Достоевскийден қалған із

0 43

Бүгін – заңғар жазушы, орыс ұлтының рухани ұстазына айналған Фёдор Достоевскийдің туған күні. Бұған дейін Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының 200 жылдығын атап өтуді тапсырған еді. Иә, Достоевский есімі қазаққа жат емес. Алмағайып шақтардың бірінде Семей топырағына табан тіреген тұлға қазақ жерінде 5 жыл 4 ай өмір сүріпті. Жазушылық қызметiнен ерiксiз қол үзiп кеткен кемеңгер суреткер дәл осы Семей қаласында қайтадан қолына қалам алады. Қазіргі таңда Достоевскийдің жалдап тұрған үйі тарихи музейге айналған. Биыл жазушының мерейтойымен музейдің 50 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр.

66f05e4f48e9dae981ea1e05f18f0eaa

Әлемде жазушы Фёдор Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығына арналған жеті музей бар екен. Соның бірі Семейде орналасқан. Бүгінде мұнда шетелдерден келетін қонақтар көп. Барлығы Достоевскийдің кезеңін сезіну үшін арнайы келіп жатыр. Фёдор Достоевский Семейге 1854 жылы көктемде әскери қызметін атқару үшін келеді. Сібірлік жетінші жүйелік бөлім батальонында жеке қызметкер лауазымына көтеріледі. Бірақ ауруына байланысты қызметінен кетеді. Музейді 1857-1859 жылдары пәтер үшін жалдап тұрған екен. Алғашында казармада, кейінірек басқа пәтерлерді де жалдап тұрған. Бірақ пошташы Лепухиннің осы үйі ғана бертінге дейін сақталып қалған. Осында жазушы өзінің бірінші жұбайы Мария Исаеваны жолықтырады. Кузнецк қаласында некеге тұрғаннан кейін Достоевский қызметтен босатылып, қаладан кетуіне рұқсат алғанға дейін Семейге қайта оралып, екі жарым жыл осы үйде тұрады. Сөйтіп, сол жылдары ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановпен танысып, достық қарым-қатынас­тары нығая түседі. Биыл 7 мамырда музейдің ресми ашылғанына 50 жыл толды.

«Музей қорында жазушының 1857 жылғы 27 шілдедегі «Достоевскийдің батальон командирі Белиховтың атына жазған баянаты» деген қолтаңбасы, сондай-ақ Достоевский мен оның бірінші әйелі М.Исаеваның неке құжаттары сақталған. Музейге және жазушының өміріне жергілікті тұрғындар да, алыс-жақын шетелден келген қонақтар да үлкен қызығушылық танытады. Жазушының 200 жылдығын мерекелеу аясында музей ұжымы халықаралық деңгейдегі үлкен және маңызды іс-шаралар өткізуде. Қыркүйек айында «Достоевский және әлемдік мәдениет: көркем мұра және руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді, оған Мексика, Ресей, Қазақстанның түрлі қалаларының ғалымдары, университет оқытушылары, қаламыздың мектептері, магистранттар, студенттер, дін өкілдері қатысты. Конференция күні музейде жаңа көрмелер ашылды. Мәскеудегі Л.Толстой музейі «Скажите ему, что я его люблю» көрмесін ұсынды. «Достоевский мен Толстой» көрмесі біздің музейдің залында орналасқан. Ал Шәкәрім атындағы университеттің ғимаратында Ф.Достоевский және Ш.Уәлиханов мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, конференция жұмысының алдында жазушының Санкт-Петербург музейіндегі әріптестерінен сыйға тартылған «Эпизодтар» көрмесі ашылды» дейді музейдің экскурсиялық-көпшілік жұмысы секторының меңгерушісі Мөлдір Төлеуова.

