Діни сауаттылықтың маңыздылығы

0 74

Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы.

Біздің мемлекетіміз көпұлтты, демократиялық мемлекет болғандықтан, дін мәселесі жөнінде барлық азаматтарға қай дінге кіруіне, қандай дінде болуына еркіндік берілген. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндары да аз емес. Қазіргі кезде жастар мұндай діни ағымдардан өте сақ болуы керек. Себебі мұндай діндерге кірген адам қайтадан шығуы өте қиын. Өйткені өздеріне тәуелді етіп, адам санасын тереңінен улайды.
Дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз мәселелер алаңдатады.
Бүгінде асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына қарсылық білдіріп, Мемлекеттік Әнұранды тыңдауды және Туға құрмет көрсетуді харам деп жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды.
Соңғы уақытта кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Қоғамға іріткі салатын дәстүрлі емес, теріс пиғылдағы, деструктивтік діни ағымдардан сақтанудың жолдарын жастардың санасына ұғындыру қажет.
Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізетінін білуі керек. Қайсы бір сектаны алатын болсақ, ешбірі қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегені анық. Түрлі сектаның жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиянын тигізуі мүмкін.
Дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі – түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Мәселен, ислам әлемінің тарихына қарасақ, дұшпандары майданда жеңе алмаған соң мұсылмандарды әлсірету үшін түрлі теріс ағымдарды қолдан жасап, мұсылман жамағатын бір-бірімен араздатып, ынтымақ пен бірлікті ыдыратып, мемлекетті әлсіреткен.
Ең дұрысы, жастарымыз өзіміздің дәстүлі ислам дініндегі шариғат бойынша жүрсе ешқашан адаспайды, теріс жолға түспейді.
Болашақ – жастардың қолында. Жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулысақ, түрлі жат ағымдардың жетегінде кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас Отанын, елін, жерін сү­йетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұстайтын болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Отанды сүю – иманнан» деген. Мәңгілік елдің тірегі – құндылықтарында. Сол құндылықтардың бірі – дәстүрлі дініміз.
Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Дін – қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы. Бұл мәнде дін қай халықтың болмасын мәдениетінің рухани негізі екенін ескеруіміз керек.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жастайынан бо­йына ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу­ге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни ағымдарға бөгет қоя аламыз. Дәстүрлі діндердің құндылықтары мен қасиетін түсіндіру және діни сенімдерді насихаттау арқылы теріс пиғылды діни ағымдардан, діни терроризм мен экстремизмнен сақтай аламыз. Жас ұрпақтың санасына және қоғамға іріткі салатын дәстүрлі емес, теріс пиғылдағы, деструктивтік діни ағымдардан сақтанудың жолдарын жастардың санасына ұғындыру қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + sixteen =