Домбыра PARTY

0 153

«Нұржол» саяжолында бейсенбі сайын жиналып, ән шырқап, күй тартып, жыр төгіп, терме айтатын бір топ астаналық жас өз бастамаларын дәл осылай атайды. Яғни, «Домбыра кеші».

Кешке жиналатын жастар арасында бірде-бір кәсіби әнші жоқ. Әрқайсысы өз дәргейіндегі «күміс көмей». Еліміздің әр түкпірінен елордаға жиналған жастардың бұл бастамасының басты мақсаты – біріншіден, өз уақыттарын көңілді өткізу болса, екіншіден – қазақ өнерін насихаттау.

«Әдетте, көшеде гитара тартып отырады. Неге жиналып домбыра тартпасқа деген ой болды» дейді аталған шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандардың бірі – Аршат Оразов, «Осылайша Астананың төрінде домбыра тартайық деген ұсыныс тасталды. Мақсат – домбыраны, қазақ тілін, қазақылықты қалалық жерде насихаттау. Бастапқыда жұртқа таңсық болғаны рас. Домбыра тартып отырған жастарды халық тек қызықтап қарап кететін. Ал қазір тыңдауға және өз өнерін көрсетуге келіп жүрген тұрақты тыңдармандар бар. Мұндай үрдіс басқа қалаларға да тарайтын сияқты. Бұған тек қуанамыз».

Қазақ даласының әрқилы ән мектебінің туындыларын, одан қалса, қазақтың әмбеге аян өлеңдерін «Бәйтерек» маңында әуелеткен жастар тыңдармандардың қошеметіне бөленеді.

«Астананың әсем кешінде домбырадан әуелете төгілген әсем ән тыңдап, жиналған қыз-жігіттермен еркін әңгіме дүкен құрғанға не жетсін, шіркін?! Бүкіл шаршауыңды ұмытып, бір сергіп қаласың. Қазір аптаның бейсенбісін асыға күтетін болдым» дейді астаналық Жанасыл Болатбек.

Мұндай әр босқосудың белгілі бір тақырыбы болады. Яғни, сол күні шырқалатын туындылар тақырып аясындағы ән мен жыр болуы керек. Бүгінгі бейсенбі, тағы да «Домбыра PARTY». Әдеттегіше, «Нұржол» саяжолы, сағат кешкі сегізде. Бұл жолы әуесқой әншілер халық әндерін шырқамақ.

Осылайша, Астананың аспанында асқақ ән әуелемек…

 

Нұрберген МАҚЫМ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =