ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ: МЕНІҢ ХАЛҚЫМ – АҚЫН

0 202

Мен осы естелікті оқығанда Димаш Ахметұлына біржола бас иіп едім. Өйткені, шетелге барған бас­шы елдік мәселені елінің экономикасынан ғана емес, сонымен бірге, руханиятынан, оның көшбасшысы – әдебиетінен де іздеп, мақтан етуі қандай ғанибет, қандай ғибрат.

Димаш Ахметұлы Қонаевтың алпыс екі тамырына кітаптағы қазынаны білмекке деген құмарлық бала кезден сіңіпті. Бұл құмарлық оны әлем әдебиетінің классиктерімен таныстырды. Ал, ол классиктердің басында, Құдайға шүкір, ең алдымен қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов тұрды.

Димекең өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты бестсел­лерге айналған бірегей кітабында Мұхтар Әуезовпен ең алғаш рет қалай кездесіп, қалай танысқанын былайша суреттейді.

«…Сондай бір қарбалас күн еді. Хатшы қыз асығыс кіріп:

– Жазушы Әуезовпін деп бір кісі қабылдауыңызға келіп отыр. Жазу­шы дейін десем, жұпыны киініпті. Қарапайым. Түсінсем бұйырмасын, жұмысшылармен пәленбай жылдан аралас-құралас жүрген адамдай емен-жарқын әңгімелесіп отыр, – деді.

Мен де өз құлағыма өзім сенбедім. «Апыр-ау, ұлы суреткер ат арытып, тон тоздырып, бір шеттегі күнгей елге де ат ізін салады екен-ау», – деді бір ой қуаныш отын үрлеп. Сонда да секемшіл көңіл «рас, ай­тасыз ба?» – деп қайталап сұратты.

Мұхаңды ест уім болмаса, шығармаларын оқығаным бол­маса, өмірі көрген жан емеспін. Алматыдағы №14 мектепте оқып жүрген кезімде, шамасы, тоғызыншы кластың оқушысы шығармын. Ойдың да, бойдың да өсіп, айналаңа іңкәр көңілмен көз тастап, сұлулық әлемінен сыр сабақтай бастаған шағымыз. «Қаракөз» сахнадан түспей, үлкен-кіші түгел жапырылып кеп, театрға барып жатқан. Қызық көріп мен де бардым. Әлі көз ал­дымда, Қаракөздің ролін тамаша өнер иесі, бірақ сахнадан тым ерте қол үзіп кеткен Зуһра Ата­баева, ал, Сырымды оның күйеуі Құрманбек Жандарбеков ойнады. Келістіріп ойнағандары сонша, Қаракөздің қасіретпен аяқталар тағдыры жан баласын жайбарақат қалдырмаған. Көзіне жас алмаған, әділетсіз өмірдің құрбаны болған пәк сезімге аянышпен қарамаған кісі кемде-кем еді. Онан кейін «Қаралы сұлуды», «Қараш-қараш» оқиғасын, «Қорғансыздың күнін», «Кінәмшіл бойжеткенді», «Көксеректі» оқып, Мұхаңның жазғандарына бауыр басып кеткен едім. Міне, енді ол кісінің өзімен жүздескелі тұрмын».

Осы кішкене ғана үзіндіде үлкен жүректі Димекеңнің үлкен әдебиеттегі үлкен дарын иесіне деген үлкен махаббаты ап-анық көрініп тұр. Өйткені, әдебиетті сүймеген, әдебиетшіні де сүймейді. Не керек, сол кездесуде Құдайдың өзі «айдап» әкелген Мұхтар Әуезовке Димекең әдебиет пен өнерді жанындай жақсы көретінін айтып, тіпті, сөз орайы келген тұста жоғарыда аты аталған шығармаларды тамсана оқығанын жеткізеді. Мұхаңның қуанған сәттегі алдымен айтатыны «Пәлі!» деген сөз болған ғой. Міне, ұлы суреткер сол сөзімен Димекеңнің кітапқұмарлығына риза болғанын аңғартып, өз жүрегінен шыққан туындыларының кеншілердің ру­хани қажетіне жарап жатқанына масайрап қалады.

Кейін Димекең қызмет бабы­мен биікке көтерілсе, жазушы Мұхаңның да атақ-даңқы аспандай түсті. Бірақ жатыпатар жаулары жазушының үстінен арыз жазуын тоқтатпады. Димаш Ахметұлы бол­са, осындай «жаптым жала, жақтым күйені» жоққа шығарамын деп, тіпті, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовпен жүз шайысып та қалады. Оның себебі, Қазақ КСР-нің тарихын бұрмалады, Ке н е с ары Қас ы м ұ л ының қозғалысын дәріптеді деп ұзақ жылға сотталған Бекмаханов, Жұмалиевтердің жазасын алғанын тілге тиек еткен Ж.Шаяхметов М.Әуезовтен де қауіптеніп: «Сырт естуімше, Әуезов те сирақтан бүйрек шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді. Баяғы әуенге басып, бұрынғы қателіктерін қайталай бастапты. Қазақстаннан іргесін аулақ са­лып, біржола Мәскеуге көшіпті» дейді. Сонда Димекең: «Әуезов – дара тұлға. Ұлы жазушы. Ғалым, Кеңес одағының көрнекті мәдениет қайраткері, ол қазақ халқының ғана емес, бүкіл елдің ортақ аза­маты. Ол Мәскеу және Қазақ университеттерінің профессоры» дегенде, Ж.Шаяхметов: «Мұның бәрі дұрыс. Мәселе пиғылында, іс-әрекеті жайлы болып отыр», – дейді айтқанынан қайтпай. Бірақ Димаш Ахметұлы өз пікірінде қалып: «Бізді тірі жан түсінбейді. Ғалымдар ғана емес, оның миллиондаған оқырманы наразы болады. Оның бергі жағында Ғылым академиясының жарғысындағы академиктен шығару жөнінде ере­же жоқ. Академик – бұл өмірлік атақ» деген кезде, Шаяхметов: «Жолдас Қонаев, Орталық Комитеттің нұсқауын орындау керек», – деп қабақ шытып, мәселенің тоқетерін бір-ақ айтады. Деген­мен, Д.Қонаев осы мәселе бой­ынша арнайы Мәскеуге барып, КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөліміндегілерге жолығып, Әуезов жөніндегі өз пікірін қорғап қайтады.

Д.Қонаевтың бұдан басқа да ақын-жазушыларды коммунистік идеология ме р гендері н і ң қарауылынан дін аман алып қалғаны белгілі. Мысалы, сол тұстағы ал­бырт ақын, еркін ой иесі Олжас Сүлейменовты Михаил Андреевич Сусловтың «оғынан» құтқарып қалғанының өз неге тұрады?! Ол­жас сол үшін Д.Қонаевқа өле-өлгенше қарыздар десек те болады. Егер Димекең де Суслов сияқты кеңестік-коммунистік саясаттың ықпалынан шыға алмай, «еркек тоқты құрбандық» деп, бала­сындай бозымды қара басының амандығы үшін «құрбандыққа» шалып жібергенде не болар еді? Бірақ Димекең «сұр кардиналдың» сұсынан ықпай, Олжастай ақынын қорғау арқылы түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының да ар-намысын сақтап қалды. Сол үшін КОКП Орталық Комитетінің Бас х атшысы Л.Брежневке барып, түймедейді түйедей етіп, дүниені дүрліктіріп жатқандардың аттан-айғайын ың-шыңсыз басып қайтты. Айта бер­сек, Д.Қонаевтың қазақ әдебиеті мен өнеріне жасаған қамқорлығы шексіз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда Азия мен Аф­рика елдері жазушыларының V кон­ференциясы өтті. Оны Египеттің дүние жүзіне танымал жазушысы Юсуф Сибай ашқан. Міне, Димекең осы қаламгермен бұрыннан-ақ таныс-біліс болған. Сол Юсуфке елінің тарихын арыдан қозғап мағұлмат берген Димекең:

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым.

Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен,

Бөрідей жортып жүргенде,

Бөлініп қалған жан емен! – деп жырлап жібергенде Египет қаламгері: «Сіз ел басшысы ғана емес, үлкен ақын екенсіз ғой», – деп риза болып қалады. Сол кезде Димекең: «Жоқ, мен ақын емеспін. Менің халқым – ақын. Олар шығарған жырын, ән-күйін жадында тоқи білген, тоқығанын ұрпақ бойына сіңіре білген»,– дейді.

Марқұм Бекеңнің, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың мынандай әңгімесі бар. Бекең қыдырыстап жүрсе, бір-екі жазу­шы кездесіп қалып: «Бүгін Ди­маш Ахметұлының туған күні, құттықтап шығуға бара жатыр­мыз, бізбен бірге жүрсеңші»,– дейді. Бекең, негізі, «құттықтап шығу», «сәлем беріп шығу» деген сияқты әдеттерге «жоқ» адам екен, аналардың сөзі желіктірді ме, әлде елгезектіктері еліктірді ме, әйтеуір «жарайды» деп ілесе кетеді. Димекеңнің зейнеттегі кезі ғой, қаламгерлерді құрметпен қарсы алады. Дастархан жайылады. Тамақпен бірге коньяк та келеді. Бекеңнің ащы судан тартыншақтап жүрген кезі екен, бірақ Димекеңнің дастарханы болған соң, оның үстіне мұндай жағдай қайталана бермейтін болған соң «алып қояйық» де­ген сайын стақанындағы қызыл кү рең сұйықтықты сарқып ішіп, «тап-таза» ғып отыра­ды. Сөз кезегі Бекеңе келгенде асабаның рөлін Димекеңнің өзі алып, «Біздің арамызда қазақ әдебиетінің классигі отыр. Ол – мына Бердібек Соқпақбаев. Мен ел басқарып тұрған кезімде Париж­ге жолым түскен. Сонда «Қазақ жазушыларының француз тіліне аударылған кітаптары бар ма?»,– деп сұрағанымда мына араларыңда отырған Бердібектің кітабын көрсетіп, әбден мақтаған болатын. Мен сол жолы жазушының фран­цуз тілінде шыққан кітабының бір данасын Франциядан алып кеп, үйімдегі мына кітапханамнан орын беріп едім. Бүгін соны авторына көрсетудің сәті келіп отыр»,– дейді де, кітапханасынан жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты кітабының француз тіліндегі нұсқасын алып ұсынады. Коньяктың қанды ойнатқан қызуына Димекеңнің жанды тебіренткен жылы лебізі қосылып, Бекең марқұм сол жолы дастархан басында бір шалқиды.

Мен осы естелікті оқығанда Димаш Ахметұлына біржола бас иіп едім. Өйткені, шетелге барған басшы елдік мәселені елінің эко­номикасынан ғана емес, соны­мен бірге, руханиятынан, оның көшбасшысы – әдебиетінен де іздеп, мақтан етуі қандай ғанибет, қандай ғибрат. Құдайға шүкір, мұнайымыз, газымыз, астығымыз және т.б. өнімдеріміз шет елге тон­налап шығарылып жатыр. Ал, ақын, жазушыларымыздың кітаптарын шет ел тілдеріне аударып, шығыс пен батыс елдеріне мыңдаған, жүздеген, миллиондаған таралым­мен «экспорттап» жатырмыз ба?! Жоқ. Бар болса, мардым­сыз. Сондықтан, бәсекелес мем­лекеттерге барғанда қазақ ақын-жазушыларының туындыларын да ел байлығы ретінде іздей жүретін Дінмұхамед Қонаев үлгісін айту, талқылау және насихаттау – алдағы күндердің еншісі.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =