Дипломы жоқ миллионер

2 248

Тәуелсіздіктің құрдасы, жиырма сегіз жастағы Арман Тосқанбаевты қазақстандықтар 17 жасында алғашқы миллионын тапқан бизнесмен, Елбасыға сағат сыйлаған кәсіпкер ретінде таниды. Ол бүгінде алты кәсіпті дөңгелетіп отыр.

Атап айтсақ, Арманның қазір гидропоника қондырғыларын шығаратын «жасыл» технология­лар компаниясы, елтаңбамыз бейнеленген ұлттық нақыштағы сағат шығаратын «Otan» компаниясы, криптовалюта сақтайтын әмиян шығаратын компания, жылыжай өсірумен айналысатын «Zertis» компаниясы, сәулет жобаларымен айналысатын «Mad Company» компаниясы және биологиялық белсенді қоспалар сататын «Marine Health» компаниясы бар.

«Компанияларымның қаржы айналымы 2-3 миллион доллардан асады. Барлығын есептегенде штатта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Қалған жұмысты көбіне аутсорсинг компанияларға тапсырамын. Соларды қосқанда 200-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отырмыз» дейді жас кәсіпкер.

Арманның бизнестегі жолы америкалық миллиардерлердің тарихына ұқсас. Ол оқушы кезінде компьютерлерді жөндеп табыс табатын. Сабаққа аса көңіл бөлмегендіктен, ҰБТ-дан шектік балл жинай алмайды. Келесі жылы болашақ кәсіпкер Томск мемлекеттік университетіне түсіп, екі жылдан соң оқуын тастайды. «Мен онда да сабақ оқымай, бизнеспен айналыстым. Қытайларға ағаш сататынмын. Ақыры сессиялардан «құладым». Жалпы, менің оқуда ешқашан жолым болған емес. Есесіне бизнесте суда жүзген балықтаймын» дейді дипломсыз бизнесмен.

2014-2015 жылдары Арман банкротқа ұшырап, қарыз­ға батады. Сол шақтар туралы кәсіпкердің өзі:

– Жарты жыл бойы қарыздарымды жауып, жаңа мүмкіндіктер іздедім. Бір күні интернеттен өте қымбат сағаттар сататын швейцариялық зауыттың жарнамасына көзім түсті. Ол Қазақстанның елтаңбасы бар, бағасы 250 мың еуролық жалғыз данамен сағат шығарған екен. Сонда менің басыма осындай сағаттарды қолжетімді бағада өндіру туралы идея келді. Дереу елтаңба бейнеленген сағаттың алты эскизін жасап, Facebook-тегі парақшамда жүктедім. Нарықты зерттеу барысында әлгі сағаттарға сұраныс болатынын түсіндім. Бұдан соң зауыт іздеп, шетелдік компанияларға байланысқа шықтым. Мен ағылшын тілін білмеймін, хаттарымның бәрін Google Translate арқылы аударғандықтан, кей жерлері күлкілі болып шығатын. Мысалы, мен қол сағаттың «watch» деп аударылатынын кейін ұқтым, оған дейін «clock» деп аударып жүргенмін. Зауыттар да менің не сұрап тұрғанымды түсінбесе керек. Көбі мүлдем жауап та берген жоқ, – деп еске алады. 2016 жылы Арман осы сағаттардың бірін Елбасыға сыйлады.

«Кейде маған адамдар «қалай бизнес ашсам екен?» деп жазады. Алайда менде оған айта салатын бизнестің қандай да бір дайын формуласы жоқ. Кәсіп бастаған кезде алдымен іздену керек. Мемлекеттік көмек алу қажет болса, «Даму» қорына немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барыңыз. Ешқашан жеңіл ақшаны тосып, уақыт жоғалтуға болмайды. Егер ойланатын болса, кішігірім ақшадан бәрін бастауға болады» дейді Арман.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды