«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Достық саябағы ашылды

0 7

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Б.Момышұлы даңғылының бойында орналасқан «Достық» үйі маңында жаңа Достық саябағы ашылды.

412aa22f5d578d91d84667bcd5f7b937_1280x720

Көктемгі экологиялық айлық аясында өткен іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, ҚХА атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және белсенді жастар қатысты.

Игілікті шара барысында елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері Алматы ауданы әкімдігімен бірлесіп «Жерұйық-2» саябағының аумағын тазалап, 500-ден астам ағаш отырғызды. Осылайша қалалық Достық үйінің жанында жаңа алаң пайда болды.

«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында қала тұрғындарымен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен бірге гүлзар орнатып, ағаш отырғызылды. Сондай-ақ биыл жазғы маусымда осы саябақта волейбол және ­баскетбол алаңдарын, жүгіру жолын, ворк-аут аймағын, серуендеу инфрақұрылымын және демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз» деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ қала басшысы елорда бірінші кезекте жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін дамып келе жатқанын атап өтті. Ол үшін жылдан-жылға абаттандырылған қоғамдық кеңістіктердің саны еселеп артып келеді, бұл демалыс пен серуендеуге, спортпен шұғылдануға арналған орындар құруға мүмкіндік береді.

Бас қалада аумақты жинау және ағаш отырғызу бойынша сенбі сайын ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі шараға сол күні 24 мыңнан астам адам және екі мыңнан астам кәсіпорындар мен ұйымдар, оның ішінде тұрғындар, жекеменшік пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктері ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсене атсалысты.

Сенбілік барысында жалпы ауданы 2,7 млн шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарларда жинау жұмысы жүргізіліп, қала бойынша барлығы үш мыңнан астам ағаш отырғызылды.

«Сенбілікке қатысушылардың жүзіне қарап біз адамдардың осындай үлкен, орасан зор іс-шараларды қаншалықты сағынғанын түсіндік. Пандемияның салдарынан екі жыл карантинде отырған адамдар бір-бірін сағынысып көрісуде. Бұл сенбілік Қазақстан халқының бірлігін бейнелейді. Қазір мұнда жастар да бар, бұл бізді қуантады. Олар біздің қаланы таза, жасыл ету үшін өз үлесін қосуда. Біз азаматтарымыз­ға, жастарымызға табиғатқа ұқыпты қарау үшін олардың экологиялық мәдениетін дамытуға тиіспіз» деді Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов.

Алматы ауданының «Тұран» ардагерлер ұйымы атынан пікір білдірген елорда тұрғыны Қанипа Сембаева болса «Жерұйық-2» саябағына терек отырғызуға аудан ардагерлерінің де үлес қосып жатқанын ерекше мақтанышпен айтты.

«Таңсәріден ауданымыздың бір топ егде адамдары «Жерұйық-2» саябағын бетке алдық. Жастар мен қоғам белсенділерінен қалыспай, біз де осы салтанатқа келіп, терек отырғызуға қатыстық. Енді осы саябақтың маңайына келіп демаламыз, немерелерімізді де әкелеміз» деді елорда тұрғыны.

Игі іске қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері де белсене атсалысты.

«Атам қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген әдемі сөз бар. Сол үрдісті жалғастырып, ағаш отырғызу шарасына қатыстық. Ел болып бүкіл қазақстандықтар болып осынау ізгі шараға үлес қосып жатқанымыз өскелең ұрпаққа үлкен үлгі деп ойлаймын» деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Гаипов.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды