Діни экстремизмді қалай тежейміз?

0 28

Елдордада Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РИРТ) мамандары Діндерді зерттеу орталығымен бірлесіп, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шараға қатысқан Н.Назарбаев атындағы әуежайдың Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Академиясының жедел психология кафедрасының аға оқытушысы Лола Шакимова пен сарапшы-психолог Бауыржан Шерияздановтың ой-пікірлерін тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.
Сонымен қатар, сарапшылар азаматтардың санасында деструктивті жалған діни ағымдардың идеологиясын қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру, ксенофобты, агрессиялы, радикалды діни сенімдер мен идеологиялардың шынайы бет-бейнесін ашып көрсету, халқымыздың рухани құндылықтарын сақтау турасында өз ойларын ортаға салды.
Алғаш болып сөз алған сарапшы-психолог Бауыржан Шериязданов елімізде бір шаңырақтың астында тұрып жатқан ұлт пен дін өкілдерінің жарасымын, таулығын бұзғысы келетін күштерге қарсы тұрар халықтың ынтымағы мен иманын бекітудің жолы дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеуде жатқанын айтты.
– Терроризм идеяларын жою үшін жұдырықтай жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды. Себебі ел аумағында жасырын немесе жария түрде қоғамға қауіп төндіріп отырған дәстүрлі емес деструктивті ағымдардың кең таралу мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ, – деді Б.Шериязданов.
Сонымен қатар, кездесуде жат ағым қатарларын көбейтіп жатқан азаматтардың діннен хабары аз болатындығы, дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы ашық пікірлер айтылды. Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы міндеттерін айқындады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =