«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Достықтың дәнекері

0 14

Елордадағы Достық үйі – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблея­сының айнасы. Мұнда халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар өткізіледі.

DSC_2845

Достық үйінде 21 этномәдени бірлестік, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ орналасқан. Ассамблея құрылымында 10 этнолингвистикалық кешен, 6 қоғамдық келісім кеңесі, медиа­ция кабинеті, ғылыми-сараптамалық топ, аналар кеңесі, шығармашылық ұжым, «Жаңғыру жолы» РЖҚ қалалық штабы, ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы, «Аналар ­аманаты» қолөнер шығармашылық орталығы, «Мәміле» қазақ ситуация­лық пікірсайыс клубы, «Жыр орталығы» бар. Мұнда қазақ тілін үйрету мақсатында «Мәміле» қазақша ситуациялық клубы құрылған. Клуб этномәдени бірлестік мүшелеріне тіл үйрету мақсатында түрлі фестивальдер мен әдеби кештер және конкурс­тар ұйымдастырады.

21 этномәдени бірлестіктердің ішінде әрқайсысының ұлттық ансамбльдері бар. Олардың ішінде «халықтың» атағын алған ансамбльдер де бар. Атап айтсақ, шешен-ингуш этномәдени орталығының «Вайнах» ансамблі, «Мисон» корей би ансамблі, «Раздолье» орыс және қазақ әндері ансамблі, «Оберег» украин қоғамының Николай Литошко атындағы вокал ансамблі, «Дуслык» татар-башқұрт вокалды ансамблі және «Арқа әуендері» вокалды тобы.

1992 жылы Қазақстан неміс­терінің бірінші съезінде «Возрождение» республикалық қоғамдық ұйымы құрылды, кейіннен ол «Возрождение» («Wiedergeburt») Қазақстан немістерінің қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығы деп аталды. Неміс этномәдени бірлестігінің жанынан «Возрождение» мектебі құрылған. Ерекшелігі – жексенбі күндері жұмыс істейді. Мектеп басшысы Эльвира Минордың айтуынша, бірлестік құрылғаннан бастап бұл мектептер ашылған.

– Бұл мектепті ашуға бірлестік ұжымы мен елордадағы немістер ұсыныс берді. Себебі өз балаларын неміс тілі мен мәдениетіне баулығысы келді. Жексенбілік мектепке 7-12 жастағы балалар қатысады. Мұнда 4 дәстүрлі сабақ, яғни қолданбалы өнер, музыка, Елтану және неміс тілі өткізіледі. Елтану сабағында  екі елдің тарихы, дәстүрлері, маңызды оқиғалары баяндалады. Сабақ екі тілде (мемлекеттік, неміс тілдерінде) өтеді. Музыкалық сабақтан Светлана Рутц жетекшілік етеді. Осы уақытқа дейін бірнеше тамаша вокалистерді тәрбиелеп шығарған. Репертуарымызда этникалық және қазіргі заманғы әндері бар. Вокалдық топ 3 тілде ән салады. Мектеп тәрбиеленушілері түрлі конкурс, фестиваль және қалалық іс-шараларға қатысып, неміс этносын ұсынады. Бұл мектепте немістермен қатар, қазақтар, орыстар, украиндар, поляктар, кәрістер де білім алады, – деді Эльвира Минор.

Қазақстанда вайнах этно­­мә­дени орталықтары 80-жылдардың соңында құрыла бастады. 2013 жылғы 19 маусымда «Вайнах» шешендер мен ингуштардың Қазақстан қауымдас­тығында қайта құрылған. Оның құрамына 16 шешен мен ингуш этномәдени бірлестіктері бар. Ал бірлестік жанынан құрылған «Вайнах» ансамблі 35 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Злата» болгар мәдени орталығы 2011 жылы құрылған. Бастапқыда бірлестікте 20 адам болған. Бірлестік жетекшісі ­Ольга Андриевскаяның айтуынша, елордада болгарлар өте аз.

– Соңғы халық санағы бойынша қаламызда болгар саны 100-ге жеткен. Біздің орталықта шамамен 40 болгар бар. Орталыққа кез келген адам ұлтына қарамастан мүше бола алады. «Златаның» құрамында вокалдық және хореографиялық екі ұжым бар. «Цветанка» вокалдық тобы № 6 гимназия базасында жұмыс істейді. Ересек вокалдық топ «Злата» деп аталады. Ұжым болгар әндерін орындайды. «Извор» хореографиялық тобында балалар ұлттық би үйренеді, – деді Ольга Андриевская.

Достық үйі ғимаратын елорданың 20 жылдығына орай Маңғыс­тау облысы сыйға тартқан. Ғимарат Нұр-Сұлтан қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан. Бүгінде Достық үйіндегі әр ұлттық-мәдени этномәдени бірлестіктер 1 мамырды ерекше атап өтеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек.

Айзада Жайыққызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды