Диплом бар, жұмыс жоқ

0 64

Бүгін қоғам жаңарды. Уақыттың сұранысына сай өмір сүру қағидасы қалыптас­ты. Осыған орай мамандықтар рөлі де түрлі өзгерістерге ұшырауда. Жаһан жылдамдығымен тың жаңалықтар одан әрі күшейіп, шамамен 5 жыл сайын бүгінгі жаңамыз ертең ескіге айналып жатады. Бүгін сұранысқа ие мамандықтар қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүмкін. Осындай өзгерістерден кейін адам мен мамандыққа қойылатын талап та өзгеше болмақ. Ал бұл жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына қалай әсер етеді?Қазір қандай мамандықтар қат?

2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жо­йылып, орнын 180 мамандық баспақ. Сонда біз қазір қандай мамандықтарға зәруміз? Алдымен техникалық мамандықтардың мән-жайына тоқталсақ.
Еңбек нарығы үнемі өз­геріп отыратыны белгілі. Нанотехнологиялар, маркетологтар, бағдарламашыларға (программист) қаншалықты сұраныс болса да, табысы төмен. Оның себебі де көп. Басты себеп – осы мамандықтардың әлі де болса жетілдірілмей жатқаны. Әрине, Қазақстанда білім ордалары жоғарыда айтылған мамандықтар бойынша ма­мандар даярлайды. Бірақ еліміздегі білім бағдарламасының 73 пайызы жұмыс берушілердің сұранысына сай емес екен. Енді, оның екінші жағы – еліміздегі өндіріс орындарының осы мамандықтарға деген сұранысы да көңіл қуантпайды.
Жас магистрдің пайымдауынша, жоғары білімді жас­тардың жұмыс таба алмауының басты себебі – білім беру жүйесінің нарықпен тығыз байланысының болмауы.

Жұмысшы кәсібі қашан маңызды болады?

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жұмыссыз ретінде 3101 адам тіркелсе, оның 1109-ы жастар екен. 2019 жылы 9, 11-сынып оқушыларынан 5823 жас кәсіптік бағдарлаудан өткен. Қалалық жұмыспен қамту басқармасының берген мәліметінше, жалпы қалаға биотехнолог, жүргізуші, эколог, мұнай-газ саласының мамандары жетіспейді. Сондай-ақ IT маманы, бағдарламашы сияқты технологтарға да сұраныс бар. Иә сұраныс бар, демек жұмыс та бар деген сөз.
Бірақ жастар неге жұмыссыз деген сауалға көбі мынадай бірнеше себепті алға тартып отыр.
1. Жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы.
2. Жұмыс өтілінің аздығы немесе жоқтығы.
3. Таныстықтың жоқтығы.
4. Еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы.
5. Тағы бір мәселе, мектеп бітіру­ші түлектер болашақ кәсібі туралы ештеңе білмесе де, өз ата-анасы таңдап берген мамандыққа түсуі.
Десек те, жастардың білім-білігі мен қабілетіне қарай мүмкіндіктер қаншама? Бүгінде қалтасында ЖОО-ның 2-3 дипломы бар жұмыссыз жүрген жастар аз емес. Жоғары білімді 4 жыл ақылы оқып, 60 мың жалақысы бар жұмысқа жегілгісі тағы жоқ. Өйткені алатын жалақысы бұл оқуға жұмсаған қаржысынан әлдеқайда аз. Қызыл дипломның қызуын қимайтын жастардың көбі «жәй» жұмысшының кебін кигісі келмейді.
Нағыз «ерлік» жасайтын шақта бір дипломға ғана телмірген қанша жастың алтын уақыты текке өтіп жатыр?
Елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» – сәтті бағдарламаның бірі. Өйткені мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алу үшін Үкімет бұл іске шындап кірісті. Алайда еңбек нарығына өзгеріс әкелген уақыт адамдардың санасын түбегейлі жаңарта алмай отыр. Көпшілігі тек жоғары білім алу керек деген түсініктен әлі арыла алмай келеді. Мұны әлеуметтанушылар да жоққа шығармайды және оның себебін де саралап берді.
Елбасы айтқандай, қазір жұмысшы мамандығы, құрылысшы, дәнекерлеуші, тігінші, аспаз мамандығына сұраныс нарықта өсіп отыр. Еліміздегі жұмысшы мамандығына оқытатын колледждер сұраныс үдесінен шыға алып отыр ма?

Колледж мамандығынан менеджерге дейін…

Өйткені дамыған мемлекеттерде 80 пайыз жұмысшы маман, 20 пайыз интеллигент өкілдерін құрайды екен. Біздің елде көпшілігі намыс көретін қарапайым ғана жұмысшы мамандығының шетелде мәртебесі жоғары. Өйткені жалақысы да аз емес. Мұнда түлектер үшін бірден жоғары білім алу деген қасаң түсінік жоқтың қасы. Тіпті мектеп бітірушілер университеттерге әлі келсін, келмесін құжат тапсыру үрдісі де жоқ екен. Яғни, ЖОО-ның дипломын алуға асықпайды. Алдымен колледждегі мамандықты игеру – басты мақсат. Мысалы, Швецияда құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, өрт сөндіруші мамандықтары құрметті қызметке жатады. Тіпті мемлекет коллеждерге осы сала бойынша арнайы гранттар бөліп қойған. Айлығы да аз емес.

Енді бізде…

Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын жан-жақты жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңесіп, еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарына бейімдеу сияқты бірқатар мәселелерді ортақ шешпек.

Жұмыс жоқ деме…

Жоғары білімді болу арқылы жоғары жалақы алам деу – қате пікір. Бұдан арылатын уақыт әлдеқашан жеткенін бүгінгі озық ойлы жастар түсінгені абзал. Өйткені бұрынғыдай бір мамандық иесі атанып, дипломың қалтаңда болса ғана, адам боласың деген қағидадан қазіргі сұраныс тым алыстау. Бүгінгі жас үшін керек дүние: ортаға бейімделу, қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістерді сауатты сараптау, бағалай білуге дағдылану. Бұл дағдыларды мектеп жасынан сіңірсе, өмір баспалдақтарынан еркін басып, дұрыс маман қалыптасады. Оның үстіне елімізде 15-29 жас аралығында білімі жоқ немесе жұмыс істеуге мамандығы сай емес жастардың тегін жұмысшы мамандығына білім алуына мүмкіндік бар. Оқушыларға тегін оқу, оқу үлгеріміне байланысы жоқ шәкіртақы, ыстық тамақпен қамту болашақ жұмыскер үшін үлкен қамқорлық емес пе? Демек, жұмыс жоқ деме…

Жидегүл Аманғали,
экономика ғылымдарының магистрі:

– Қазақстанға қандай мамандықтар қажет дегенге сарапшылар зерттеу жүргізген. Біздің Қазақстан нарығына мықты сапалы маркетологтар, пиар-менеджерлер, имидж­мейкерлер, логистер, IT технология саласының мамандары жетіспейді. Сосын әлі де болса мықты, білікті, сапалы заңгерлер мен экономистердің қажет екендігі анықталған. Мысалы, маркетолог мамандығы 2003 жылдан бері оқытылып жатыр, бірақ олардың көбі оқу бітірген соң бос жүреді. Неліктен? Өйткені көптеген кәсіпорын, өндіріс орындарының басшылары маркетолог, пиар мамандықтарының қажеттілігін, маңыздылығын түсінбей жатыр. Әрі кетсе, жас маркетолог банкте несие мамандығының менеджері болып жүр. 10-15 жыл бұ­рын «Туризм және қонақ үй бизнесі» мамандығы оқы­­тыла бастады. Алайда қайда жұмыс істеу керек? Міне, Қазақстанның нарығы өзгермей жатыр дегеніміз – осы.
Мысалы, IT саласының мамандары Украина мен Белоруссияда жоғары сұранысқа ие және жалақылары да жоғары. Ал бізде мардымсыз. Сондықтан біздегі ЖОО-ның да, колледждердің де оқу бағдарламаларын өзгерту керек.  

Ернұр Асқаров, жұмыссыз жас:

– Мектепті үздік бі­тір­дім. Сондықтан мен неге жоғары білім алмауым керек? Орал қаласындағы БҚАТУ-дің мұнай-кен өндіру мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім, оны қызыл дипломмен аяқтадым. Осы оқу орнының аспирантурасын да 2 жыл бұрын бітірдім. Көп жерлерге түйіндемемді өткіздім. Көпшілігі еңбек өтілімді сұрайды. Әзірге жұмысқа шақырған ешкім жоқ. Жұмыссызбын.

Алмагүл Мусина, әлеуметтанушы:

– Неге жастар тек диплом алуды көздейді? Бұл жастардың кемшілігі емес, ол – бүгінгі еңбек нарығындағы қойылатын ең негізгі сұраныс, ең басты талап, шарт. Жас адам қай жерге жұмысқа орналасуға бармасын, оның жоғары білімі болуы шарт. Мейлі, ол қай сала болса да, офис менеджері болсын, күтуші болсын, сатушы болсын, дәнекерлеуші болсын. Бұл жерде жұмысқа орналасушының дипломы «жұмысқа орналасуға жарамды» деген штамппен бара-бар, яғни нақты бір дағдылардан бұрын, қағаздың болуы шарт болып отыр. Сәйкесінше мұндай сұраныс соған сай ғадетті жаппай жоғары диплом алуға ұмтылыс қалыптастырады. Ал жастардың жұмысшы мамандықтарына деген ықыласының төмендігіне былай дер едім. Жастар мамандық таңдауда оның беделіне яғни престижі мен жалақы деңгейіне көбірек мән береді. Бұл орайда, кешегі мектеп түлегі көбіне өзінің көргені мен айналасындағылардың тәжірибесіне ғана сүйенеді. Жастардың басым бөлігі үшін дене еңбегі ауыр, үнемі қолмен істелуі тиіс, жалақысы мен кірісі төмен деп қарастырылады. Сондықтан мектептерде егжей-тегжейлі профориентациялық жұмыстардың жүргізілгені абзал болар.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − thirteen =