ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ДІҢГЕГІ

0 271

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қа­­зақ­станда адамның таңдау еркін өзіне қалдыру мақсатында елімізде барлық дінге бірдей есік ашылды. Кейіннен Қазақстан діни және саяси тұрғыда өзінің көптармақты ұстанымын ашық әрі жариялы түрде мәлімдеген соң, діни ағымдар тіптен көбейе бастады. Дін атын жамылған миссионерлер, неше түрлі бағытты ұстанған діни топ өкілдері лек-легімен келіп, елімізге қоныс тебе бастады. Сөйтіп, уақыт өте келе олар Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігіне айналды. Әрине, түрлі ағымдар мен бұрын халық арасында белең алып көрмеген діндердің ағылып келуі – бір жағынан елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне селкеу түсіретін қауіпті құбылыс. Екінші жағынан, кім қандай дінге бет бұрам десе де, ол – әр адамның өз құқығы. Өз жастарымызды түрлі діни ағымдар мен беймәлім діндерге бет бұруынан сақтандыра отырып, елдің ішкі тұрақтылығы үшін, барша азаматтардың діни сенім бостандығына кепілдік беретін Ата заңымыздың тиісті баптарын бұлжытпай орындау үшін олардың барлығына тең қарауға тиіспіз. Басқаны былай қойғанда, сонау тоқ­саныншы жылдардан бастап, оңтүстігі­міздегі көрші мемлекеттерде түрлі діни экстремистік ұйымдардың насихатын өрістетуі, соның салдарынан әсіре діни ұйымдардың ол ел­дер­дегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі елді елең еткізген. Бұл қауіптен, әрине, сабақ алмаса болмайды. Алайда, осы жолда сақтану кей жерлерде азаматтардың діни сеніміне шектеу қою деп танылды. Ал, негізінде қауіптен сақтану – діни сенімге шектеу қою емес, жас ұрпақты қауіпті діни ағымдардан сақтандыра отырып, өзге дін өкілдеріне сеніммен, түсіністікпен қарау қажеттілігін сезіндіру. Сол себепті де, 1990 жылдардың басынан бастап мемлекет құқық қорғаушылардың жұмыстары арқылы дінаралық қақтығыстардың алдын алуға ғана емес, осынау аса күрделі саладағы қатынастардың үндестігін орнатуға барынша кірісіп, осы мақсатта күш жұмсауға тиіс еді. Әрине, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ол бойынша дін мен мемлекеттің ара­­сы ажыратылған. Дегенмен, дін сол мемле­кет­тің ішінде өмір сүріп отырған қоғамға мейлін­ше ықпалға ие болғандықтан, оны мүлдем қаперден шығаруға тағы болмайды. 2000 жылы үкіметтің қаулысымен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі арнайы кеңес құрылып, Қазақстандағы діни ұйымдар мен мемлекеттің өзара қатынасына жаңа серпін берілді. Осынау ақылдастық органына елдегі ішкі тұрақтылықты қамта­масыз ету, дінаралық қатынастарға өзара үндестік пен байсалдылықты негіз ету, дін саласындағы ахуалды зерттеу, мемлекеттік органдарға азаматтардың ар-ұждан және дін еркіндігін қамтамасыз етуге байланысты нақты ұсыныстар әзірлеу секілді маңызды міндеттер жүктелді. Қазақстан аумағында діни бетперде жа­мыл­ған, шын мәнінде рухани дүние мен адам­дардың наным-сенімдеріне ешбір қа­­­ты­­сы жоқ түрлі лаңкестік ұйымдардың қыз­­меттерін өрістетуіне тосқауыл қою мақ­­сатын­да көптеген шаралар атқарылды. Қазақ­­станның дінаралық қатынас саласын­дағы саясатының тұжырымдамасы ТМД аумағындағы басқа да мемлекеттердің осы тақылеттес жұмыстарына үлгі ретінде алынуы бұл бағыттағы шаралардың мейлінше тиімді болғанын өзгелердің де мойындағаны деп түсіндірілді. Бұл ретте Қазақстанның дінаралық тату­лық саласындағы тәжірибесі тек елдің ішкі тұрақ­ты­лығын сақтау үшін емес, халық­аралық қауымдастыққа, әлем елдеріне де ба­рын­ша пайдалы болып шықты. Сондықтан да, Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев­тың бастамасымен Астана­да бірнеше мәрте өткен әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайы әлемнің әр түкпірінен келген дінбасылардың қолдауына ие болды. Діндер съезі жыл өткен сайын өзіне тілектестердің, оған қатысып, пікір алысуға ықыласты дін жетекшілерінің санын көбейтіп келе жатыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайлары осынау игі үрдіске БҰҰ, мүдделі халықаралық және аймақтық ұйымдар, түрлі елдердің үкіметтері мен қоғамдық ұйымдарының тарапынан да қолдауға ие болғаны атап көрсетілген маңызды құжаттар қабылданды. Онда түрлі діндердің өкілдері бейбітшіліктің бесігі атанған Қазақстан жерінде ой тоғыстырып, ақыл қоса отырып, барша адам­зат баласы жаңа мыңжылдықта бейбіт өмір сүруі үшін өркениеттер арасындағы сұхбат­тастыққа үн қосуы, рухани және мәде­ни құндылықтарды дамыту жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға күш салуы қажеттігі нақтыланғаны айтылды. Басқаны былай қойғанда, осынау­ дүние­жүзілік деңгейдегі ауқымды форум­ның Қазақ­стан жерінде өтуінің өзі біз­дің­ еліміздің әлемдік діндердің өзара ынтымақ­тас­ты­ғын арттыру және діни байсалдылығы жөнінен күллі әлем алдында үлкен беделге ие болғанын, сонымен қатар, жалпы халы­қ­­­­ара­лық сахнада өзіндік орны бар елге айнал­ғанын көрсетті. Осы айтулы жиындарда сөйлеген сөзде­рін­­­де Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елі қай заманда да мемлекеттік саясатта байсалдылық, келісім, түсіністік секілді құнды қағида­лар­ды басым бағыт ретінде ту етіп ұстап келе жатқанын, болашақта да осы ұста­ным­­нан айнымайтынын мәлімдеді. Бұл жұмысты қазір бертінде құрылған Дін істері жөніндегі агенттік жалғастырып келе жатыр. Жалпы алғанда Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық татулықты ту еткен тәжі­рибесі қазірдің өзінде көптеген мемлекеттерге үлгі атанып, белді ғалымдар мен сарапшылардың зерттеу нысандарына айналып келеді. Тәуелсіз мемлекетті аяқтан тұрғызу үшін талмай еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дінаралық және ұлтаралық татулық саласында орасан зор жетістіктерге жетті. Бүгінде Қазақстан — дінаралық ахуалы тұрақты, түрлі ұлттар мен ұлыстар, түрлі дін ұстанушылар арасында өзара түсіністік орнаған бейбіт ел. Мұның бәрі, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 10 =