Достықта шекара болмайды

0 121

Марқұм әкем «қазақтардың арасында жалғыз Шмитпін» дейтін. Бір күні теледидардан техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шмидт Айталиевті көрсетті. Сонда жалғыз емес екенін біліп, таңғалды. Әкем дүние­ден озған соң, өзім ғаламторды шарлап отырып, Шмидт Сабыров деген есімге жолықтым. Еліміздің авиация саласына еңбек сіңірген бұл азаматтың Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы атағы да бар болып шықты.Академик Айталиев әкемнен екі жас үлкен болса, ұшқыш Сабыров құрдасы екен. Және кейінгісіне бұл есім Солтүстік полюсті зерттеуші, солтүстік теңіз жолымен жүзіп өткен алғашқы адам, атақты ғалым Отто Шмидтің құрметіне қойылған. Бір атап өтерлігі, ғалымға 1937 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Әкем мен Шмидт Омарұлы да дәл осы жылы туған.
Перзент зарын тартқан қазақта жаңа туған сәбиіне аман қалсын деген тілектен елеусіз, тіпті, кейде ерсі естілетін ат қою ырымы бар. Атам Төртуыл мен әжем Ақбалада ұл бала бұған дейін тұрмаған соң, әкем Шмит атанды. Оның да өзіндік сыры бар. Атамның шаңырағымен көрші болып Шмит деген неміс отбасы тұрған екен. Әкем туған жылы бұл шаңырақ көшетін болып, жақсы көршіні атам қимапты. Қазақ ырымы бар, осы қимастық бар, ақыры ұлын Шмит атандырған.
Есімі адам тағдырына әсер етеді дейді. Сол рас сияқты. Әкем өзге ұлттардан шыққан азаматтармен тамаша тіл табысатын. Олардың арасында адал, айнымас достары да болды. Бала кезінде Зия, Изнур деген чешен балаларымен ойнағанын бізге айтып отыратын. Ал ағайынды украиндер Иван мен Роман Охальскийлер, неміс Оскар Эш, тағы бір украин Анатолий Долженко дейтін достарын өзіміз де көрдік. Әкем мен осы достарының сыйластығы ерекше еді. Әрдайым бір-біріне көмек қолын созуға асығып тұратын.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туып-өскен әкем қарапайым шопыр болды. Жаңаарқа ауданының Айнабұлақ ауылына көшкен жылы оған қайта-қайта бұзыла беретін ескі көлік беріпті. Автогараж меңгерушісінен ауыстыра қоюға керек саймандарды сұраса, бермейтін көрінеді. Содан әкім бір күні аудандағы автобазада жұмыс істейтін Роман Охальский досына хабарласып, қажет саймандарды сұрапты. Досы тауып беріп, тауып қана қоймай, ауылымызға жеткізіп берді. Содан соң әкемнің ескі көлігі зауыттан жаңа шыққандай болып зуылдапты.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Роман Украинаға көшіп кетті. Ағасы Иван болса, Қарағандыда қалды. Екеуінің де жекеменшігінде бір-бір «КамАЗ» көлігінен болды. Роман Украина мен Қазақстанның арасында тауар тасыды. Қолы қалт еткенде ағасына Шмит досымыз­ға барып, хал-жағдайын біліп келейік дейтін көрінеді. Содан «КамАЗ»-ға көмір артып алып, ауылымызға тартатын. Келген соң амандық, саулық біліседі. Сосын Роман «Фашист (әкемді солай атайтын еді), көмірің бар ма?» деп сұрайтын. Әкем, әрине, «жоқ» деп жауап береді. Содан келген көмір біздің үйге түседі. Достары сол үшін бір тиын да алмайтын. Еңлік шешеміз ыңғайсыз­данып, әкеме «ақша берсейші» дейтін. Әкеме олардың сыры белгілі, алмайтынын білетін.
Не керек, әр жаз сайын осы жағдай қайталанатын. Роман мен Иван барда әкем көмір жайын уайымдаған емес. Және «қара алтын» біздің үйге тегін келетін. Романның дүниеден озғанын естігенде, әкем қатты күйзелді.
1994 жылдың көктемінде екінші ағам Ерғали үйленді. Той жазда өтті. Азық-түлік алуға Қарағандыға барған әкем енді оны ауылға жеткізе алмай, әуреге түсті. Сол кезде Иванға ауылға жеткіз деп қолқа салды. Досы бір сөзге келген жоқ, алынған тауарды «КамАЗ»-ына артты да әкеліп тастады. Жолай аудан орталығынан апа-жезделерімді де мінгізіп алып, оларды да ауылымызға жеткізді. Сөйткен Иван да әкемнен ертерек өмірден өтті. Бұл өлім де әкеме ауыр тиді…
Оскар Эш аудан орталығы мен ауылымыздың арасында сары «ПАЗ-672» автобусымен жолау­шыларды тасымалдайтын. Осы азаматпен де әкем жақсы дос болды. Оскар кешке ауылымызға келгенде үйімізге қонып, таңертең біздің үйден аттанатын. Бір күні әдеттегідей келіп қонды. Далаға шыққандарында әкем екеуінің әңгімесін естіп қалдым. «Шмит, жерің жетеді, суың бар, неге картоп екпейсің?» деп сұрады досы. Әкем «Мұны отырғызып қайтем, сатып алам ғой» деп жауап берді. «Одан да ексейші, білмесең, өзім үйретейін» деген Оскар көпке ұзатпай картоптың тұқымдарын әкеліп берді. Өзі бас болып, картоп еккізді. Содан бастап жыл сайын өзіміз отырғызатын болдық. Кейіннен бұл досы да Германияға көшіп кетті.
Ал өзіміз «Дядь Толик» дейтін Анатолий Долженкомен әкем ежелден дос еді. Ауылымызда тұрған ол қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Әкеммен екеуінің жұбы жазылмайтын. Қарағанды қаласынан 50 шақырымдай қашықтықта қазір Абай ауданына қарайтын Топар кенті бар. Ауылымыздан Топарға дейін – 230-250 шақырым. Бұл кентте әкемнің қарындасы Шолпан тұратын еді. Бір күні әкем Толик ағаймен оның үш аяқты «ИЖ» мотоциклімен соған дейін барыпты. Жездеміз Әнес әлі күнге дейін соны еске алып жымияды. «Жұмыстан түске асқа келсем, үйге әкең мен Толик досы да кіріп келе жатыр. Сөйтсем, мотоциклмен келіпті. Сонау алыстан келгендеріне таңғалдым» деп күледі ол.
Иә, қазір әкемнің сол Толик досы да жоқ. Әкемді ойлағанымда, осындай достары да есіме түседі. Бұл шынайы, ешқандай есепке құрылмаған достық еді. Және осындай достық ұлтқа да қарамайды екен…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − eight =