Діни ақпаратты таңдау – қауіпсіздігіміздің кепілі

0 88

Қазіргі кезеңде білгің келген нәрсені ғаламтор беттерінен тез, әрі оңай табуға болады. Түрлі ғаламтор желілерінің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын да беретін ақпараттар жетерлік. Соның бірі – діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясын құрайтын ақпарат көздері.Бұл мақалада ғаламторды мүлдем пайдалануға болмайды деуден аулақпыз. Тек қана, миллиондаған қайнар көздер арасынан дұрыс таңдау жасай алмай шалыс басудан сақтануға шақырамыз. Мәселен, «ДАИШ» халықаралық террористік ұйы­мы әлеуметтік медиа мен ғаламторлық технологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы шетелден келіп қосылатын жауынгерлерінің санын көбейтті. Сирия Араб Республикасы аймағында құрылған «ДАИШ» ұйымына әлем бойынша қосылушылардың 80%-дан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар.
Радикалды діни ұйымдардың коммуникациялық стратегиясы кең аудиторияға бағытталған трансұлттық сипатқа ие және интернетті қолдануға негізделген. Ғаламтор арқылы таратылатын радикалдық бағыттағы діни идеологиялардың көздейтін мақсаты – халыққа белгілі бір сенімдерді ұялату және өз ұйымдарына мүмкіндігінше көп пікірлес адамдарды тарту. Қазіргі ақпараттық қоғамда жымысқы ұйымдар үшін әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмысын жүргізу тиімді болып отыр. Ғаламтор террористік және экстремистік әрекеттерді насихаттауда өте тиімді құрал болып тұр. Деструктивті діни бағыттағы идеологиялар үшін ғаламтор арқылы ақпарат таратудың тиімділігі мынада:
– кең аудиторияға қол жеткізу мүмкіндігі;
– ақпаратты анонимді орналастыру;
– материалдарды таратудың жоғары жылдамдығы;
– ешқандай қаржылық шығындарсыз үгіт-насихат интернет-ресурстарын құру мүмкіндігі.
Көп жағдайда деструктивті бағыттағы діни ұйымдар интернет-ресурстарында орналас­тырылған өз идеологияларын шетелден жүргізіп басқарады. Сонымен қоса, олардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады. Атап айтқанда: .com, «.org» және «.info». Аталған ұйым­дар идеологияны тарату мақсатында танымал «ВКонтакте», «Одноклассники», «Twitter», «Youtube», «Фейсбук» және «Инстаграм» желілерін көп қолданады. Сонымен қатар, осы аталған желілер арқылы өз идеологияларын қамтыған фотоларды, видеоларды, аудиоларды және электронды кітаптарды репосттаумен (бөлісу) таратып отырады.
Ғаламтор арқылы деструктивті ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін:
1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық;
2) соғысқа шақыру;
3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау;
4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу;
5) сананы психологиялық улануға душар ету.
Айта кету керек, ғаламтор арқылы болған діни экстремистік көріністер көбінесе жас­тар арасында жиі кездеседі. Жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді.
Көптеген жастар уағыздаушыларға жалған діни догматтар мен жаңа ғибадат ету идеяларын жазатын «tabularasa» (таза тақта) санатында болады. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында жастардан құралған діни экстремистер тарапынан лаңкестік әрекеттің жасалуына себеп болған факторлардың бірі – ғаламтор арқылы шетелдік «псевдоуағызшының» елге қару көтеру туралы берген жалған пәтуасы болатын. Сондай-ақ сол лаңкестік әрекетке қатысқан экстремистің бірі Рахметов Асхаттың оқиғадан кейінгі сұқбатында «Мен діни білімді тек қана виртуалды желіден алдым. «Youtube» желісінде көптеген шейхтардың уағыздарын тыңдаған кезде шынымен де олар рас айтып отыр ма, әлде жоқ па деп бір сәтте ойланған жоқпын… Кешір мені, анашым!…» деп өкінеді.
Елімізде күмәнді бағыттағы діни ақпараттарды тарататын сайттарға әрдайым талдау жасалып, қажеттілігіне байланысты сақтандыру мақсатында бұғаттау жұмыстары да жасалып отырады. Мәселен, құқыққа қарсы келу жағдайын анықтау бойынша интернет-ресурстарына жүргізілген талдау жұмыстары нәтижесінде 2018 жылы 8,3 мыңнан астам интернет-ресурстардың мазмұнына талдау жасалып, 2,2 мыңнан астам құқыққа қайшы ақпарат көздері анықталған. Ал 2019 жылы 5,3 мыңнан астам талдау жүргізіліп, 2,3 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін мәліметтер анықталған. Соған қарамастан, деструктивті бағыттағы идеологиялық топтар өз насихаттарын жалғастыруға тырысуда.
Қазіргі кезде Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар да бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Azan.kz, Mazhab.kz,Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары. Сондай-ақ Mitropolia.kz, Сatholic-kazakhstan.org және өзге де діни бірлестіктердің ресми сайттары.
Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытында әр өңірде жұмыс жасап тұрған дін мәселелерін зерттеу орталықтарының сайттарынан мәліметтер алуға болады. Мәселен, Cipr.kz, Аnsar-aktobe.kz, Аtr-ato.kz және т.б.
Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат берудің қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.

Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ,
теолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =