін жал­ғас­тырып тұрған жәдігердей қабыл­дадым. Кім біледі, жалғыз түйе жат жер­де боздамай, еліне оралып, өз жерінде көбейсе, ол да ырым­ға жақсы. Тіпті, елден бура әке­ліп, не қолдан ұрықтандырып, тәжік жерін­дегі түйенің саны өссе, оған да қуа­нар едім. Мұндай қадам сон­дағы ағайын­­ның рухын көтеріп, абы­­ройын асқақ­татар еді. Мәселе жал­­ғыз түйеде емес, адамның адамға қам­қор­лығы мен тарихқа көзқара­сында емес пе?!

Жалғыз інгеннің жайы бізге де батты. Білгеніміз, қаншама түйе таудың қия асуларында құлап өліпті. Жол то­ры­­ған қарақ­шылар да қазақтың ма­лы­ мен жа­ны­на құмар болған екен. Осын­дай тар жолдан өтіп, ел­ді байытып, жерді гүлдендірген нар­дың күші екендігі, тәжіктің та­рихында қазақ­тың ойып алған ор­ны мен бауыр­лас ха­лық­тың ортақ тарихы соңғы түйе­мен бірге кетіп, ұмытылмаса қайтсін?!.

Қорғантөбедегі «Қазақон мазар»

Жалпы, тәжік халқы қазақ бауырларына ерекше құрметпен қараған. Оның бір себебі, отырықшы қара­пайым шаруа халықтың арасына келген қазақтың ірі байлары мен көзі ашық, діни ілімді ишан-қожа­ла­ры­ның беделі болса керек. Күні бүгінге дейін әулие деп, қасиетті жай деп, қарапайым халықтың зиярат ететін орындары қазақ атымен бай­ла­нысты екен. «Қазақон мазар» деген қорым Вахш ауданында өте көп. Оның бер жағында, Даңғара ау­да­нында Иманид Дилбар деген тәжік азаматының қараусыз қалған қазақ­тың ескі қорымын қоршап, ас бер­гені туралы естідік. Басы артық малы, тасып жатқан байлығы жоқ азаматтың әрекетіне риза болдық. 1992 жылдардағы азамат соғысының басты шайқастары осы өңірде өтіпті. Қала қай жақтың қолына өтсе де, аз қазақтың үйіне күзет қойып, аз ғана отбасын соғыс өртінен сақтапты. Өз бауырын оққа қиған тәжіктердің бір қазақты ажалға бермегені таң қал­дырады.

Ал, кеңес үкіметі жандайшаптары­ның мұндай биік адами қасиеттен жұр­дай болғанын мына оқиға дәлел­дейді. Қызылдар қырғыны өткен жер қасиетті орынға айналыпты. 1924 жылы қызылдар «басмашыларға кө­мек­тестіңдер» деген желеумен, ты­ныш отыр­ған ауыл­дың ақсақалын атып тастайды. Намысқа булыққан сол ауылдың 25 мерген жігіті қызыл­дардан қорғанып, атысады. Екі күн­гі ұрыста жүзге тарта солдат қы­ры­лады. Қызылдар қосымша отряд ал­ды­рып, бүкіл ауылды жермен-жек­­сен етіп қы­рып тас­тайды. Бұл оқиға Хатлон облысы Даңғара ауда­ны­ның Саңлақ деген таулы же­рінде өтіпті. Сол арада айналасы 30-40 метрдей жер иесіз жатыр. Бұл маңнан жергілікті халық түн тұр­мақ, күндіз қорқып өтеді екен. Сонда өскен жалғыз ағашты «Әулие дарақ» атапты. Ағаштың қураған бұ­тақ­тарын алуға да ешкімнің батылы жетпейді. Оны алған адамның басы­на жамандық үйіріліп, үйі отқа ора­нып, бақытсыздыққа ұшырайды. Ал білген жұрттан естігеніміз, мерген­дер Түркіменстаннан келген адайлар екен.

