Діни ахуал талқыланды

0 9

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында «Депутат күні» аясында қалалық Дін істері жөніндегі басқарманың діни бірлестіктермен жұмыс жайы талқыланды. Бұл саладағы жағдаймен аталмыш басқарманың басшысы Нұрдәулет Әлмұханов таныстырды. Депутаттар оған түрлі сауалдар қойып, жауап алды.

Оның айтуынша, қазір қалада 14 конфессия бар. 54 діни бірлестік тіркеліп, 30 діни нысан жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде қала тұрғындарының 69 пайызы ислам дінін, 1,7 пайызы православтық христиандықты, 9,5 пайызы басқа діндерді ұстанып, 7,8 пайызы еш дінге сенбейді.
– Елорданың оқу орындарында дінтанушылар мен психологтар хабын құрдық. Оған 86 орта мектеп, 35 колледж және 16 жоғары оқу орны кірді. Мектептерде дінтану пәнінің оқытушыларымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар әдістемелік құралдардың жетіспейтінін айтты. Сол себептен әртүрлі мәселелерді түсіндіру қиындық тудырды. Соның бірі – Сирияда жанжалдың туу себептері. Осыны ескеріп, ақпараттық чат құрдық. Оны тиісті министрлік жіберетін контентпен толтырып жатырмыз. Қалаға орыс тілді теологтар мен дінтанушылар керек. Біз бұл туралы қала басшысына айттық. Соның арқасында «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқуға 15 грант бөлінді. Үш жылдан кейін грант арқылы осы оқуды бітіретіндер бізге қарайтын мекемелерде жұмыс істейтін болады, – деді Н.Әлмұханов.
Депутат Қарақат ­Абден мектептерде оқушы қыз­дардың хиджап кию мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады. Басқарма басшысы бұл тараптағы жағдай жақсарып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, былтыр мұндай 67 оқушы қыз болса, биыл 40-қа азайған. Бір ескеретіні, тиісті басқарма олардың ата-аналарымен жұмыс істеп, мектептердің ішкі тәртібі, формасы болатынын түсіндіреді. Ал оқушылармен жұмыс – Білім басқармасының құзырында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 3 =