©2020 Астана Ақшамы
Дипломатиялық қасиеті айрықша таңғалдырады
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының жақын достарының бірі, егемен еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменовпен кездесіп, әсерлі әңгіме өрбіткен едік.
– Төлеутай Ысқақұлы, еліміз жеті жылдан бері осы айтулы күнді атап өтіп келеді. Алдымен осы мерекенің маңызына тоқталып өтсеңіз?
– Шындығында, бұл мейрамның мәні бөлек. Оны тереңірек білу үшін сәл өткенге шегініс жасайық. 1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде алғаш рет халықтық Тұңғыш Президент сайлауы өтті. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевқа республика тұрғындарының 97 пайызы дауыс берді. Шын мәнінде, бұл үлкен жеңіс еді. Арада аз күндер өткеннен кейін Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Осы оқиғалардың бәрі бір-бірімен сабақтасып жатыр. Халқымыз үш ғасыр бодандықтың қамытын киді. Соңғы жетпіс жыл Кеңес империясының құрамында болдық. Барлық елдік мәселелерді Мәскеудегі «төрелер» шешіп отырды. Өзімізде ешқандай билік болмады. Сондай бір сұрқия заман басымыздан өтті.
Ал азаттықтың жөні бөлек. Әрине, бізге дербестік оңай жолмен келген жоқ. Халқымыздың азат ойлы ұлдары тәуелсіз ел болуды аңсап, осы жолда бастарын бәйгеге тікті. Тіпті, құрбан болды.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық елді тығырыққа тіреді. Бұрынғы одақтас республикалармен арадағы байланыс үзілді. Олар да біздің жағдайымызды кешті. Экономика құлдырап, өндіріс орындары тұралады. Колхоз-совхоздардың да басынан бақ тайды. Президент осындай ауыр кезеңде тәуекелдің кемесіне мініп, жаңа реформаларды қолға алды. Нарықтық қатынасқа көштік. Жекешелендіру процесі басталды. Экономикасы дамыған мемлекеттерден инвестиция тарту – басты міндет саналды. Сыртқы саясатқа терең мән берілді. Алдымызда Қазақстанды әлемге таныту мақсаты тұрды. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарының мүшесі болдық. Алатаудың етегіндегі ел ордасы Арқаға көшті. Осы қыруар жұмыстардың бәрі – Елбасының ерік күш-жігерінің арқасында жүзеге асты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолында атқарған еңбегі – ұшан-теңіз.
Бір жағынан, мұндай мейрам жалғыз бізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде атап өтіледі. Мәселен, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне осындай мерекені екі ғасырға жуық өткізіп келеді. Ұлыбританиялықтар 8 маусымда патшайымның туған күнін тойлайды. Нидерланд Корольдігі де ұлттық мейрам ретінде патша күнін 27 сәуірге белгілеген. Францияның іргетасын қалаған генерал Шарль де Голльдің күні де атаусыз қалған емес. Сондықтан Тұңғыш Президент күні халқымыздың мұраты мен мүддесін бір арнаға тоғыстыратын мереке деп санаймын.
– Сіз Елбасыны қай кезден білесіз?
–Дәлірек айтқанда, 1960 жылдан бері танимын. Біздің жолымыз Теміртауда түйісті. Он жеті-он сегіз жастағы өрімдей жігіттерміз. 1957 жылы Теміртауда металлургия зауытының домна пешінің іргетасы қаланды. Сол жылы аталған зауыт Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланды. Енді Теміртауға жан-жақтан ағылып мыңдаған жастар комсомолдық жолдамамен келе бастады. Мен орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл Магнитогорскіде оқып, сол жақтан келдім. Нұрсұлтан да Украинаның Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік училищені енді бітіріп келген екен. Ол уақытта металлург мамандығын меңгерген қазақ балалары сирек. 1960 жылы 3 шілдеде домна цехы іске қосылып, алғашқы шойын құйылды. Бұл тарихи сәт кәдімгідей кең көлемде атап өтілді. Біз домна пешінде шойын құюшы болып істедік. Домна пешінің жұмысы тәулік бойы тоқтамайды. Металдың температурасы 1300-1400 градусқа көтерілгенде, қызуы бет қаратпайды. Жұмыс өте ауыр. Бірақ біз оған мойыған емеспіз. Жас болғаннан кейін бізге бәрі жеңіл көрінді.
– Ол кісі жас кезінен қандай еді?
