Диплом керек пе, күнкөріс керек пе?

0 214

Дипломсыз жетістікке жету мүмкін емес деп ойлаймыз. Алайда олай емес екен. Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Генри Форд, Коко Шанель, Джим Керри, Уолт Дисней сынды әлем мойындаған тұлғалардың көбінде диплом жоқ. Ал білімнің соңына түсіп, қос-қостан мамандық иеленгендердің біразы басқа салада жүр. Немесе әлі де жетістік шыңын бағындыра алмаған. Жалпы бүгінгідей нарық заманында диплом қаншалықты қажет?

DSC_2267

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүргізген зерттеу соңғы 3 жылда түлектердің 74 пайызы ғана жұмысқа орналасатынын анықтапты. Мысалы, былтырғы оқу жылында диплом алғандардың 71 пайызы ғана жұмыс тапқан. Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 20 мыңы әлі күнге дейін жұмысқа орналасқан жоқ. Бұған пандемия да кері әсерін тигізді. Өйткені шағын кәсіпкерліктің табысы азайып, қызметкерлер саны 11 пайызға кеміді. Кәсіпкерлер палатасының зерттеуіне қарағанда, қазір елде жүргізуші, есепші, құрылысшы сынды мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан да шығар бүгінде жастар мектеп бітіре салып университетке түсіп, диплом алуға асықпайды. Керісінше, өз икемдеріне қарай күнкөріс көзіне айналған бір саланы меңгеріп, қоғам өміріне етене араласқысы келеді. Еуропа елдерінде бұрыннан бар осы үрдіс біздің елдің жаңа толқынына да әсер етіп жатқандай.

Таудай талап болса…

Қоғамдық тамақтану нарығында 25 жыл жұмыс істеп келе жатқан «Қағанат» асханалар желісінің негізін қалаушы Шынар Бөгембаева да осы жолды таңдап, бизнеске 20 жасында қадам басқан. Әкесінің нұсқауымен технологиялық университетке түскен ол 3-курста оқуды тастап, кафеге жұмысқа тұрады. Онда бір жыл жұмыс істеп, өзі де асхана аша алатынын түсінген. «Тез, дәмді әрі арзан, таза асхана ашу идеясы университетте оқып жүргенде келді. Алғашқы кішігірім асханамда өзім аспаз, өзім сатушы, өзім еден жуушы болып бастадым. Қазіргі таңда бірнеше қалада ашылған асхана желілерінен бөлек бірнеше бизнесім бар. Әкем ұстаз болып қызмет етті. Ол бала кезімде «жұмысы бар адам – ең бақытты адам» дейтін. Себебі кейбір жандар жұмыс істеу үшін басқа қалаға көшуге мәжбүр болып жатады. Ең бірінші әкемнен алған тәрбием өмірде маған үлкен көмегін тигізді. Бірде ол «Касса бір жабылғаннан кейін ашылмауы керек» деген еді. «Қағанатты» ашпай тұрып осы ұстаныммен жүрдім. Бизнесім табысты болмайынша, ақшаны өзім қалаған заттарға, тойға немесе басқа да қажеттіліктерге жұмсаған емеспін. Бір белдемше, бір жейдемен жүрген кездерім де болды. Бұған ешқашан қынжылған жоқпын. Себебі мақсатым айқын, соны орындауға бар күшімді салдым. Ақшаны жұмсағым келмегені соншалық, өзіме үй сатып алуға 10 жыл уақыт кетті» дейді Шынар Бөгембаева.

Қадірі кеткен қызыл диплом

Өмірде кейбір жандардың қалаған оқу орны мен мамандығына түссе де кейін оқуға құлқы болмай, орта жолда таңдауынан бас тартқандарын көріп жүрміз. Тіпті университетті тезірек бітіруге асығатындар мен «4 жыл уақытымды босқа өткізіппін» дейтіндер де көп. «Жоғары оқу орнын бітірсем, қолыма диплом алсам, мен білімді адаммын» деп есептеуге, көңіліңізді тоқ етуге асықпаңыз. Өйткені университет тек теориялық білім береді. Ал өмірге ең қажетті практиканы жұмысқа тұрған кезде барып үйренесіз. Жоғарыда аталған өз ісінің майталмандары да таза тәжірибемен биікке жеткен. «Жұмысыңыздан ләззат алмасаңыз, өзіңізді қинаудың қажеті жоқ, өзіңізге ұнайтын саланы таңдауға тәуекел етіңіз! Мен де дәл солай істедім. Төрт жыл еліміздің ең таңдаулы жоғары оқу орнынан биотехнология саласы бойынша білім алып, қызыл дипломмен бітірдім. Мамандығым бойынша жұмысқа шақырғандар да болды. Таңнан кешке дейін отырып, 100 мың теңгеге жетпейтін айлық алғым келмеді. Оның үстіне қазір «дипломың қызыл ма, көк пе?» деп ешкім қарамайды да. Осылайша алған дипломымды сандыққа салып қойып, қолымнан келетін кәсіппен айналысамын деп шештім. Қазір құрылыста дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрмін. Айына 300-400 мың теңге табыс табамын. Біраз қаржы жинап, болашақта жеке бизнесімді ашпақшымын» деді жас маман Арыстан Тоқанов. Иә, қазір дипломның түсіне ешкім қарамайды. Бұрын бір топтан тек 2-3 студент үздік диплом алса, қазір топтағы 20 студенттің барлығы қызыл диплом алатын болған. Деканға жақсаң бағаларың «3» болып тұрса да, қолыңа үздік диплом ұстатып жібере береді. Бұл бассыздықтың тез арада алдын алмасақ, күректей диплом құр қағазға айналып қалайын деп тұр. Биылдан бастап Украинада қызыл диплом берілмейтін болыпты. Үздік оқысаңыз, дипломдағы «қосымша ақпарат» бөліміне жазып қояды. Бізге де осындай өзгеріс енгізу керек сияқты.

Дипломды жұмыссыздар көп

Елімізде жоғары оқу орнын тәмамдағандардың жартысынан көбі өз мамандығы бойынша қызмет етпейді екен. Нәтижесінде қоғамда дипломды жұмыссыздардың саны күрт өскен. Олар дипломы бола тұра неге жұмыссыз? Жасыратыны жоқ, қазір жастардың көбі білім үшін емес, диплом үшін оқиды. Ата-аналар «жоғары білім – жарқын болашақ кепілі» деген кеңестік кездегі стереотиптерден шыға алмай, баласының оқуға ынтасы болмаса да, әупірімдеп жүріп диплом алып береді. Мектептегі мұғалімдер де «оқымасаң – ешкім емессің» деп баланың құлақ етін жейді. Соның салдарынан жастардың басым бөлігі ақысы арзан, аты беймәлім оқу орындарынан өзі қызықпайтын мамандықты меңгеріп шығады. Көңілі қаламай түскен соң оқуға деген ниеті де болмай, әр сессияны қосымша жұмыс істеп тапқан ақшасымен жабады. Соңында дипломдық жұмысын өзгеге жаздыратыны айтпаса да белгілі. Осылайша дипломы бар, мамандығының атын ғана білетін тағы бір маман жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Сондықтан баланың мамандық таңдау еркін өзіне қалдырған дұрыс. Өзіне қуаныш сыйлайтын іспен айналысқан маман ғана қоғамға пайдасын тигізеді.

Тәжірибе де, біліктілік те жоқ

Талай жыл терлеп жүріп қолға дипломын алғаннан кейін жас маманға жұмыс табу – тағы бір машақат. Өйткені жұмыс берушілердің көбі жастарға бәрін басынан бастап үйретіп уақыт кетіргенше, дайын маманды алғанды жөн санайды. Алдына келген түлектен жұмыс тәжірибесін талап етеді. 4 жыл университет қабырғасынан шықпаған жаста тәжірибе қайдан болсын?! Ал теория мен практиканы ұштастырып, сапалы маман даярлайтын жоғары оқу орындары саусақпен санарлық. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білім бермейтін, саңырауқұлақтай қаптаған оқу орындарының көпшілігі диплом таратқаннан әрі аса алмайды. Материалдық базасы жұтаң, оқытушылар құрамы әлсіз. Пайда әкеліп отырған бірден-бір табыс көзі студент болғандықтан, нашар оқығандарды да оқудан шығармайды. Бір жылдары шағын қалалардың өзінде университет, институт аттарын иемденген оқу ордалары көбейіп кетті. Соның салдарынан Қазақстан ЖОО-ның және сонда оқитын студенттердің саны жөнінен әлемде көшбасшы елдердің қатарына қосылды. Қазақстанда 1 млн тұрғынға 10 жоғары оқу орнынан келеді екен. Ал халықаралық тәжірибеде миллион тұрғынға 1-3 оқу орнынан айналады. Сол себепті де Білім және ғылым министрлігінің жоғары және арнаулы орта оқу ордаларының санын қысқартуға күш салуы әбден құптарлық. Білім деңгейін көтеру үшін биылдан бастап еліміз жалпы стандарттағы дипломнан бас тартып, әр оқу орны өзіндік үлгіде диплом бере бастады. Енді еңбек нарығында қай оқу орнының түлектеріне сұраныстың жоғары екендігі айқын анықталатын болады. Көшке ілесе алмағандар өздігінен қызметін тоқтатады.

Білім гранттары өзін ақтамай жатыр

Кәсіпкер Ерлан Төлендиев түлектердің жұмыссыз сандалуына алған. Білімдерінің таяздығы басты себепкер екенін айтады. Яғни университет қабырғасында берілген білім мен нақты өндіріске қажет білімнің арасы жер мен көктей деңгейге жеткен. «Біз жұмыс сұрап келген түлектің дипломында қандай баға бар екеніне қарамауға үйрендік. Өйткені дипломдағы баға мен оның біліктілік көрсеткіштері көп жағдайда сәйкеспейді. Жас маманнан өндірістік проблеманы шешу жолын сұрасаң, өткен ғасырдағы тәсілді ұсынып тұрады. Бұл – нақты факт. Мысалы, былтыр жұмысқа қабылданған түлектер 6-7 ай бойы үйреніп, жай менеджер қатарына содан кейін ғана қосылды» дейді кәсіпкер.

Аты бар, заты жоқ мамандықтар

Жоғары оқу орындарының көбеюі қажетсіз мамандықтардың оқытылуына, дипломды жұмыссыздардың артуына әкелді. Қазір екінің бірі заңгер мен экономист. Бірақ еңбек нарығы қаптаған заңгерлерді жұмыспен қамтуға қауқарсыз. Ғалым Камал Бұрханов депутат болып тұрған кезде Қазақстанда жылына 5 мың жас дипломатиялық мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдайтынын, олардың әрі кетсе 10-ы ғана Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұратынын айтып, алаңдаушылығын білдірген еді. Шынымен де, атын естігенде елең ететін «Халықаралық қатынастар» сынды мамандықтарды бітірген түлектердің 80 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Керісінше, техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары болса да, жастар бұл саладан жасқанады. Өмірде ең бірінші мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп жатамыз. Бірақ қоғамда мамандық таңдауға қатысты нақты ақпараттың жоғынан бір қателікті қайталап жасап жүрміз. Негізі, тиісті органдар жыл сайын қай салаға маман тапшы, қай салада шамадан тыс маманның артық екенін арнайы анықтап, жоғары сынып оқушыларына бағыт беруі керек. Жетістіктің кілті – жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіруде емес, шынайы білімде. Иә, екі қолға бір күрек табылады. Бірақ білім мен қабілет қайраңда қалмауы керек…

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 6 =