©2020 Астана Ақшамы
Дизайны өзгерген номиналдық құны 2 000 теңгелік банкнотты айналысқа шығару туралы
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Орталық филиалы 2013 жылғы 29 наурыздан бастап дизайны өзгерген номиналдық құны 2 000 (екі мың) теңгелік банкнотты айналысқа шығару туралы хабарлайды.
Дизайны өзгерген номиналдық құны 2 000 (екі мың) теңгелік банкнот өлшемі 139х73 мм қағазда дайындалған.
Бет жағында: басым түстері қою және ашық жасыл, суреттер негізінен тігінен орналасқан. Негізгі бейнелер: банкноттың оң жағында «Қазақ Елi» монументі және төменгі бөлігінде ортада ұшып жүрген кептердің бейнесі. Банкноттың төменгі бөлігінде түс ауыстыру бояумен орындалған киіктің бейнесі. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық белгіленуі басылған, сол жақта ортада – номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгіленуі жазылған. «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу сол жақ жоғарғы бұрышта орналасқан, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескер-тетін мемлекеттік тілде «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген жазу бар.
Сырт жағында: басым түстері қою және ашық жасыл, суреттер негізінен көлденеңінен орналасқан. Негізгі бейне: Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы. Оң жақ бөлікте номиналы, стильдендірілген киіз үй және мемлекеттік тудың бейнелері бар ені 13 мм голографиялық жолақ орналасқан. Сол жақта төменде, оң жақта жоғарыда және төмен банкнот номиналының цифрлық белгіленуі, ал төменде ортасына қарай – орыс тілінде әріптік белгіленуі орналасқан. Жоғарыда ортада «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу, сол жақ төменгі бұрышта банкнот номиналының белгіленуі астында «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазу орналасқан
ҚР ҰБ Орталық филиалы (Астана қаласы)