ДІҢГЕГІ МЫҚТЫ ДІЛМАР

0 133

Бұл кісі жайында әңгіме қозғалса, мына тіркестің міндетті түрде тілге тиек болары анық: «Бай, қуатты болайық!»
Патша көңілді телекөрермені оны эфирдегі осы сөзі арқылы есінде ерекше сақтап қалды.

«Тіпті, атымды білмейтін жандар осы сөзімді жатқа айтады» деп күледі өзі.
Атын атамай жатып, сіздің де көз алдыңызға студиядағы сұхбаттасының шен-шекпеніне қарамай, рингтегі бок­сшыдай сұрақпен «төпелеп-төпелеп» жіберіп, көзілдірігінің үстінен шан­шыла қарап отыратын Нұртілеу Иманғалиұлының бейнесі келе қалған бо­лар.
«Қашанда әріптестеріңнің ара­сында дода бұзып – дараланып жүргенің, қашанда өміріне қауіп ойла­май жартас үстінде мүйізін айға шағылыстырып кетіп бара жатар таутекедей оқшырайып жүргенің» деп жазғаны бар еді Құлбек Ергөбектің бір кездері.
Өзі «Нұртілеудің нұр тілеуі» деп қабылдаңдар» дейтін «Бай, қуатты болайық!» тіркесі де оны өзгелерден даралап тұратын бір қыры болар.
Оның тележурналист ретінде тапқырлығы, кәсіби шеберлігі жай­ында әңгіме өте көп.
«Хабардың» жаңалықтар бөлімінде жүрген кезі. Жұма күні қазақ тіліндегі жаңалықтардың уақыты 30 минуттан бір сағатқа ұзартылады. Амангелді Сейітхан, Зейін Әліпбек секілді арнаның «мен» деген журналистері сала-сала бойынша салмақты жаңалықтар әзірлейді. Тізгін – Нұртілеу Иманғалиұлына тапсыры­лады. Жаңалықтарға жаңа бір лептің келген кезі еді бұл.
Эфир жұмысының ауы мен бауы біткен бе? Кейде сюжеттің мәтінін эфирге шыға берер тұста әкеліп береді. Қанша жерден кәсіби болғаныңмен, кейде уақыттың тығыздығы мәтінмен танысуға мүмкіндік бермей жата­ды. Мұндайда тележурналистің тапқырлығы ғана рөл ойнайды.
Бірде эфирге Петропавлдан асығыс-үсігіс жеткен сюжеттердің бірі жіберілді. Онда қаладағы мектеп-ин­тернат оқушыларының өз мұғалімін жазым еткені жайында баяндалады. Жаңалыққа кіріп кеткені сонша, ал­дында жатқан келесі мәтіннің не жайында екеніне көз салуды ұмытып кетіпті. Сюжет бітісімен, камера мұны нысанаға алды. Мұндай сәтте жүргізушінің қағазға үңіліп отырғаны тіпті ыңғайсыз. Санаулы секундтарда бір шешім қабылдау керек. Құдайдың сәтін салғаны шығар, екі-ақ ауыз сөз айтты. Бірақ тауып айтты. Камераға қарап тұрып, «Сұмдық… Бірақ, шындық…» деді де, көзін төмен салды. Мұнысы алдыңғы сюжетке қаратып айтылған қорыту секілді шықты. Көзін төмен сала бере келесі сюжеттің мәтінін оқып үлгерді. Шеберлік деген осы емес пе! Мұны әріптестері әлі күнге дейін жыр етіп айтып жүр.
Шеберлік дегеннен шығады. Нұртілеу Иманғалиұлымен талай жыл қызметтес болған, әрі шәкірттерінің бірі, бүгінде «Алаш айнасы» газетінің бас ре­дакторы Серік Жанболат телевизия саласында бұл кісіден үйренген үрдісі мол екенін үнемі айтып отырады. Ұстазын тележурналистиканың тарла­ны, корифейі санайды.
«Бір көрген жан Нұрекеңді мінездің адамы деп ойлайды. Сұсты деп жа­тады. Мінезі де жоқ емес, әрине. Бірақ, жақынырақ таныса келе, оның жүрегінің соншалықты жұмсақ екенін байқайсың. Мен өмірімде қаншалықты мінезді бола тұра, жаны соншалықты нәзік болатын адамды бірінші көруім. Оның тележурнали­стикада жасаған еңбектері елдің көз алдында ғой. Санамалап жатудың өзі артық. «Қазақстан» арнасындағы «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер» ток-шоуларында да ағамыздың өзіндік қолтаңбасы байқалып тұрады. Ол жүргізген «Бетпе-бет» хабары талай жасты тәрбиелеген алаңға, үлкен тәлім мектебіне ұласты», – дейді.
«Бетпе-бет» демекші, осы хабарға қатысты мына бір қызықты жайтті де Серік Жанболат айтып еді.
Хабардың кезекті бір санында муф­тиге сұрақ қойып отыр:
– Осы муфти сайланбалы ма?
– Ия сайланбалы.
– Бірақ, алдымен имамдарды сіз тағайындап аласыз ғой?
– Ия, мен тағайындаймын
– Ал, муфтиды сайлайтын солар емес пе?
– Ия солар, – дейді ол сұрақтың астарын түсініп жатпастан.
Міне, сұхбаттасына «мат қою» деген осы болса керек.
Ол эфирдегі «Көкпарын» – ой көкпарына, «Додасын» – ой додасына айналдыра білді. «Ақиқат пен аңыз», «Есіңде ме, жолдас», «Дидар» секілді хабарлары да қазақ телевизиясы сала­сына соны серпін әкелді.
Ағаны жақсы танитын жандардан оның ақындық қасиетінің ешкімнен кем түспейтінін жиі еститіміз. Әкесі Иманғалидың өз заманында халық ақыны атанғаны жайында да оқып білдік. Ел білмейтін бұл қыры жайында өзінен сұрағанбыз.
Ақырын жымиып алып: «Соңғы кездері осы сауал жиі қойылатын бо­лып жүр» деді.
«Саған өзім білетін мына нәрсені айтайыншы, уақытында телеарна­да 15 жылдан астам еңбек еткен ассистенттерді режиссерлыққа жоғарылататын. Бірақ, олардан жақсы режиссер шыққан жоқ, ең өкініштісі, біз жақсы ассистенттерден айы­рылып қалдық. Жалпы, мен өзімді тележурналистикаға арнағанымды 70 жылдардың басында білгенмін. Сондықтан, бөтен қораға, басқа бақшаға түспей-ақ қояйын деген ой болды мен­де. «Мынау тележурналист еді ғой, өлеңде несі бар?» деген сөзді естігім келмеді. Кез келген қазақ ақын ғой. Кез келген қазақ екі сөздің басын құрап өлең шығара алады. Екі қазақтың бірі ұйқаспен сөйлейді емес пе деген оймен жазған-сызғандарымды өзімнен басқа ешкімнің оқи қойғанын қаламағаным да содан. Бұл ойымның қате емес екенін де білемін. Бірақ, соңғы кездері өзің секілді қызығушылық танытқан жастарға бірді-екілі өлеңімді оқып беретінім бар» деген ағам қойын кітапшасын парақтай бастады…

Алыстым ауыздықпен өзімдегі,
Жарысты асау тұлпар төзімдегі
Боздады буырқанып боз үйдегі,
Озбады бұйдасынан бозінгені….

Кейіпкеріміздің бір кездері былай деп жазғаны да бар еді:
«Көне Грекияда «Шешен (оратор) болып көріну үшін көп керегі жоқ, сәл биікке, мысалы, жәшіктің үстіне шығып сөйлесең болғаны» деген сөз бар екен. Отыз жылдан астам уақыт жәшіктің үстіне шықпағанмен, ішінен көрініп, патша көңілді көрерменнің төрінде сөйлеп келемін.
Қонақжай, етек-жеңі кең, бала көңілді, дала пейілді қаймана қазақтың сырлас-мұңдасына айналғандай бол­дым. Көшеде көрсе таныды, сыйлайтындықтарын сездірді. Өздері шығарған биіктен бұл күні төмен түсе алмай сорлап жүрмін».
Бүгінде алпыс асқарына аяқ артып отырған Нұртілеу Иманғалиұлы тура 38 жылын өзі айтпақшы, патша көңілді телекөрерменіне арнапты. 38 жыл бойы телевизия саласының ыстығына күйіп, суығына тоңды. Отымен кіріп, күлімен шықты.
«Бүгінгі қазақ телевизиясы жай­ында не айтар едіңіз?» деген соңғы сауалымызға:
«Қарағым-ай, 38 жыл айтып келе жатқан әңгімемді 3 минутта айтып тауысады деп пе едің?», – деді…
Телеэфирде қара сөздің қаймағын шайқаған діңгегі мықты ділмар ағамыздың айтары таусылмасын!

Шынар ДОСАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 18 =