Достық үйінде дидарласты

0 60

Өзбекстандық Олий Мәжілісінің заң шығарушы палатасы делегациясы Астанаға ресми сапары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен кездесті.

Олий Мәжілісінің заң шығарушы палатасы спикері Нурдинжон Исмоилов бастаған бауырлас мемлекет делегаттары елордадағы Достық үйі мен өзбек этномәдени орталығын аралап, олардың қызметімен танысты.
– Қаламыздағы өзбек этномәдени орталығы 2007 жылы ашылған. Ол Астанадағы ең белсенді бірлестіктердің бірі. Бұл орталықтағылар шаһардағы ауқымды іс-шараларға әрқашан белсене атсалысады. Қазіргі таңда мұнда халықаралық және республикалық жарыс­тарда топ жарып жүрген «Пойтахт» және «Астана Ғунчалари» атты екі өнер ұжымы бар, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Сондай-ақ ол ҚХА өкілдері ұйымдастыратын қайырымдылық акцияларына өзбек этномәдени орталығы тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыратынын жеткізді.
Аталмыш орталықтың төрағасы Шерзод Пулатовтың айтуынша, мекеме жанында өзбек жексенбілік мектебі жұмыс істейді. Онда балалар қазақ және өзбек тілдерін
үйреніп, қос ұлттың тарихы мен мәдениетін тереңдете оқиды.
– Бастапқыда белсенді азаматтарымыздың саны бар болғаны 15 шақты ғана еді, бүгінде олар 200-ге жетіп отыр. Бұл – бізді алға басуға шабыттандыратын тамаша күш, – деді Ш. Пулатов.
Этномәдени бірлестіктегілер Өзбекстанның Қазақстандағы жылы барысында ауқымдағы істер атқарып, бауырлас елдер достығының одан әрі нығаюына қомақты үлес қосты. Енді олар Қазақстанның Өзбекстандағы жылына қызу дайындық үстінде.
– Бұл біз үшін маңызды оқиға болғалы тұр. Біз жас көшбасшылар форумы мен білім алуға бағытталған экскурсия сияқты қызықты іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап жатырмыз, – деді өзбек этномәдени орталығының мүшесі Фарангиз Ахмедова.
Өз кезегінде қонақтар атынан Н.Исмоилов ҚХА өкілдеріне осындай жылы кездесу үшін жүрекжарды алғысын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды