ДҮЙIМ ҚАЗАҚ ПАРИЖДІ ТАМСАНДЫРДЫ

0 143

Өткен жексенбіде Астананың Париждегі күндері мәресіне жетті. Бұл, шын мәнінде, екі ел, қос астана арасын етене жақындастырған, мәдени һәм рухани тіршілік-тынысына тың серпін бітіріп, айшықты із қалдырған уақиғаға айналғаны сөзсіз. Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов айтқандай, Париж төрінде біздің мәдениетіміз, рухани қайнарларымыз бен салт-дәстүрлеріміз тұңғыш рет кең ауқымда әрі барша сән-салтанатымен көрсетілді, осының өзі-ақ екі жақты қарым-қатынастар тарихындағы алтын парақ, жарқын беттерінің бірі болып қалары кәміл.

Көне Париждің қақ ортасында, атақты Луврдың дәл алдында орналасқан «Қазақ ауылы» экспозициясының тап осы күндері даңқы көше аралап кетті. Ынтызар жұртшылық – қисапсыз париждіктер мен әлемнің әр түпкірінен жиылған туристер ауыл шетіне аяқ басқаннан ауыздарын ашып, көздерін жұмумен болды. Пале Рояль алаңына жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлер, толқындай тербетіп, көңілді көкке шапшытқан алтыбақан, тұрмыстық мүкәмалдар мен қолөнер бұйымдары артылған арбалар, көрерменнің көз алдында сірге шекіп, бұрау салған зергерлер, масатыдай құлпырған кілем-текеметтер, қазақтың меймандос пейілінің айғағындай аста-төк ұлттық тағам түрлері, аңқылдаған ән мен былқылдаған билер, беліне шоқпар байлап, қолына жалаң қылыш ұстаған еңселі жігіттер, қыр гүліндей үлбіреп, қырмызыдай жайқала ұлттық киім киген арулар, міне, осы көріністердің бәрі париж жұртшылығын тым шалғай түкпірдегі жұмбақ та сырбаз көшпелілер еліне алып барғандай ғаламат әсерге бөледі.

Әсіресе, көрермендер біздің атан жілік, алып тұрық батырларымыздың қасына байланып қалды. Қаумаласа кезекке тұрып, қолтықтаса суретке түсіп жатты. Еңсегей бойлы ер жігіттерден ескерткіш қалдыруға көбелектей ұшып-қонған қыз-қырқыны, байсал тартқан сарықарын бәйбішелері тұрмақ, маңғаз мінез, қату жүзді еркектер де «кет әрі» болған жоқ, тіпті, олар да төбесімен көк тіреген кермеиық алыптардың қасына таяғанда өздерін құйттай баладай сезініп, еріксіз жымың қағады.

Алаңға аяқ басқандардың көпшілігі киіз үйге кіріп көруге, алабұрта асығып, ішіне көз салуға ынтықты. Ал, табалдырықтан  аттағандары көз­дің жауын аларлықтай  басқұр, шымши, кебеже, асадал сияқты  дүние-мүліктердің әсем өрнек, зер-ажар бояуларын көріп, таңдай қағысты.

Осынау киіз үйлердің біріне қарапайым құралдары мен қолдан шыққан бұйымдарын өңгерген қос шебер – Айнагүл Баяжанова мен Қайрош Сахаба жайғасқан еді. Олар епсекті де шапшаң қимылдап, сан алуан түспен түрленген кілем мен алаша тоқып, көрермендерді одан сайын айран-асыр қалдырды.

Айнагүлдің айтуынша, кілем тоқуды анасынан үйренген. Енді ғасырлар қойнауынан келе жатқан өнер туындысын өзі жасап шығарады. Солардың бірі – кереге басында ілулі тұрған таңғажайып өрнек сырған киіз қоржын екен.

Қайрош сандық үстіне текшелей жиналған көрпе-көпшігін жайып салды. Бәрін өзі тігіпті. Ісмер келіншек киіз үйге керекті жабдықтың бәрін, сүйегінен басқасын қолынан өткерулі.

Этноауылдың сәні мен салтанатын Астана қаласы филармониясының ұжымы асқақтата түскендей. Халықтық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов париждіктер қазақ халқының музыкасына, мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына аса ықыласты екенін айтады. Өзі басқарған оркестрмен қатар «Шалқыма» би ұжымының,  белгілі әншілер Азамат Жылтыркөзов, Айгүл Қосанова, Данияр Мұқан сынды белгілі әншілердің де ортақ іске өлшеусіз үлес қосқандарын, өздерінің Парижге ұлттық өнерімізді танытуға атсалысқандарын мақтан тұтатындықтарын атап өтті.

Экспозиция жұмысына волонтерлер – қазақстандық студенттер, сондай-ақ, Францияда тұратын қазақтар көп көмек көрсеткен. Мәселен, Жазира Есбергенова Версальдан арнайы келіпті, ол сонда тұрып, аса маңызды саналатын биология және молекулярлы биохимия саласында жұмыс істейді екен. Ол Қазақстан мен Францияның ұқсас тұстары көп екенін, әсіресе, меймандостық,  тағаттылық жағынан бір-бірінен аумайтынын айтады. Атақты Сорбоннада халықаралық құқықты оқып жатқан Айдана Исаева да Париждің қақ ортасында өтіп жатқан осындай ауқымды уақиғаға атсалысқанын бақыт санайды.

Өз әсерлерін айтуларын өтінгенімізде, этноауыл қонақтарының ой-пікірлері бір жерден шықты, тіпті, олардың көтеріңкі көңіл, шадыман күлкілерінен-ақ көп нәрсе айтпай аңғаруға болатындай. Қала тұрғыны Сильви Лостан «осы шара туралы Париждің Бірінші округінің мэриясынан естіп келгеніме еш өкінбеймін» дейді. Бірлі-жарым телерепортаж көргені болмаса, бұған дейін Қазақстан жөнінде ештеңе білмепті. Этноауылда ол тұңғыш рет қазақ мәдениетімен танысып, орасан зор әсерге бөленіпті. Бәрінен бұрын, Сильвиге біздің әуендеріміз ұнаған екен.

Франциядағы Словения елшілігінің Маша атты қызметкері көптеген қызықты көріністердің көзайымы болулы. Оның, әсіресе, осындағы меймандостық ахуалына көңілі ауыпты.

Құрметті қонақтар арасында даңқты дворяндар әулетінің өкілі – Петр Шереметьев болды. Ол да экспозицияға жоғары баға беріп, өзі бірнеше рет болған Қазақстанға ықыласы ерекше екенін білдірді.

Париждегі Астана қаласы күндері аясында біздің делегация мүшелері француз астанасы мэриясы мен муниципалдық идаралар өкілдерімен ресми кездесулер өткізді.

Қалалық мэрия ғимаратында Астана әкімінің орынбасары Аида Балаева Париж мэрінің дипломатиялық кеңесшісі Аурелиен Лешевальемен кездесіп, екі астананың ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе, қазақ этноауылының сәтті ұйымдастырылғаны, бұл, сөзсіз, Астана мен Париждің өзара қарым-қатынасын одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. А.Балаева Астана күндерін ұйымдастыруға көрсетілген көмек үшін алғыс айтып, екі тарапты қарым-қатынасты өрістетудің өзектілігіне тоқталды. Ырысты ынтымақтастықтың мысалы денсаулық сақтау саласында Густав Росси атындағы француз клиникасымен табысты атқарылып келе жатқан онкоауруларды емдеу жөніндегі бірлескен жоба болып табылады. Астана қаласы әкімінің орынбасары, экономика, инвестиция, мәдениет, денсаулық сақтау және басқа да салаларда Парижбен ынтымақтасуға құшағын айқара ашқан қазақ елордасының орасан мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы әңгімеледі. Аурелиен Лешевалье Парижде тұңғыш рет өткізілген қызықты да тартымды шараны ұйымдастыруға көмектесу үлкен абырой екенін, ол көптеген париждіктер мен қала меймандарының көңілін баурап, ықыласын аударғанын атап өтті. Сондай-ақ, бірлесе ынтымақтастық орнатуға дайындықтарын мәлімдеді.

Париждің Бірінші округінің мэриясында оның басшысы Жан Франсуа Легарэмен кездесу өтті. Оның айтуынша, бұл шіркеу үшін салынған ғимаратқа жайғасқан әлемдегі бірден-бір мэрия екен.