Бұл үй, әлемде жазушының 150 жылдығы кеңінен тойланып жатқан кезде, 1971 жылдың 7 мамырында музей болып ашылды. Ашылу сәтіне дейін музей бес мыңнан астам құнды әдебиетті, 100-ден астам қолтаңбасы бар басылымдарды, әлем халықтарының тіліндегі Достоевскийдің ондаған кітабын жинады. Қазіргі екі қабатты ғимараттың жартысы ашық кітап түрінде салынған. Мұнда әдеби экспозиция, қор сақтау бөлімі, кинозал және ғылыми кітапхана орналасқан. Заманауи құрылыс пен мемориалдық үйді уақыттардың байланысы ретінде шыныланған вестибюль біріктіреді. Музей жыл сайын 15 мыңнан астам келушіні қабылдап, орташа есеппен мыңнан астам экскурсия жүргізеді.

Аңызға айналған достық

Музей жанында мүсінші Д.Элбакидзенің «Ф.М.Достоев­ский мен Ш.Ш.Уәлиханов» атты қоладан жасалған, тағдырлары осы жерден байланысқан орыс және қазақ халықтарының даңқты тұлғаларының мүсіндері орнатылған. «Семейдің тарихы көрнекті тұлғалардың аттарымен байланысты, Достоевский және Шоқан Уәлиханов сияқты данышпандар бір ғасырда бір рет туады» деп Әлкей Марғұлан баға берген болатын. Шоқанның Фёдор Достоевскиймен он тоғыз жасында танысқаны белгілі. Кейіннен әлемге әйгіленген жазушы осынау жас жігіттің қабілет-қарымын бірден байқаған секілді. Шоқаннан он төрт-он бес жастай үлкендігі бар ол осынау дарынды жасқа бірден құлай жығылып, екеуі тез тіл табысады. Көп ұзамай-ақ бұл таныстық мәңгілік аңызға айналатындай-ақ ұлы достыққа жалғасқан. Оның дәлелі – екеуінің жер-жерде жүріп бір-біріне жазған хаттары. Фёдор Михайлович үлкендігіне қарамастан Шоқанға ылғи «сіз» деп сөйлейді. Бұл шексіз құрметінің белгісі болар. Ал Шоқан болса өзінен үлкен досына тек «сен» деп сөйлеген. Тегінде, онда да мән бар шығар. Шоқан мен Достоевский жазысқан бірнеше хат бар. Олардың әрқайсысынан екеуінің де телегей теңіз білім иелері екені, екеуін де ылғи әлемдік деңгейдегі жалпыазаматтық мәселелердің толғантқанын көріп тамсанасыз.

Семейде тұтанған сезім

Семейде тұрып Достоевский қазақ зиялыларымен байланыс жасады. Бәрінен бұрын тағдыр Достоевскийді Исаевтар отбасымен байланыстырды. Олар өте жақын достық қарым-қатынаста болған. Фёдор Михайлович Александр Егорович Исаевқа үлкен жанашырлық танытты. Исаевтар Кузнецкіге көшкеннен кейін, 1855 жылы 14 тамызда Достоевский Исаевтың қайтыс болғаны туралы естіп қатты қапаланады. Жазушының Мария Исаеваға деген көңілі ерекше еді. Олар бір-бірін тілсіз түсініп, әр кез мейіріммен қарайтын. Сондықтан да шығар тағдыр екеуін ажыратқан жоқ. Семей топырағында екеуінің некесі қиылды. Осылайша Фёдор Михайлович пен Мария Дмитриевна отбасын құрып, пошташы Лепухиннің үйінде тұрды. Бүгінде бұл үй Достоевскийдің мемориалдық музейіне айналып отыр.

