Дипломаттар неге жанжалға іліге береді?

0 110

Бірер күн бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюро Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың аса ірі көлемде бюджет ақшасын ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлады. Құзырлы мекеменің ресми өкілі Жанна Бастарова Е.Өтембаевтың Өзбекстандағы елшілігіміздің әкім­шілік ғимаратының құрылысы бо­йынша жалған актілерге қол қойғанын растады. Заңсыз іс-қимылдың салдарынан елімізге 140 миллион теңгеден аса зиян келген. Сәл кейінірек Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров «Өтембаевтың ісі» аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевтің тұтқындалуымен байланысты екенін мәлімдеді.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жемқорлыққа қатысты жанжалдың еліміздің халықаралық беделіне ешқандай нұқсан келтірмеді деп санайды. «Нұқсан келеді деп ойламаймын. Біздің өзіміз бұл істің ашық, әділ тергелуіне және келешекте мұндай оқиғалардың қайталанбауына мүдделіміз» деді министр журналистерге берген жауабында. Ал жуырда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ерік Өтембаевтың атқарған қызметінен шеттетілгені мәлім.
«Өтембаевтың ісіне» орай, біз қазақстандық дипломаттардың қатысуымен орын алған бұрынғы жанжалдарды еске түсіруді жөн көрдік. Едіреңдеген елшіліктегілер жанжалдардан рекорд жасаған жылы – 2011. Наурыз айында Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің үшінші хатшысы Рахат Тұрлыхановты елге қайтарды. Ол Лондонда бірнеше мәрте жол жүру, автокөлікті тұраққа қою ережелерін бұзып, айыппұл төледі. Сол айда Қазақстанның Берлиндегі елшілігінің атташесі Данияр Атанов таксишімен төбелесті. Ол жүргізуші қымбат сұрады деп жол ақысын төлеуден бас тартқан. Қатаң сөгіс алған дипломатты елге шақыртты. Сәуір айында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілінің кеңесшісі Валерий Толмачев Парижден Римге ұшаққа мініп, әуе кемесін Ливия астанасына қондыруды талап етті. Стюардессаның тамағын кішкене пышақпен тілген отандасымызды итальян полициясы тұтқындады. 2013 жылы Германияда бас консулымыз Ахат Алпысбаев пен оның көмекшісі Қайрат Адыров тұтқындалды. Салық салынбайтын темекіні тасымалдаған дипломаттар 2 жыл 8 айға сотталды. 2014 жылы Норвегиядағы Қазақстанның консулы Қуаныш Ағайдаровқа алкоголь өнімдері мен қызметтік құжаттарды ұрлады деген айып тағылды. Көп ұзамай ол Ослодан елге қайтты. 2016 жылы Қазақстанның Үндістандағы экс-консулы Рәшид Рахымбеков 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылып, 26 миллион теңге айыппұл төледі. Сөйтсе, ол батпанқұйрық қызметін пайдаланып, Үндістан азаматтарына заңсыз жолмен 1700 іскерлік виза беріпті. Біздің елшілер мен дипломаттардың басы даудан арылмайтыны несі екен?..

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды