Діни ақпарат алғанда абай болайық!

0 69

Қазір ақпарат ағыны көп. Білгің келген нәрсенің жауабын ғаламтордан тез әрі оңай табуға болады. Түрлі желілердің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын тигізетін ақпараттар жетерлік. Соның бірі – діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясын құрайтын ақпарат көздері.Бұл мақалада ғаламторды мүлдем пайдалануға болмайды деуден аулақпыз. Тек миллиондаған қайнар көздер арасынан дұрыс таңдау жасай алмай шалыс басудан сақтануға шақырамыз.
Ғаламторда діни ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Осы ақпараттардың қайсысы қаншалықты дұрыс, қайсысы қаншалықты бұрыс екенін көп адамдар аңғара бермейді. Соның салдарынан кей адамдардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйт­кені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтас­тарының санын арттыруды қалайды.
Мәселен, «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы әлеуметтік ­медиа мен ғаламторлық технологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы шетелден келіп қосылатын жауынгерлерінің санын көбейтті. Сирия Араб Республикасы аймағында құрылған «ДАИШ» ұйымына әлем бойынша қосылушылардың 80 пайыздан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар.
Радикалды діни ұйымдардың коммуникациялық стратегиясы кең аудиторияға бағытталған транс­ұлттық сипатқа ие және интернетті қолдануға негізделген. Ғаламтор арқылы таратылатын радикалдық бағыттағы діни идеология­лардың көздейтін мақсаты – халыққа белгілі бір сенімдерді ұялату және өз ұйымдарына мүмкіндігінше көп пікірлес адамдарды тарту. Қазіргі ақпараттық қоғамда жымысқы ұйымдар үшін әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмысын жүргізу тиімді болып отыр.
Ғаламтор террористік және ­экстремистік әрекеттерді насихаттауда өте тиімді құрал болып тұр. Деструктивті діни бағыттағы ­идеологиялар үшін ғаламтор арқылы ақпарат таратудың тиім­ділігі мынада:
– кең аудиторияға қол жеткізу мүмкіндігі;
– ақпаратты анонимді орналас­тыру;
– материалдарды таратудың жоғары жылдамдығы;
– ешқандай қаржылық шығынсыз үгіт-насихат интернет-ресурс­тарын құру мүмкіндігі.
Көп жағдайда деструктивті бағыт­тағы діни ұйымдар интернет-ресурстарында орналастырылған өз идеологияларын шетелден жүргізіп басқарады. Сонымен қоса, олардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады. Атап айтқанда: «.com», «.org» және «.info».
Аталған ұйымдар идеологияны тарату мақсатында танымал «В Контакте», «Одноклассники», «Twitter», «YouTube», «Facebook» және «Instagram» желілерін көп қолданады. Сонымен қатар, осы аталған желілер арқылы өз идеология­ларын қамтыған фотоларды, видеоларды, аудиоларды және электронды кітаптарды репосттаумен (бөлісу) таратып отырады.
Ғаламтор арқылы деструктивті ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін:
1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық;
2) соғысқа шақыру;
3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау;
4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу;
5) сананы психологиялық улануға душар ету.
Айта кету керек, ғаламтор арқылы болған діни экстремистік көріністер көбінесе жастар арасында жиі кездеседі. Жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді.
Көптеген жастар уағыздаушыларға жалған діни догматтар мен жаңа ғибадат ету идеяларын жазатын «tabularasa» (таза тақта) санатында болады. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында жастардан құралған діни экстремистер тарапынан лаңкестік әрекеттің жасалуына себеп болған факторлардың бірі – ғаламтор арқылы шетелдік «псевдоуағызшының» елге қару көтеру туралы берген жалған пәтуасы болатын. Сондай-ақ, сол лаңкестік әрекетке қатысқан экстремистің бірі Асхат Рахметовтің оқиғадан кейінгі сұхбатында «Мен діни білімді тек қана виртуалды желіден алдым. «YouTube» желісінде көптеген шейхтердің уағыздарын тыңдаған кезде шынымен де олар рас айтып отыр ма, әлде жоқ па деп бір сәт те ойланған жоқпын… Кешір мені, анашым!» деп өкінеді. Міне, осындай сынды жағдаяттар ғаламтордағы арбаушы вирустардан сақтану маңыздылыққа ие екенін көрсетеді.
Елімізде күмәнді бағыттағы діни ақпараттарды тарататын сайттарға әрдайым талдау жасалып, қажеттілігіне байланысты сақтандыру мақсатында бұғаттау жұмыстары да жасалып отырады. Мәселен, құқыққа қарсы келу жағдайын анықтау бо­йынша интернет-ресурс­тарына жүргізілген талдау жұмыс­тары нәтижесінде 2018 жылы 8,3 мыңнан астам интернет-ресурстардың мазмұнына талдау жасалынып, 2,2 мыңнан астам құқыққа қайшы ақпарат көздері анықталған. Ал 2019 жылы 5,3 мыңнан астам талдау жүргізіліп, 2,3 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін мәліметтер анықталған. Соған қарамастан, деструктивті бағыттағы идеологиялық топтар өз насихаттарын жалғастыруға тырысуда.
Қорыта келе, діни тақырыптардағы ақпараттарды ғаламтор арқылы алуда аса сақтық танытқан жөн. Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар да бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Azan.kz, Mazhab.kz, Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары. Сондай-ақ, Mitropolia.kz, Сatholic-kazakhstan.org және өзге де діни бірлестіктердің ресми сайттары.
Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытында әр өңірде жұмыс жасап тұрған дін мәселелерін зерттеу орталықтарының сайттарынан мәліметтер алуға болады. Мәселен, Cipr.kz, Аnsar-aktobe.kz, Аtr-ato.kz және т. б.
Жоғарыда аталған ресми сайттардан туындаған діни мәселелерге қатысты сауалдар жолдау арқылы сұрақтарға жауаптар алуға мүмкіншілік бар. Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат берудің қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.

Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, теолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 4 =