Дүбірлі доданың дүлдүлдері

0 80

2012 жылдың ең айтулы оқиғасы – Лондонда өткен олимпиада ойындары десек, қате болмас. Бұл тек біз үшін ғана емес, барша әлем үшін айтулы шара болды. Бұл додада Қазақ елі айдай әлемге ел айбарын танытты. Спортшыларымыздың жеңісі, елге қуаныш сыйлап, халықты рухтандырды.

Баршамызға белгілісі – кез кел­ген елдің туы бөгде елде екі жағдайда ғана көтеріледі. Біріншісі, ел басқарған тұлғаның белгілі бір елге ресми немесе достық сапары кезінде. Екіншісі, біз айтып отырған спорттық жарыстардағы жеңіс кезінде. Біздің байрақ Темза өзінің жағасында 13 мәрте көтерілді! 13 рет! Әнұранымыз 7 рет шырқалып, «Біздің ел осындай» деп көрсетті.

Бұл – спортшыларымыздың жылдар бойғы төккен терімен кел­ген еңбегінің жемісі. Сайып­қырандарымыз атын шығарған елдің жеңісі.
Командалық есепте Қазақстан 12-орын алып, Украина, Голландия, Куба, Чехия, Испания, Бразилия сияқты елдердің алдына түсті. Ресейден соң ТМД елдері арасынан екінші орынды алып, Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші сатыдан көрінді. Жалпы, бұл жеңіс бізге қалай келді? Кімдер әкелді? Осы сұрақтардың жауабын шолып көрейік…

Қоржынымызға жеті алтын, бір күміс, бес қола түсіп қазақты рухтандырды.

Алғашқы алтынды велошабандоз Александр Винокуров әкелді. Ол олимпиаданың екінші жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, бұл дода ауыр атлеттер үшін табысты болды. Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Нидің жетекшілігімен барған атлеттер жарады.
Зілтеміршілер төрт бірдей алтын әкеліп, абыройды асқақтатты. Әйгілі атлет – Илья Ильин Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін әлем чемпионаттарында алтын мен күміске қанағат тұтып келген атлет қыздарымыз да Қазақстан атын шығарды.

Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова алтын алды. Тіпті, Зүлфия 2011 жылы өзі орнатқан әлем рекордын қайта жаңартты.

Зілтеміршілердің жеңісінен кейін мамандар елімізде ауыр атлетика қарқынды дамып келе жатқанын мақтанышпен айтты. Себебі, бүгінде қазақстандық атлеттер Қытаймен тең дәрежедегі жүлде алып, Ресей, Иран, Украина сынды елдердің ауыр атлеттерін артқа тастады.
Қоржынға тағы бір алтын әкелген спортшымыз – Ольга Рыпакова. Жеңіл атлетик 14,99 метрге секіріп, мойнына олимпиада медалін тақты.
​​Бар қазақ күткен ең шешуші ойын жарыстың ең соңғы күні болды. Еліміз үкілеген үздік боксшымыз Серік Сәпиев британиялық боксшы Фредди Эванспен қолғап түйістіріп, жеңіс тұғырынан көрінді. Олимпиаданың үздік боксшысы болып танылып, Баркер кубогын иеленді. Сәпиевтан бөлек, 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов – күміс, ал 91 келі Иван Дычко қола медаль алды. Айта кетерлігі, қыздар арасындағы бокстан жерлесіміз Марина Вольнова да олжамен оралды. Қола медальдің иесі Марина қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты құрылымда жұмыс істейді. Үлкен сынақтан сүрінбей өткен боксшыларымыз енді 2013 жылы Алматыда өтетін әлім чемпионатына дайындалуға кірісті.

Тұманды Альбионға аттандырған спортшыларымыздың ішінде ең көп сенім балуандарға артылып еді. Балуандардың ішінде Ақжүрек Таңатаров – еркін күрестен, Даниал Гаджиев және Гүзел Манюрова қола алып қайтты.

Лондонда жалауымызды жел­бірет­кен спортшыларымыз халық­тың сүйікті ұл-қыздарына айналды. Бүгінде әлеумет оларды алқалап, есімдерін мақтанышпен айтады. Оларды мақтамайды, олармен мақтанатын болды. Халық жарыстан кейін елге оралған олим­пиадашылардың табанын жерге тигізбей, құрмет пен қошемет көрсетіп жатыр. Ақындарымыз жыр арнап, олардың ерлігін асқақтатып жатыр. Олай болуы да – заңды.

Айнұр САНАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 10 =