Діни тәуелділіктің психологиялық ерекшеліктері

0 25

Тәуелді мінез-құлық алдыңғы ғасыр­лардан келе жатқан қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Психологияда оны аддиктивті мінез-құлық деп атайды. Тәуелділік екі түрге бөлінеді. Біріншісі, химиялық – токсикомания, нашақорлық және спиртке тәуелділік және т. б. Екіншісі, химиялық емес – эмоционалды тәуелділік, махаббатқа, тамаққа, теледидарға, гаджетке, ойынға, ғаламторға, діни тәуелділік және т. б. Бұл мақалада дінге тәуелділіктің психологиялық ерекшеліктері қарастырылады.

Діни тәуелділік – психологиямен қатар, дін және әлеуметтану салаларының күрделі феномені болып табылады және оның негізгі зерттеу мәселесі болып, сол тәуелді тұлғаның деструктивті діни ұйымға кіріп кетуінің негізгі себептерін анықтау. Қарапайым адамның деструктивті діни ағымның адептісіне айналуының өзіне бір емес, бірнеше факторлар әсер етеді. Оны ішкі және сыртқы детерминанттар деп бөліп қарастыруға болады.
1. Ішкі детерминанттар ретінде оның индивидуалды тұлғалық ерекшеліктерін көрсете аламыз. Мәселен, тұлғаның тәуелділікке бейімділігі және виктимділік деңгейі жоғары болады.
2. Сыртқы детерминанттар ретінде адамға ­сыртқы әлеуметтік ортадағы виктимогендігімен тығыз байланысты. Жалпы, виктимогенділік – ол әлеуметтену барысында сыртқы объективті жағдайлардың (қауіпті орталар және т. б.) әсерінен құрбан болуға бейімділік деп сипаттауға болады.
Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, деструктивті діни ағымға кіруге бірнеше психологиялық, сонымен қатар, әлеуметтік себептер әсер ететіні белгілі болды. Олардың бойында тәуелділікке және құрбан болуға бейімділік жоғары болады деп көрсетеді. Осыған сәйкес, олардың тәуелділік деңге­йін анықтау мақсатында деструктивті діни ағымды ұстанушыларға психологиялық тесттер жүргізілді. Зерттеуге дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 60 адам таңдалынып алынды. Оның ішінде 36 әйел адам, 24 ер адам. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, жастардың саны – 20 адам (4 ер адам, 16 әйел адам), орта жастағы ұстанушылардың саны – 38 адам (18 ер адам, 20 әйел) және кемелденген жастағы ұстанушылардың саны – 2 ер адам.
Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушыларға Дж.Уайнхолдтың ортақ тәуелділік (созависимость) деңгейін анықтауға арналған тест жүргізілді. Жүргізілген тесттің нәтижесіне сәйкес:
1. Өте жоғары деңгейдегі тәуелділік – 5 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 3 әйел және 2 ер адам.
2. Жоғары деңгейдегі тәуелділік – 33 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 20 әйел және 13 ер адам.
3. Орта деңгейдегі тәуелділік – 15 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 13 әйел және 2 ер адам.
4. Төмен деңгейдегі тәуелділік – 7 ер адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, әйел адамдарда төмен деңгейдегі тәуелділік немесе контртәуелділіктің жоғары деңгейі көрінеді.
Зерттеу нәтижесіне қарай, ұстанушылардың тә­уелділік деңгейі жоғары екендігін көрсетті. Зерттеуге іріктелініп алынған 60 адамның ішінде 38 ұстанушыда жоғары көрсеткішті көрсеткен. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйел адамдарда тәуелділік деңгейі жоғары (23 әйел).
Мақалада көрсетілген теориялық, эмперикалық талдауларға сәйкес, деструктивті діни ағымды ұстанушылармен тек дін мамандары ғана емес, психологтар мен психотерапевттердің көмегі өте қажет екені мәлім болды. Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында деструктивті діни ағымның әсеріне ұшыраудың алдын алу жұмыстары мен ұстанушыларын қоғамға қайта бейімдеу мәселелері көтерілген. Деструктивті діни ағымның әсеріне ұшыраудың алдын алу жұмыстары мен ұстанушыларын оңалту бойынша кешенді жұмыстарды қажет етеді. Кешенді жұмыстар барысында психологтар мен психотерапевттер олардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, көмек көрсету қажет. Мысалы, діни тәуелділігі бар тұлғалардың бойында тәуелділікке бейім болса, оны басқа тәуелділікке, спортқа, шығармашылыққа, салауатты өмір сүруге деген бейімділігін ауыстыра білген жөн. Егер белгілі бір қоғамдық ортаға тәуелді болса, оны радикалды топтан, жақсы ортаға бейімдеу қажет. 2020 жылы Қазақстанда жас еріктілер жылы болуына байланысты қазіргі таңда ерікті, белсенді жастар ұйымының саны артты. Деструктивті діни ұйым ішінде де жастар саны өте көп. Осы жастарды жас еріктілер тобына қосуға, сол ортаға бейімделуіне ықпал жасау да өте тиімді.

Гүлжан МЫРЗАҚҰЛОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − 2 =