©2020 Астана Ақшамы
Дойчландтағы Данияр
Ол үш жылдан бері Астананың «Барыс» хоккей клубы мен Хоккейден ұлттық құраманың ойындарын қалт жібермей қадағалап келеді. Өзі Германия азаматы болса да. Өйткені, Данияр хоккейді ұнатады. Кәсіби хоккейші. Германияның Вольфсбург қаласындағы «EHC Grizzly Adams Wolfsburg» клубының қақпашысы.
Әлқиссасын айтсақ, Даниярдың әкесі Атыраудың тумасы Айтқали Жүнісов сонау Кеңес заманында Германияға оқуға келген. Сонда шаңырақ көтерген. 1986 жылы Берлинде дүниеге келген Данияр – отбасында екінші бала, жалғыз ұл. Әпкесі мен қарындасы да спортшылар – мәнерлеп сырғанау шеберлері. Үйдің үлкені Шанна, тіпті, Германия чемпионы да атанған.
Данияр айдынға алғаш рет сегіз жасында шыққан. Содан он жыл қатарынан Берлиннің «Eisbären» клубында тәлім алады. Яғни, он сегіз жасқа дейін барлық сатыдан өтеді – балалар мектебінен бастап ұлттық құрамаға дейінгі. Одан соң, өз клубының негізгі құрамында айдынға шығады. Үш жыл қатарынан «Eisbären» клубының қақпасын қорғаған Данияр көзге түсіп, Гамбург қаласының «Hamburg Freezers» клубы сапында өнер көрсетуге шақырту алады. Гамбург құрамасының қақпасын бір жыл қорғаған уақыт ішінде оның шеберлігі шыңдала түсіп, қазақ қақпашыға Вольфсбургтың «EHC Grizzly Adams Wolfsburg» клубынан ұсыныс түседі.
Хоккейден бөлек, футболды ұнататын және капоэйрамен шұғылданатын Данияр, Қазақстан Ұлттық құрамасының сапынан шақырту түссе, қуана-қуана келісетінін де жеткізген болатын, қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбатында.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ, Нәзира БАЙЫРБЕК