– Келбеті келісті, қайратты жігіт болды. Сөзге шешен. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Жастар арасында оның беделі өте жоғары еді. Қысқасы, өз қатарластарының алдында жүрді. Көп ұзамай Нұрсұлтан Әбішұлы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Мен онда комбинаттағы комсомол комитетін басқардым. Одан кейін ол Қарағанды металлургия комбинатына партия комитетінің хатшысы болып барды. Мен оның орнына комсомол комитетінің бірінші хатшылығына келдім. Жалынды жастың осы қызметте жүргенде ұйымдастырушылық, іскерлік қыры жарқырап көрінді. Бірде комбинат жұмысын КСРО Орталық комитеті қарап, зауыт басшыларын Мәскеудегі Кеңес одағы көсемдерінің бірі Михаил Суслов қабылдайды. Отырыста комбинаттың жұмысы, ондағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сөз болады. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев Сусловтың алдында барлық проблеманы ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізеді. Бұл да – екі адамның бірінің бойынан табыла бермейтін батылдық. Ақыры, Назарбаевтың айтқан ұсыныстары қабылданып, Одақ тарапынан Теміртау қаласы мен металлургия комбинатының дамуына маңыз беріледі. Жұмысшылардың жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсарды. Бұл қамқорлықты зауыттың көнекөз мамандары әлі күнге дейін аузынан тастамайды.
– Өз басыңыз қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Достыққа адалдығын жоғары бағалаймын. Ешқашан жолдасын жолға қалдырып көрген емес. Жақын жүрген жігіттерге қамқорлығын аямайды. Тағы бір қасиеті – адамның сөзін мұқият тыңдап, не айтып отырғаныңызды байқап тұрады. Мұндай ерекшелік әр адамның бойынан табыла бермейді. Днепродзержинскідегі кәсіптік училищенің бір оқытушысы өзінің шәкірттерінің қабілетіне қарап: «анау өндіріс шебері болады, мынау ауысым шебері болады. Біздің Нұрсұлтан үкімет басшысы болады» деп айтады екен. Сол дуалы ауыз ұстазының айтқаны айдай келді. Қарапайым жұмысшыдан бастап, биліктің барлық қызмет сатысынан өткен көрнекті тұлғаның өмір жолы кейінгі жастарға тағылым болар үлгі деп ойлаймын.
– Көпшілік байқай бермейтін қандай қыры бар?
– Мен егемендіктің елең-алаң шағында Сыртқы істер министрі қызметін атқардым. Сонда Мемлекет басшысымен бірге көп елдерге ресми сапармен бардым. Сонда мені оның дипломатиялық қасиеті айрықша таңғалдырды. Кездесуде кез келген елдің басшысымен тез тіл табысып, шүйіркелесіп кетеді. Және ол адамды айтқанына сендіреді. Ешқашан сөзден ұтылмайды. Экономиканың сан қырын бүге-шігесіне дейін біледі. Барлық мәліметті жатқа айтады. Аурасы өте күшті. Адамды тартылыс күшіндей бірден тартып алады.
– Президентпен бірге есіңізден кетпейтін оқиға болды ма?
– Әрине, болды. Бір оқиғаны айтайын. 1993 жылы болу керек, Елбасы бастаған ресми делегация АҚШ-қа барды. Кездесу барысында екі мемлекеттің басшылары маңызды құжаттарға қол қойды. Содан кешкілік АҚШ өкіметі біздің Президентке арнайы қонақасы берді. Оған бұрынғы АҚШ-тың басшылары, мемлекеттік хатшылары, депутаттар, қысқасы, жоғарғы билік өкілдері қатысты. Сонымен бірге дастарханға екі жүз мемлекеттің осы елдегі елшілері де шақырылды. Мұндай айтулы шарада протокол бойынша ешкімге сөз берілмейді. Осы кеште АҚШ-тың лауазымды тұлғалары Нұрсұлтан Әбішұлына: «Сіздің өнерге жақын екеніңізді естідік. Бізге бір ән салып берсеңіз» деген өтініш айтты. Біздің Президент еш қысылмастан қасына Сара Алпысқызы мен Дариғаны ертіп, сахнаға көтеріліп, үшеуі қосылып, қазақтың екі халық әнін тамылжытып шырқады. Дастарханда отырған қонақтар орындарынан тұрып, ұзақ уақыт қол шапалақтап, біздің Елбасыға құрмет көрсетті. Содан кейін Дариға Нұрсұлтанқызы өзі жеке ағылшын тілінде бір ән орындады. Біздің делегацияға сол кезде америкалықтар: «Сіздердің бақтарыңыз бар екен. Мынадай Президентпен бірге әлі талай белесті бағындырасыздар» деп ілтипат білдірді.
– Қазір Елбасымен кездесіп тұрасыз ба?
– Әрине, Президенттің әрбір уақыты есептеулі. Соған қарамастан ол кісімен жылына екі-үш мәрте кездесеміз. Сол кезде жастық күндерден бірге келе жатқан достардың басы қосылып, баяғы қызыққа толы шақтарды еске алып, емен-жарқын әңгімелесеміз.
Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