ДИСПАНСЕРЛІК ЕСЕПТЕГІЛЕРГЕ ДӘРІЛЕР ТЕГІН БЕРІЛЕДІ

0 200

Серік ШӘЙМЕРДЕНОВ, Астана қаласы №4  емханасының бас дәрігері

– Қайырлы күн! Дәрі­герге қаралайық десек, былайғы күндері жұмыстан қолымыз босай бермейді. Демалыс күндері емхана қалай жұмыс істейді?

– Күнделікті 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейміз. Сенбі күні жұмыс кешкі 6-ға дейін жүргізіледі. Ал, мереке күндері таңертеңгі 9-дан күндізгі 2-ге дейін істейміз. Бұл күндері кезекші дәрігерлер мен мейірбикелер қызмет көр­сетеді. Жексенбі – демалыс.

– Мен – Ресей азаматымын. Астанада тіркеу­демін және осы қалада тұра­мын. Қазақ­станда тұруға уақытша рұқсатым бар. Тегін емде­луіме бола ма?

– Тегін емделу үшін меди­циналық сақтандыруыңыз болуы қажет. Ол болмаған жағдайда тегін медициналық көмек сізге тек қана денсаулы­ғы­ңызға қатер төнген кезде немесе сіздің ауруыңыз айналадағы адамдарға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар болған кезде ғана көрсетіледі. Болмаса сіз ақылы көмек ала аласыз.

– Серік Әменұлы, ауруханада жатып емделгім келеді. Ол үшін не істеуім керек?

– Ауруханаға жатып емделу мәселесін қарастыру үшін сіз бөлімшелік дәріге­ріңіз­ге баруыңыз керек. Ден­саулығыңызға байланысты қажетті тексерістерді жүр­гізгеннен кейін сіздің ауруханада жатып емделуге негіз бар ма жоқ па, оны учаскелік дәрігер мемлекет қаулысына негіздей отырып шешеді. Егер ауруханаға жатуға негіз болса, сізді ауруханаға жатқызу бюро порталына тіркейді. Ау­ру­хана сізге орын мен күнін көрсетеді. Содан кейін учаскелік дәрігерден жолдама аласыз. Сонымен қатар емха­нада күндізгі стационарларда медициналық көмектер көрсетіледі. Сонда жатып емде­луіңізге де болады.

– №4 емханада невропатолог пен окулиске көріну қиын. Кезек күту керек. Осы мәселені қалай шешуге бола­ды?

– Емханамыздың дәрігер­лері 180 мыңнан астам тұр­ғын­ға медициналық қызмет көрсетеді. Дәрігерлердің же­тіс­пеушілігі бар екені рас. Сіздің қойған мәселеңізді шешу барысында бізде жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Бір дәрігер балалар невропатологы мамандығы бойынша, бір дәрігер окулист мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. Алдағы уақытта бұл мәсе­ле өз шешімін табады деп ойлаймын.

– Тұрғындарға көрсетіл­ген медициналық көмекке қанағаттанбаған жағдайда не істеуімізге болады?

– Емханамыздың тіркеу орнында, холдарда мұндай жағдайда кімге хабарласу керектігі жөнінде ақпараттар бар. Медициналық көмек көрсетудің сапасы жөнінде 301, 402- кабинеттерге немесе 57-28-65 , 57-46-81 телефонда­рына хабарласуларыңызға болады.

– Келінім Еуразия универ­си­тетінің күндізгі бөлімінде оқиды. Мен немереммен үйде отырмын. Балаға тегін тамақ алуыма бола ма? Ол үшін кімге баруым керек?

– Егер келініңіз күндізгі бөлімде оқитын болса, мемлекет қаулысына байланысты немереңізге тегін тамақ алуға құқылысыз. Ол үшін оқу орнынан анықтама алып, учаскелік дәрігерге баруыңыз қажет. Комиссияда қаралып, сізге оң шешім шығарылады. Сосын ай сайын тегін тамаққа рецепт алып тұрасыз.

– Серік Әменұлы, айты­ңызшы, шетелге емделуге қалай баруымызға болады?

– Мемлекет қаулысына сәй­кес, шетелге Қазақстанда істелмейтін жоғары техноло­гиялық емдеу түрлері бойынша ғана жіберіледі. Қазір біздің елімізде жоғарғы тех­но­логиялық әдістер қол­данылатын көп операциялар мен емдеу түрлері жүргізіледі. Бұрын шетелде ғана жасалатын көп операцияларды қазір Астана хирургтері де жасап жүр.

– Балаларға тегін дәрі-дәр­мек қанша жастан беріледі және ол қай ауру түрлеріне қарастырылған?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 04.11.2011 жылғы №786 бұйрығына сәйкес, балаларға туғаннан бастап тегін дәрі-дәрмектер түрі беріледі. Жаңа туған нәрестелерге тегін аптечка қарастырылған. Бір жасқа дейінгі балаларға тұмау, бронхит, пневмония, рахит, ішек аурулары, қан аздығы бойынша тегін дәрілер беріледі. Сонымен қатар ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрған балаларға да тегін дәрілер қа­растырылған. Қант диабеті, туберкулез, қан ауруларының кейбір түрлері, миастения, эпилепсия, қауіпті ісік аурулары, ревмотоидты полиартрит, вирусты гепатит және бірқатар басқа да аурулар бойын­ша тегін дәрі-дәрмек алуға болады. Дәрілер тізімін учаскелік дәрігерден толық анықтама арқылы білесіз.

– Жасөспірімдер мен балаларға қандай мамандан­дырылған медициналық көмек түрлерін алуға болады?

– Учаскелік дәрігердің және жасөспірімдер дәрігерінің жолдамасы бойынша қажетті кез келген дәрігер консультациясын тегін ала аласыз.

– Қалалық №4 емха­наға қалай тіркелуге болады?

– Астана қаласында емханаға тіркеу үшін сізде қалалық тіркеу болуы қажет. Сонымен қатар бұрынғы медициналық мекемеден тіркеуден шығу талоны, жеке куәлігіңіз болу керек. Сонымен қатар үкіметтің электрондық сайты бойынша да тіркелуіңізге болады.

– Жақында Астанаға кө­шіп келдік. Сол жаға­лауда тұрамыз. Емделу үшін қайда баруым керек?

– Сол жағалау тұрғындарына медициналық көмекті Сауран көшесі 9-үйде орналасқан №4 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі көрсетеді.

– Мен «Шипагерге» қараламын. Ол жерде еш­қандай жағдай жасалма­ған. Ғимарат өте тар, желдеткіш жоқ, кезекте тұрған адам­дардың арасынан өте алмай­сың. Есіл ауданында жаңа емхана ашыла ма?

– Сол жағалаудағы Есіл ауданында 80 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы тәжі­ри­белік дәрігерлер бөлімі ғимаратының шағындау екені де рас. Бұл мәселемен емхана әкімшілігі, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы, қала әкім­дігі бірлесіп айналысуда. Үсті­міздегі жылдың бірінші жар­тысында бұл мәселенің уақытша шешімі табылады деп ойлаймын.

– Мен – Қазақстан аза­маты емеспін. Бірақ Астанада үш жыл тұрып, жұмыс істеп жатырмын. Жүк­тілігім бойынша сіздер­дің емханаға есепке тұруыма бола ма?

– Денсаулық сақтау ми-нистр­лігінің бұйрығына байланысты сізде медициналық сақтандыру болуы қажет. Болмаған жағ­дайда сізге көмек ақылы түрде көрсетіледі.

– Сіздердің емханада тіркеудемін. Ата-анам Аста­наға қонаққа келген еді. Анамның қан қысымы жоғары. Өз емханасында ауруы бойынша есепте тұрады. Ол Астанада тегін дәрі ала алама?

– Жоқ, ала алмайды. Те­гін дәрі-дәрмек түрлері диспансерлік есепте тұрған ауруларға өзі тіркеуде тұрған емханада айына бір рет жазылып беріледі. Сол үшін жол жүретін азаматтар дәрілерін алдын ала жаздырып алуы керек. Егер бірнеше айға жол жүріп бара жатса, бас дәрігерге өтініш жазғаны жөн.

– Ильинка елді ме­ке­ні­нен хабарласып тұр­мын. Өзде­ріңізге барып, дәрігерге көрінейін десем, тіркеу бөліміндегілер сіздерге басқа бөлім қызмет көрсетеді дейді. Осы дұрыс па?

– Дұрыс, расында да ақпанның басынан бастап Ильинка тұрғындарына «Салауатты Астана» ЖШС қызмет көрсете бастайды. Ол Ильинка елді мекенінде орналасқан.

– Бұрын сіздің емхана­да тіркеуде болдым. Дәрігер­леріңізге дән ризамын. Әсі­ре­се, бас дәрігер Серік Әменұлына көп рахмет айт­қым келеді. Алдына барған кездерімде әрқашан көмек қолын созады. Қазір №1 емханада тіркеудемін. Күндізгі стационарға №4 емханада қаралуыма бола ма?

– Әр емханада күндізгі стационар бөлімдері бар. Сол себепті сіз өзіңіз тіркелген емханада күндізгі стационарда тегін емделе аласыз. Басқа емханаларда бұл көмекті ақылы түрде аласыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + seven =