Қазақтың ишан-қожаларының да белгісі осында қалыпты. Қорған­тө­бе­ден аса қашық емес жерде Ба­­­тыр­абад деген елді мекеннің қо­ры­мында «Қазақ әулиенің» зираты бар. Мұн­да Аққожа ишанның неме­ресі Әл­мұ­хаммед қажы Мамыр­айым­шайх­ұлы жерленген. 29 жасында қажы­лыққа барған қасиетті әулеттің ұрпағы, отызыншы жылдары қожа-молдаларды қуған кезде елден асып кеткен екен. Аңыздың айтуынша, Қажы үрім-бұтағымен Ауғанстан асып бара жатып, намазын қаза ет­пей, бір тө­беде кідіреді. Көшті озды­рып жі­беріп, Аср намазын оқып болып, көшті қуып жетеді. Ар­тына қарап алаңдаған баласына «Мен өл­генде намаз оқыған төбеге қойың­дар» дейді. «Ауған асып бара жатып, ненің төбесі?» деп баласы мән бер­мейді. Шекараға жете бере, көш алда­рынан тосып тұрған қызылдарға ұры­нады. Қызылдар бұларды кәрі-жасына қарамай байлап-матап, бар малын тартып алып, Қорғантөбеге алып келеді. Содан көп ұзамай Әл­мұ­хаммед қажы дүниеден өтеді. Қария­лар жи­налып, баласынан «не өсиет етті?» деп сұрайды. Қым-қуыт­та қарттың сөзін ұмытқан бала­сы үндемейді. Сонда қариялар «әкең­нің аяғына жат, бір белгісін берер» дейді. Бала­сының көзі ілініп кеткен екен, бір төбенің басында екі ақбоз үй тігі­ліпті дейді. Біріне әкесі, біріне анасы кіріп барады екен. Ұйқысынан оянған баласы атты ерттеп мініп, ай жарығымен төбеге келіп орнын белгілеп, әкесін жерлейді. Жергілікті халық «Қазақ әулие» деп атап, ба­сы­на зиярат ететін жайға айнал­ды­рыпты. Халықтың ықыласы бекерге аумайды ғой. Туған жерден топырақ бұйырмаған бабамыз деп біз де құран оқып, дұға бағыштадық.

Осы төбеге қатысты жақында мынадай оқиға болыпты. Ауғанстан асып үлгерген бір қазақтың шөбе­ресі, Қорғантөбеде тұратын молдамен кездесіп, сәлем айтып жіберіпті. Оның сөзіне қарағанда әкелері қуғыншылардан қашып келе жатып өздері әбден қалжырап, аттары да шаршап осы төбеге тоқтайды. Ауыр жүкпен шекараға жете алмасын біліп, бар алтын-күмісін зорығып өлген аттың қарнына тығып, қорымға кө­міп қалдырады. Артық жүгі жоқ бос­қындар шекара асып үлгереді. Артынша екі ел арасындағы қатынас қиындап кетеді. Қазынаның нақты орнын білетін қарттар дүниеден өтеді. Құпия қазына көкейінен кетпеген соң, «қолынан келген адам сол қазынаны қазып алып, игілігіне жарат­сын» деп рұқсат етсе керек. Көл­де­неңнен қосылғандардың жолы болмапты. Сөйтіп, алтынның буына желіккен жұртқа жергілікті үкімет ол жерді қазуға тыйым салыпты. Жалпы, Ауғанстан шекарасы Қор­ғантөбеден қол созым жерде. Аласапыран жылдары екі ортада қал­ған қазына туралы көп естідім. Қа­ра жерден басқа сенетін амалы қал­маған соң, қу басын сауғалап, ал­ты­­нын аманаттап, жердің қойнына тап­сырған болар. Туған жерден зор­лықпен ауған қазақтың көз жасына малынған қазынаның шын иесі қара жер шығар…

Адамның адамға жасаған қамқор­лығы жайында мына әңгіме әлі ел­дің аузында жүр. Қызылорда облы­сы Жаңақорған ауданында өмір сүрген, елдің қадірлі ағасы Мах­мұд ишанға да сол жылдары Қор­ған­төбеден дәм бұйыр­ған екен. Асқан ілімді кісі еке­нін мойын­дап, пір тұт­қан өзбек-тә­­жіктің арасында Ешмұ­ратов деген өзбек Ишанды қамқорлап жүреді. Бірде Ешмұратов жүрген мақталық­қа қызылдар келіп, Махмұдты тауып бер деп әурелейді. Ешмұратов алдымен үкіметтің мақтасын суарып алуға рұқсат сұрайды. Суарып жүріп білдірмей, аяғымен арықтың арнасын бұрып жібереді. Соны сылтауратып көмекшісін сабай бастайды. Оған айқайлап-ұрсысып жатқан бо­лып, «ишанға жет, жылдам басқа жерге барып жасырынсын» деп айтып үлгереді. Қашып кеткен көмек­шісін сөгіп, қызылдардың асықтыр­ғанына қарамай, мақталықта жүріп алады. Біраз уақыт өтті дегенде қы­зыл­дарды ертіп, ауылына келеді. Әл­гі­лер бас салып іздесе, ешкім жоқ. Қы­зыл­дардан ыққан Ешмұратов Ишан­ды тауға жасырады. Тек Сталин өлгенде ғана елмен ашық араласады. Іліміне сусындап, уағызына ұйыған өзбек-тәжік тамсанып, «Эшо­нымыз керемет адам, бір айыбы әйелі – қазақ» деген екен. Махмұд ишан 64 жылы қиын күндерде қам­қор болған Ешмұратовқа алғы­сын айтып, еліне қайтады. Ишан­ның батасымен көгерген Ешмұра­товтың үрім-бұтағы көбейіп, жақ­сы­лыққа кенеліпті. Махмұт ишан­ның ұрпақ­тары қазіргі күнде Жаңақорғанда тұрады.

