Диодты шамның дәуірі

0 186

Алдағы «EXPO-2017», басқасы өз алдына, Астананың көрме тақырыбына қай жағынан да сай болуын талап етеді. Осындай жақсы желеумен қалалық әкімдік елорда жұртшылығы мен кәсіпорындарды электрқуатын үнемдеуші диодты шамдарды жаппай тұтынуға шақырады.

«Үнемде» деген сөз құлағымызға жақпай­тын құлықсыздау халықпыз ғой. Тіпті, пәлен атом энергия стансасы бар француздар жа­рық­­ты кірген-шыққан сайын өшіріп жүреді екен, немістер суды пәлен мәрте қайыра пай­­даланады екен деп мысал келтіргендерді мұқатуға шеберміз. Сондықтан да дәлел мен дәйек келтіре сөйлейік. Өндірілетін қуаттың 70 пайызға жуығы жарықтандыруға, 20 пайызы үй-жай, ғимараттарды желдету мен жылытуға, 10 пайызы электрқұрылғыларға жұмсалады екен. Соның ішінде жылдың төрт айы қыс болатын, халқы да, өнеркәсіп-кәсіпорындары да толассыз артып келе жатқан Астанадай үлкен қала қуатты мегаватымен қылғытатындардың қатарында. Былтыр 2,3 млрд кВтты жағып жібердік. Жә, бүйте берсе, Екібастұз бен Қарағанды көмірінің түбі көрініп, тозаңын теріп жағатын жағдайға жетерміз десек, қылп етпессіз. Одан да ай сайын есігіңізге қыстырылып келіп тұратын төлем түбіртегіңізді бір шолып, керегенің басына қарап жатып шығыныңызды тағы бір санап көріңіз.

Не істемек керек дейсіз ғой? Әуелі жа­­рық­­ты үнемдеңіз. Кірген-шыққан сайын неміс бол демейміз. Жарықшамдарын диодты шам­­дарға айырбастасаңыз жетіп жатыр. Диодты шамдар кәдімгі вольфрам текті «Ильич шырағына» қарағанда қуатты он бес есе, люминесцентті шамдарға қарағанда үш есе аз шығындайды екен. Басқа артықшылықтарын айтар болсақ, әуелі бір ауыстырсаңыз, он жылға дейін пайдалануға болады, жалп етіп сөніп, тарс етіп сынып қалмайды. Қатты суық пен аптап ыстыққа төзімді келеді. Люминесцентті шамдар сияқты сынабы жоқ, сондықтан да арнайы утилизацияны қажет етпейді. Ал ауа жайылған сынап денсаулыққа, қоршаған ортаға қарадай зиян екенін көзі ашық оқырман онсыз да білер деп ойлаймыз.

Астанада диодты шам өндірумен екі кәсіп­орын айналысады. Жылына 60000 шам шы­­ғаруды жолға қойған «Led Solution» ком­­паниясының директоры Қаныбек Айтақов:
– Қаладағы қаптаған мемлекеттік мекемелер мемлекеттік сатып алу арқылы осы шамдарды тұтынса, бюджет қаржысын үнемдер еді. Рас, бағасы кәдуілгі шамдардан қымбаттау, ватт мөлшеріне қарай 1500-3000 теңгенің аралығында болады. Бірақ бір ауыстырсаңыз, он жылға шыдайды. Шам ауыстыру дегенді ұмытасыз. Сондықтан, басқаларға үлгі болсын деп, компаниямыздың есебінен Астанадағы біраз мемлекеттік мекемелерге, атап айтсақ, №40 мектепке, Психологиялық сырқаттарды емдеу орталығына, балабақшаға қойдық. Кәдімгі күндізгі жарықтай әсер ететіндіктен, көзге, психикаға зияны жоқ екенін мұғалімдер, дәрігерлер айтып жатыр, – дейді.

Сөзі дәлелді болуы үшін Қаныбек Болатұлы екі шамды ұялы телефонның камерасына түсіріп те көрді. Люминесценттісінен экран беті жыбырлап, көзге кәдімгідей күш түсіретінін өзіміз де сезіндік.

Қалалық әкімдік құрамында сынабы бар люминесцентті шамдарды утилизация жасаудың қанатқақты жобасына кіріскелі отыр. Жергілікті қаржы есебінен 5 шілдеге дейін Есіл ауданына – 50, Сарыарқа, Алматы аудандарында 25-тен арнаулы контейнер қойылады. Антивандалды контейнерлердің сонымен қатар, радиациялық зиянды батареялар мен аккумуляторларды да жинайтын бөлігі бар. Астана қаласының Табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Юсип Келиговтың айтуынша, осы арқылы биыл халықтан 500 мыңдай шамды жинап алу жоспарланып отыр. Қарапайым тұрғындарға тегін, ал кәсіпкерлік нысандары әр лақтырылған люминесцентті шам үшін ақша төлейді. Өйткені, ашық-шашық тастау заңмен қудаланады, салынатын айыппұлы да оңай емес. Сондықтан, бәлекейі көп шамнан құтылып, пайдалырақ шамды қолдануға көшуді осы бастан ойлануымыз керек.

Назерке ӘБІКЕЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =