Достық үйіндегі алғыс айту күні

0 40

Елордада Достық үйінде Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Қазақстан Республикасындағы шетел елшіліктерінің өкілдері, Парламент депутаттары және бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері қатысты.Алғыс айту күніне арналған дөңгелек үстелді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашты. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1 наурыз Алғыс айту күні болып бекітілген. Елбасы атап өткендей, «Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі». Сондықтан да барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділік, достық пен сүйіспеншіліктің жарқын мерекесі болып саналады. Біздің ортақ елімізге өзара көмек пен қолдау көрсете отырып, шынайы бірлігіміз бен достығымызды айқындайтын, өткен күнімізді еске алатын, жас ұрпаққа үлгі болатын жарқын мерекелердің бірі деп айтамыз. Сондықтан да Қазақстан халқы ассамблеясының мерекелік шарасына түрлі этнос өкілдері қатысып отыр. Біз бәріміз Алғыс айту мерекесінің біріктірушілік мағынасын, халық бірлігі мен келісімі, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау дәстүрін жаңа ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз» деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Одан кейін ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президент Әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз алды:
– 2016 жылдан бастап, биыл бесінші жыл қатарынан 1 наурыз Алғыс айту күні болып аталып келеді. Бұл – заман талабы туындатқан қазақстандықтар үшін мәні зор мереке. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «бақыт бағалай келгеннің басында тұрақтайды». Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында ұлы Абайдың алтыншы қара сөзіндегі «Бірлік – ақылға бірлік» деген тұжырымды алға тарта отырып, береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келе жатқандығын атап көрсетті. Алғыс айту күні – сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, қандай кезде де өзара сенімділігі мен құрметі орныға түсуіне негіз болған, бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке. Алғыс айту күнін тілегі бір Қазақстан халқын бауырластырып, біріктіре түсуге қазақстандық бірегейліктің бірегей негізі деп санау­ға болады, – деген Ж.Түймебаев Алғыс айту күнінің мәніне, елордадағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің ерекше мағынасына кеңірек тоқталып өтті. Ұлты басқа болса да қазақ деген ұлтпен тағдыры бірге өрілген, қазақтың құрмет-сүйіспеншілігіне бөленген, қазақ музыкасына, ғылымы мен мәдениетіне ерен еңбек сіңірген Александр Затаевич, Евгений Брусиловский, Лев Гумилев, «қазақтардың арасындағы нағыз қазақпын» деп әзілдейтін Герольд Бельгер сияқты тұлғалардың, спортшылардың, өнер адамдарының ынтымақ-бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталып өтті.
«Мейірімділік – барлығымыз­ға ортақ» атты бейнероликте қоғамдағы ортақ игілікке, қа­йырымдылық істерге атсалысып жүрген азаматтар туралы айтылды. «Kazyna-SR1» ЖШС директоры С.Матайбаева ҚХА «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталып, қайырымдылық істермен айналысып жүрген бір топ азаматтарға ҚХА атынан және Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің атынан алғыс хаттар тапсырылды. ҚХА мүшелері, дипломатия­лық корпус, құқық қорғау органдары, жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйлеп, өздеріне жетістік пен табысқа қол жеткізуге жағдай жасап, қолдау білдірген Елбасы саясатына, жалпы ынтымақ пен бірлікті қолдаушы жандарға алғыстарын білдірді. Іс-шара соңы ҚХА өкілдерінің қолданбалы өнер және ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне, этнос өкілдерінің концертіне, қайы­рымдылық шарасына ұласты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 6 =