Тәжікстан сапарына себеп болған тағы бір атақты бабаларымыздың өткен тарихы еді. «Халық жауы» атанған әжемнің ағаларының дерегін біліп, әкесі – Бабай ишан Жүніс­ұлы­ның мәңгілік мекені болған жерді көрмек ниетіміз болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Тәжік­стан Республикасы Ұлттық Қауіп­сіздік Мемлекеттік Комите­тінен мынадай хат алған едік. Онда №С03305 мұрағаттық істе­гі деректер бойынша: Қызыл­орда тумасы Бабаев Әбдали –06.12.1937 жылы ТәжікССР ХІІК Мем­лекеттік қауіпсіздік басқарма «Үш­тігінің» («Тройка» УГБ НКВД ТаджССР) қаулысымен 8 жылға бас бостандығынан айырылып, сотталған. Ал №П-4263 мұрағат­тық қылмыстық істегі деректер бойынша: Бабаев Қалымбет, 11.09.1937 жылы Тәжік ССР ХІІК МҚБ «Үштігінің» қаулысымен Тә­жікССР ҚК-нің 62 және 58-баптары бойынша ату жазасына кесіліп, үкім 15.09.1937 жылы орындалған деген хат алған едік.
Сырдың жерінде имандылықтың қаймағын бұзбай сақтаған ишан-қожалардың халық арасындағы беде­лі болған. Оны жазықсыз жапа шек­кен зиялы азамат Әбіш Мейірмәнов­тың Сібірден жолдаған мынадай ха­ты­нан білуге болады.

«Сахаба отыз үш мың, төрт шадиар,
Ғаламның раушаны Расулалла,
Атамның пірі едің Тапал ақұн,
Нұраддин, Зиавид мақсұм, екі Шахзад,
Пірлерім Әміртемір, Бабай, Паттал,
Әбдуәли, Әлиакбар, Әбиболла,
Іскендір, Әбілхайыр, Әшен, Пазыл,
Қорғайтын келді кезің осындайда
Тұқымы Әлилердің қатар өскен,
Қалымбет, Әли, Уәйіс бұл заманда
Сіздерді жадыма алып зарланамын
Қол берер келді кезің қысылғанда,
Жарылқар келді кезің, машайықтар,..» қатарлас замандастарының атын атап, рухани сүйеніш сұраған. Бұлар­­дың ұрпақтарының көбі Сыр елін­де жасап жатыр. Бабалар дінін де, бар берекесін өздерімен бірге жат жер­ге алып кеткендей. Бүгінгі ұр­пақ­­тың бойы­нан, ірілік, тектілік түгіл, иман­­дылық ны­шанын табу да қиынға со­ғады. Мен қазыл­май қал­ған алтын-кү­міс­ке емес, рухани қазы­на­мыздың бірі ишан­дықтың сана­мыз­дан алыс­­тап қал­­ғанына налыдым.

Бар байлығын Қорғантөбенің әр төбесінде қалдырып, өткен ғасырдың басына дейін жеткен өмір салтын да осы жерде көміп, Тәжіктердің Қорғантөбесінде аяқталған ұзақ жолмен, қасиетті бабалардың рухы риза болсын деп жүріп өттік. Бабалармыз үшін бұл азапты сапар болса, тарихтың жоғалып қалған бет­терін тауып алғандай мен үшін ол­жалы сапар болды. Тағдыры елі­міз­дің та­ри­хымен ұштасып өткен баба­лары­мызға құрмет, тарихқа тағзым емес пе?!

Айгүл УАЙСОВА
Астана-Душанбе-Қорғантөбе-Астана

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − nine =