ДҮБІРІ ДҮР СІЛКІНТКЕН

0 155

жас-тулпарТәуелсіздік туы желбіреген күнді жақындатқандардың қатарында қазақ жастарының үлесі болды. Қарағандыдағы «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Өскеменде «Ұлттық мамандарға әділеттік тобы», Семейде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян, қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда­ «Сарыарқа» ұйымдарының болғаны соның дәлелі болса керек.­ Осындай қозғалыстарға дем берген Мәскеу қаласында 1963 жылы құрылған қазақ студент жастарының «Жас тұлпар» ұйымы еді. Жастардың санасын оятып, намысын ұштаған «Жас тұлпар» дүбірі жаңа ғасырда да жалғасын тауып, қайта жаңғырып, жарты ғасырдан кейін «жас тұлпарлықтар» тәуелсіз еліміздің төрінде бас қосты.

Осы күні 60-70 жылдардағы «Жас тұлпар» қозға­лы­сы­ның көш­бас­шылары Мұрат Әуезов, Марат Сембин, Қайрат Қадыр­жа­нов, Ғаділбек Шалахметов, Ерсайын Тапенов, Тимур Сүлейменовтер «Бабалар қорымында» жерленген­ Хан Кене сарбаздарының рухына, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуа­қас­­ұлы­ның ескерткішіне зиярат етіп,­ әруақ­тарға құран бағыштады. Одан кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «Жас тұлпар» дәстүр сабақ­тас­тығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. – Өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдарынан бас­тал­ған «саяси жылымық» сананы­ тор­лаған тоталитарлық қызыл им­пе­рия­ның темір құрсауынан босатып, өз­ге­ріс­тер көшін қозғады. Сол уақыт­та «жас­ тұл­парлар» ұлттық сана­ны ояту­дағы ерекше құбылыс болды. Олар «қазақ этносының тарихи негізі жоқ» деген идеяға қарсы тұра алды. Ұлттық зейінді күшейтіп, рухты көтерді. Орталықта білім алып жатқан жігерлі азаматтар іс-әре­кет­терінде ашық айтпағанмен, Алаш идея­ла­рын негіз етті, – деді кон­фе­рен­ция жұмысын ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Одан кейін сөз кезе­гін Мұрат Әуезов алып, «Жас тұлпардың» тарихына тоқталды.

– 1963 жылы жиырма жастамын.­ Қуғындалып кеткен Алаш ардақты­ла­ры­ның ұлдары Мереке Майлин, Олжас Сүлейменов, Болат Ғабитов-Жансүгіров сынды азаматтардың ізіне ерген інісімін. Олардың көкірек көзі ашық, өз зама­ны­ның шындығынан бөлек тарих барын білетін. Қазақ ұлтына жасаған әділетсіздікті көрдік. Қазақ мек­тептері жаппай жабылып жатты. «Екінші тың көтеру» деген желеу­мен мектеп түлектерін қойдың соңына салып, төлқұжатын бермей, білім алуларына кедергі жасап бақты. Полигондағы сынақтардың салдарын сездік. Ал, ашаршылық туралы естігеніміз бар, бірақ деректер жоқ еді. Ақиқаттың ашылмай жатқанын ішімізден біліп жүрдік. Осының бәрі жас жігіттерді ойға қалдырып, намысын қамшылады. Мені «Жас тұлпар» ұйымдастырушысы деп жатады. Шын мәнінде, тарихтың жомарттығынан болар, Болатхан Тайжанов, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев төртеуміз Мәскеуде оқитын қазақ жастарының басын қостық. Бас-аяғы бір жарым айдың ішінде 46 жатақхананы аралап, үгіт-насихат жүргіз­дік. Жастар бізге сеніп қана қойған жоқ, соңымыздан ерді.

Ол кезде кеңестік кеңістікте «ел» деген ұғым болмайтын. Туған жер, Атамекен ұғымы кең мағы­на­сын­да айтылмай, тек туған жері, қаласы, не ауылымен шектелетін. Ана тілінен ажыраған жастар қазақ мәдениетінен қол үзіп бара жатты. Ал, қазақтың бойындағы ұлттық рухты сөндіру мүмкін бе?! Осыны ескере отырып, жастұлпарлықтар да өз жұмысын үш бағытта ұйым­дас­тыр­ды. Оның бастысы Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын студент жас­тар­ға қамқорлық көрсету болса, қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап халықпен бай­ланыс орнату да маңызды болды, – дейді Мұрат Мұхтарұлы.

Тартысты күндердің дерегін еске алып­ отырып, Мұрат аға заман­дас­тары­ның жастық жалыны мен­ ерік-жігерін көз алдымызға алып­ кел­ген­дей болды. 1966 жылы «Жас тұлпар» қозғалысының екі күн­дік­ жи­на­лысын Жазушылар одағы ая­сында өткізеді. Бірінші күн Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжа­новтың өте мазмұнды ұлт тағ­дыры ба­ғы­тын­да­ғы баяндамаларымен басталды. Қатарынан артып туған азаматтар қазақ қоғамындағы келелі мәселерді қозғайды, ойларын ашық айтып, жиналған қауымды бір сілкіндіреді. Жиынның соңына жетпей, тиісті орындарға хабар жеткізіп, жастар­дың жолын кескендер қарап жатпады. Соның кесірінен келесі күнге белгі­лен­ген жиналысты Жазушылар одағында өткізуге тыйым салынады. Сонда «Жас тұлпар» қоз­ғалысының Қазақстандағы бел­сен­ді мүшесі Мырзатай Жолдас­бе­ков ағамыздың араласуымен жиын КазГУ-дің 500 адам сиятын үлкен мәжіліс залында жалғасын тауыпты. Зұлматты күндердің бет-пер­де­­сін жыртқан жас­тар көпке дейін тарқамай, түн жарымы ауғанға дейін қазақ әндерін айтып қимай тарқасыпты…

Дүбірімен дүр сілкіндіріп, сананы оят­қан ұйымның бүгінгі күн­дегі дәс­түр сабақтастығын сөз­ ет­кен С.Негимов, Б.Аяған, С.Жүсіп, Г.Бейбітовалар Жас­тар қоз­ға­лысын ұлт тәуелсіздігімен ұш­тас­­тыр­ды. Елорданың басты білім ордасында айтылған ойлар жинал­ған­дар­дың көкірегіндегі ұшқын­ды лаулатты. Жарты ғасыр өт­кен­де қоз­ға­лыс­тың идеясы қайта жаң­ғырып жатты. Себебі, бұл ойлар еліне, жеріне деген үлкен сезім­­де­­рі­нен туындаған еді. Ал, жастар жүре­гін­ен шыққан от ешқашан өшпесе керек.

Осы шара аясында ХХ ғасырдың 60-ыншы, 70-інші жылдарындағы студент жастардың Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресін зерттеуші жазушы, тарих ғылымының кандидаты Әміржан Әлпейісовтың «Жас тұлпар дүбірі» атты кіта­бы­ның тұсауы кесіліп, қалың оқыр­ман­ға жол тартты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 10 =