Семейде Достоевский барон Александр Егорович Врангельмен жақын болды, ол губернатордың жанындағы қылмыстық істер бойынша прокурор еді. Достоевскийдің тағдырында Врангель үлкен рөл атқарды. Олар көп уақытты бірге өткізді, тіпті бір пәтерде де тұрды. Врангель Достоевскийдің махаббат жолындағы машақатына куә болды. Достоевский өзiнiң ағасына жазған хатында: «Маған қалтқысыз көңiлмен соншама көп жақсылық жасаған адамдар бар, дәл сондай соншама көп жақсылықты осы күнге дейін маған ешкім де істеген емес. Ол адам барон Врангель» дейді. Врангельдiң Достоевский туралы естеліктер кітабы – жазушының айдаудағы, әсіресе, Семейдегі өмір кезеңдерінен нақтылы толық мағлұмат беретін аса бағалы кітап. Кiтапта жазушының Семейде болған жылдарындағы тұрмыс-халі туралы, оның қарым-қатынас жасаған адамдары жайында мол мағлұмат беріліп, Семей халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, әлеуметтік өмірі, шаруашылық, кәсiп-қарекеті, жергiлiктi үкімет орындарының әкiмшiлiк, ел басқару тәртібі жайындағы мәселелер шыншылдық тұрғысынан сипатталып жазылған. Врангель бiлiмдi заңгер әрi археолог, мәдениеттi адам болған. Ол Семейде болған жылдары көп жерлерді аралап, қазақ даласымен жақсы танысқан. Әрине, Достоевский бұрынғы өміріне қайта оралуды армандады және оған Семейдегі ең жақын досы Врангель көмектесті. 1859 жылы 2 шілде күнi дәм-тұзын көп татқан Семей қаласымен, кең байтақ қазақ даласымен, ризашылық-достық көңiлмен қош айтысып, ұлы жазушы Фёдор Михайлович Достоевский Тверь қаласын бетке алып, сапарға шығады. Жолшыбай әдейілеп Омбы қаласына соғып, Шоқан досымен қош айтысады.

1902 жылы жазушының туғанына 80 жыл толуына байланысты Семей қалалық думасына Орыс империялық географиялық қоғамының өкілдері Достоевскийдің есімін қалада сақтау туралы өтініш жазған екен. Осылайша сол кездегі Крепостной көшесінің атын Достоевский көшесі деп өзгертуге, ал үйінің алдына «Достоевскийдің бұрынғы пәтері» деп жазылған тақтайша қою туралы шешім қабылданады. Бірақ тек 1911 жылы ғана көше атауы өзгеріп, бүгінге дейін Достоевскийдің атымен аталады. Болашақ мұражай қорын қалыптастыруға және толықтыруға көптеген танымал ғалымдар, жазушылар, суретшілер мен жергілікті тарихшылар қатысқанын айтуымыз керек. Бүгінде музейде Ф.Достоевскийге қатысты ең қымбат жәдігер өз қолымен жазылған есебі мен некелесуге рұқсат беретін құжаты сақталған.

Қазір Семейде Достоевский көшесі мен театры бар, олар ұлы жазушының мұрасын жаңғыртуды жалғастыруда. Музеймен Достоевский атындағы облыстық драма театры тығыз байланыста. Соңғы жылдары бірлесіп бірнеше спектакль қойды. «Настасья Филипповна» (роман негізінде), «Ешкім маған осынша бақыт сыйламас еді» (А.Достоевскийдің естеліктері бойынша), «Кедей адамдар», «Кім сенеді, бірақ мүлдем сенбейді…» («Ағайынды Карамазовтар» романының негізінде) қойылымдары көрер­мендердің оң бағасын алып жүр. Жергілікті телеарнамен бірге музей Ф.Достоевскийдің Семейде болғаны туралы «Ертіс хроникасы» деректі сериясын жасады. 1968 жылы Семей қаласы өзінің 250 жылдығын атап өтті. Мерейтойға жазушының немересі А.Достоевский шақырылды. Ол үлкен толқыныспен бір кездері ұлы атасы жүріп өткен топырақта сөз сөйледі.

Жазушы өмірінің Семей кезеңі туралы көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов 1981 жылы жазылған «Талантты түлеткен бір кезең» атты мақаласында кеңінен тоқталады. Орыс­тың ұлы жазушысы Фёдор Михайлович Достоевскийдің есімі семейліктер үшiн естен кетпестей қадiрлi, өзгеше қымбат, аса ардақты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =