Дүбірі жер жарған АҚШ-тағы сайлау

0 27

БӘЙГЕДЕН КІМ КЕЛЕДІ?

Сайлауға санаулы күндер қалса да, мамандар әлі де әлеуметтік сауалнама жүргізіп, саяси сайыстың нәтижесін күні бұрын болжап-білуге асық. Олардың дерегінше, қазір АҚШ-тағы ең ірі 10 штаттың тоғызында Байден алда келеді. 1 қараша күнгі мәліметке сүйенсек, қазірге Джо Байден Дональд Трамптан 7.8 ұпай алда тұр. Дегенмен соңғы кездері екі бәсекелестің арасындағы алшақтық барған сайын азайып келе жатқаны байқалады. Сарапшылар 2016 жылғы сайлаудағы жағдай бұл жолы да қайталануы мүмкін деген пікірде. Себебі 2016 жылы жұрт райын бақылауда алда келе жатқан Хилари Клинтон сайлау күні Трамптан жеңіліп қалған еді. Осыған байланыс­ты мамандар «жұрт райын бақылау нәтижесі сайлауда жеңудің бірден бір өлшемі бола алмайды, өйткені ел президенті кім болатынын бүкіл халықтық дауыс беру жағдайын ескере отырып, сайлау алқасындағы таңдаушылар дауыс беріп шығарады» дейді. Демек қазірше Байден алда келе жатқанымен, нақ сайлау күні нәтиже мүлдем өзгеріп кетуі әбден мүмкін. АҚШ-тың сайлау заңы бойынша, президент болу үшін кандидатқа сайлау алқасындағы дауыстардың көпшілігін, яғни 270 немесе одан да көп дауыс алса жеткілікті. Байден халықтың дауысын көп жинағанымен, Трамп сайлау алқасындағылардың дауысы арқылы жеңіске жетуі мүмкін деген болжам да бар.

ІНДЕТ ТРАМПҚА  ІЛМЕК БОЛЫП ТҰР

Байден мен Трамп осыған дейін екі рет пікірсайысқа түсті. Пандемия жағдайына байланысты пікірсайыстың реті қысқарып, қатысқан адам саны аз болғанымен, саяси сөз сайысы өте қиян-кескі өтті. Мәселен, ең соңғы теледебатта Байден «Трамп дұрыс жоспар құра білу қабілетінің жоқтығынан жұртты қинап жатыр. Ол билік басында неғұрлым ұзақ болған сайын соғұрлым ессіз болып барады. Мұны өзгертетін уақыт келді» десе, Дональд Трамп «Байден өзінің қайда екенін білмейді. Ол көп рет шатасты. Ал мен ол сияқты емеспін. Есте сақтау қабілетім әлдеқайда жақсы. Сондықтан бәрі есімде» деп тойтарыс жасады.
Жалпы, демократ Джо Байден мен республикалық партия өкілі Дональд Трамп­тың саяси ұстанымдары әуелден-ақ бір-біріне кереғар деп айтуға болады. Дегенмен Қытайға қатаң саясат ұстанумен танымал болған Трампты ыңғайсыз жағдайға түсіріп тұрғаны – Қытайдан тараған вирус. Себебі қазірге дейін АҚШ-та 10 миллионнан астам адам індет жұқтырып, қайтыс болғандар 230 мыңнан асып кетті. Міне осы санақты алға тартқан Байден Трамп індетті тізгіндеуде әлсіздік танытты деп санайды. Ал Трамп індет жағдайының тұрақтана бастағанын, штаттарда вирус жұқтырғандар саны қысқара бастағанын алға тартты. Ол сондай-ақ коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын болғанын, алдағы аптада жалақ жұртқа жария етілетінін мәлімдеді. Сонымен бірге өзі де індеттен сақайған президент коронавирус жұқтырғандардың 99 пайызы жазылып шығатынын айтты.

САЙЛАУ ЖӘНЕ АҚШ-ТЫҢ ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙГЕ ҰСТАНЫМЫ

Трамп Қытайға қатаң саясат ұстанатынын алдыңғы сайлау алды мәлімдемелерінде айтып келген, Ақ үйге кіргеннен кейін де сол ұстанымында қалды. Сол себепті де Трамп Байден Қытайға «Тым жұмсақ ұстанымда» тұрғанын айтып сынайды. Сонымен қатар Трамп АҚШ-тағы ақпарат құралдарының дені Байденді жақтап, оның былықтарын жасырып отыр, Байден Қытаймен де, Ресеймен де астыртын ауыз жаласқан десе, Байден мұның барлығын жоққа шығарудан жалығар емес. Керісінше Байден «Ресей АҚШ-қа басты қатер төндіріп тұрған ел, ал Қытай АҚШ-тың басты бәсекелесі» дейді.
Сарапшылар Байденнің негізгі жақтасының бірі Обама екенін және ақылшы, кеңесшілерінің барлығы Обама дәуіріндегі билікке келгендер екенін алға тартып, «Байден билікке келсе, Қытайға Трамп­тай қатаң қабақ танытуы екіталай» деп болжам жасайды. Былайша айтқанда, Байденге Қытай туралы кеңес береді-ау дегендер кезінде Обамаға «Қытайды жақын тарту» сая­сатын жобалап берушілер. Бұған қарап та Байден Ақ үйге басшы болып отырса, Қытайға деген қазіргі қатаң саясат қайта өзгеруі мүмкін.
Никсоннан Обамаға де­йінгі президенттер негізінен «Қытаймен келісім саясатын» ұстанып келді. Вашингтон 40 жылдан астам уақыт Бейжіңге осы ұстанымда қарады, Яғни АҚШ Қытаймен іскерлік, дип­ломатиялық және мәдени қарым-қатынасты тереңдетіп, Қытайды халықаралық жүйе­ге қосуға ұмтылса, Қытай саясат пен экономикада еркін нарықтық жолға түседі, халық­аралық ережелерді сақтап, әділ бәсекелестік орнатып, Америка Құрама Штаттары күткен бағытта өзгереді деп үміттеніп келді. Бірақ соңғы жылдардағы Қытай ішкі және сыртқы саясаттары мен қадам­дары «америкалықтардың үмітін» селге кетірді. Қытай АҚШ-қа қарап бағытын түзеуді емес, жаһанды жалпағынан басып, жөні келсе, АҚШ-тың өзін шаужайлап, әлемге билік жүргізгісі келді. Әрине, ағылшындар бұған әсте жол бермейді. Сосын да Трамптың командасы «Қытайды өзгерту керек» деген пікірде.
АҚШ-Қытай қатынасында аса сезімтал тақырыптар – Тайвань, Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі, Шыңжаң және Тибет тақырыбы мен адам құқығы мәселесі де аса маңызды. Алайда Байден командасының бұл мәселелер бойынша Бейжіңмен қалай сөйлесетінін қазір болжау қиын. Ал Трамп болса, соңғы кездері Тайваньды ашық қолдауға көшті. Сонымен қатар Үндістанмен болған ынтымақтастықты күшейтіп, Қытайға бірлесіп қарсы тұрудың жоспарын да жасады. Трамп керек болса, Қытайға қарсы тұру үшін Ресеймен одақтасудан бас тартпайтынын байқатты. Ал Байден Қытайға қарағанда Ресейді жау санайды.
Кейбір мамандар Байденнің көптеген былықтарының ашылуына байланысты соңғы кездері Трампты қолдаушылардың саны артып барады деген пікірде. Оның үстіне Трамптың Орта Шығыс саясаты да өз өнімін көрсетті. Кейбір араб елдері Израилмен дипломатиялық қатынас орнатты. Бұл да Трамптың беделін арттырды. Бір қызығы, Байденді қолдап дауыс бергендердің көбі Байденнің біліктілігін қолдап емес, Трамптан құтылу үшін дауыс бергенін айтады. Бірақ жұрт ойлағандай, Трамп кетіп, Ақ үйге Байден келе ме, жоқ па оны сайлаудың соңғы нәтижесі көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 16 =