Аида Балаева Астананың алуан түрлі салада – білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да бағыттарды қоса алғанда, француз астанасымен ынтымақтастық орнатуға мүдделілігін айтты. Әсіресе, медицина саласында педиатрияны, травматологияны, ревматологияны, гематологияны дамыту ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Өзінің жастығына қарамастан, Астана «ақылды» қала әрі туристік орталық ретінде дамуға талпынуда. Халықаралық ауқымдағы аса маңызды жобалардың бірі – 2017 жылы елордада «ЭКСПО» көрмесін әзірлеп, өткізу ісі. Әкім орынбасары оған француз тарабы да белсене қатысатындарына сенім білдірді. Өйткені, нақ осында дүние жүзілік көрмені Қазақстанда өткізуге дауыс беріліп, шешім қабылданғаны белгілі. Ол округ мэрін ынтымақтастыққа шақырып, олардың барлық ұсыныс-тілектері мұқият қаралатынын атап өтті.

Жан Франсуа Легарэ өз кезегінде Қазақстанның экономикасы қарыштай өсіп келе жатқанын ілтипатпен атап өте келіп, Астананың тез бой көтеріп, заманауи әдіппен айшықталғанына ризашылығын айтты. Сондай-ақ, ол осы ынтымақтастықты өрістету қамымен Парижде немесе Астанада тағы жүздесуге мүдделі екендіктерін білдірді.

Астана делегациясы мүшелерінің қатысуымен Парижде тағы да бірнеше кездесу өтті. Атап айтқанда,  білім беру және жастар ісі жөніндегі басқармалар басшылары Эльмира  Суханбердиева мен Талғат Рахманберді Францияның білім беру саласында жұмыс істейтін әлемге танымал «Кампус франс» компаниясының өкілдерімен жүздесіп, жоғары, орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Келесі кездесуді алдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында өткізуге уағдаласты.

Астананың Париждегі күндері өткен жексенбіде аты аңызға айналған «Бастилия операсы» театрында салтанатты концертпен аяқталды. «Астана опера» мемлекеттік театрының жас та дарынды ұжымы Франция астанасына гастрольдік сапар аясында арнаулы бағдарламамен барған еді. Оған атақ-даңқы әлемге мәшһүр музыканттар Денис Мацуев (фортепиано), Ержан Құлыбаев (скрипка), дирижер Алан Бөрібаев, әншілер Ильдар Абдразақов, Альберто Газале және т.б. қатысты…

Джузеппе Вердидің өшпес туындысы – «Атилла» операсы париждік көрермендерге тамаша тарту болды. Олар әншілерге үсті-үстіне қол соғып, кәсіби деңгейлерінің биіктігін лайықты бағалай білді. Басты рөлді орындаушы Ильдар Абдразақовты «әлемнің маңдайалды басы» деп бекерге атамайды екен, ал енді Одабелла партия­сын орындаған Жұпар Ғабдуллина Мария театрындағы жетістігін сәтімен қайталап, талғампаз француз жұртшылығының жүректеріне жол тауып, талантына табындырды.

Концертке халық нөпір жиналды. Зал дүрілдете қол шапалақтау мен «браво» деген айғайға тұнып, теңселіп тұрды. Көрермендер арасында танымал тұлғалар – музыкашылар, театр сыншылары, дипломаттар мен ғалымдар көп болғанын, тіпті, француздық әрі әлемдік сән қалыбының негізін салушылардың бірі – атақты Пьер Карденнің де отырғанын айтуымыз керек. Журналистерге берген сұхбатында ол сапасы жоғары музыка тыңдап, сезіміне серпін, көңіліне қанат біткендей бір жасап қалғанын жапсарлады.

Көрермендер орындарынан тік тұрып, әртістердің жоғары кәсіби шеберліктері мен дара озар дарындарына құрмет-пейілдерін ірікпей, ұзақ шапалақтады.

Сонымен Астананың Париждегі күндері тәмамдалды, осы мезетте қос Астана арасындағы жол жағырапиялық емес, рухани тұрғыдан қысқара түсіп, жүректерде жарқын ізі қалды…

Нұрғали ӘБІЛДАЕВ,

арнайы «Астана ақшамы» үшін, Парижден

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + two =