Дизайн-код талаптарына сәйкес келтіріледі

0 16

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елорданың дизайн-коды талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қаланың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.Дизайн-код жобасы өткен жылдың аяғында мәслихаттың сессиясында бекітілді. Отырыста содан бері бұл бағытта атқарылған жұмыс­тар туралы баяндалды.
– Қала құрылысы регламенті екі кезеңнен тұрады. Екінші кезең дизайн-кодты енгізу болып отыр. Жыл басынан бері оны енгізуді бастап кеттік. Соның ішінде көрнекі жарнаманы орналастыру бойынша бірқатар кемшіліктерді анықтадық. Мәселен, мерзімі өтіп кетсе де, әлі ілініп тұрған, заңсыз ілінген, тиісті рұқсат құжаттары ескірген жарнамалармен жұмыс істеп, 338 нысанды тексердік, – деді Н.Ұранхаев.
Оның айтуынша, қазір барлық магистральді көшелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес альбом дайындалады. Онда сәулет талаптарына жауап бермей тұрған көшелер көрсетіледі. Құрылыс регламентін бұзып тұрған нысан иелеріне хабарлама жіберіледі.
Баяндамашы қаладағы қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстарынан да мәлімет берді. Сарыарқа ауданында Бейбітшілік көшесі, Бөгенбай батыр даңғылынан бастап, ескі теміржол вокзалы аралығына дейін жаңғыртылады. Оған ішінара І. Есенберлин, Біржан сал көшелері де кіреді.
– Жаңғырту жобасын әзірлегенде дизайн-кодты ескердік. Абай даңғылы бойынша К.Күмісбеков – ­Ш.Уәлиханов көшелері аралығы мен Ш.Қосшығұлұлы және С.Сейфуллин көшелерінде К.Күмісбеков көшесі – Сарыарқа даңғылы аралығында да қоғамдық кеңістік түрленеді, – деді басқарма басшысы. Сонымен қатар Алматы ауданындағы М.Жұмабаев көшесі, Тәуелсіздік даңғылы, Қажымұқан көшесі аумағы да бұл бағдарламаға еніп отыр.
– Жобалау жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттар да әзірленуде. Бірақ биыл бағдарламаға енген барлық көшелерді өзгертуге қаржы жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан жобаны жүзеге асыру созылып кетуі ықтимал, – деген баяндамашы тұрғын үйлердің кіреберістері, қасбеттері, шағын сәулеттік құрылыстар да дизайн-код талаптарына келтірілетінін айтып, мәслихат депутаттары қойған сұрақтарға жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + twelve =