ДІН ЖӘНЕ ӘН

0 349

Күні кеше ғана «жаст­ар дінге бет бұра бастады» деп, бөркін аспанға атқан жұртшылық бүгін әрі–сәрі күй кешіп отыр. Аузынан «Алла» деген сөз шыққанға, сақал өсіргенге, тіпті, намаз оқып, ораза тұтқанға да «осы уахабист емес пе екен?» деп, күдікпен қарайтын заман туды. Кеше ғана ата дінімізге, дәстүрімізге ден қоюдамыз деп қуанғандағы көңілді күмән жайлады. Бұған, әрине, соңғы уақытта белең алып отырған діни ахуал түрткі болды.

Сонда да болса, адам баласына жіберілген хақ дін – ислам екенін мұсылман жұрты жоққа шығармайды. Ислам! Қолдан жасалған, бұрмаланған ислам емес. Кәдімгі адамзат игілігі үшін түсірілген Құрандағы ислам. Ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген, өмірінің, тіршілік көзінің, бүкіл салт-санасы мен дәстүрінің, мәдениетінің негізіне айналған ислам. Мұндай адамзат қоғамына пайдасы тимесе, зияны жоқ ізгі дінді, ізгілікті насихаттау­шылар Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде уәде етілгендей үлкен сауапқа кенеледі. Жақсылықтың жаршысына айналғанға қоғам да қашаннан құрметпен қарайды.

Сондықтан, біз әуезді әнімен халықты ата дініне үндеп жүрген әншілердің бірқатарын сөзге тартып, дін тақырыбына қалай келгенін сұрап көрдік.

ДІНИ ӘНДЕР ОРЫНДАУҒА ҚАНДАЙ СЕЗІМ ЖЕТЕЛЕДІ?

Айдар БАЙЖАНОВАйдар БАЙЖАНОВ, «Жігіттер» квартетінің әншісі:

– Біздің дін тақырыбында орындап жүрген бір әніміз бар. Ол – «Дүние керуен» деп аталады. Әрине, бұл әнді халықтың санасына ықпал ету, оларды, әсіресе жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа шақыру мақсатында орындадық.
Алдағы уақытта да осы тақырыпта әндер айту ойымызда бар. Өйткені, әрбір мұсылман баласының Алладан қорқып, Оны үнемі еске алып, құлшылық жасап жүргенін іштей тілейміз. Өзіміз де шамамыз жеткенше Алланың бес парызын орындап, намаз оқып, ораза ұстауға ниет етіп жүрміз. «Алланы сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа?» деп жырлады емес пе Абай хакім.

Эльмира ЖАҢАБЕРГЕНОВАЭльмира ЖАҢАБЕРГЕНОВА, мәдениет қайраткері, жыршы:

– Хақ дініміз – Ислам тақырыбында ән айту қай уақытта да артықтық етпейді. Өлеңді харам дейтіндер бар. Бірақ ол, меніңше, жаңсақ пікір. Жалған сөз. Неге десеңіз, ән-жыр дегеніміз, ол – халықты тәрбиелеудің бірден-бір құралы ғой. Оны жеткізу – жыршы ретінде менің де тікелей міндетім.
Өскелең ұрпақ үшін шайырлардың сөздеріне өзім мақам жазам, оның ішінде, әрине, дін туралы да айтылған сөздер бар. Бірде Америкаға барғанда елімізден асырап алып кеткен сондағы балалармен кездесу өтті. Сонда жан-жүрегім езіліп, өзімнің ішкі толғанысымды мақаммен сыртқа шығарып, Қара сақал Ерімбеттің «Жадыңа неге алмайсың?» атты жырына мақам жаздым. Мақам мен сөз үйлесімділік тауып, тіпті, бір адамдікіндей болып кетті. Мұнымен айтпағым, «Діңгегіміз – дін-ислам» деп өткен бабаларымыздың, шайырларымыздың өсиеттерін жалғай білсек, бірлігіміз нығайып, тірлігімізге Алла береке берері анық.
Иншалла, Жаратушы Иеміз баршамызға туралық нәсіп етсін, мұсылман үмметінің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, халқымызды тура жолдан тайдырмасын деп тілеймін.

Құрмаш МАХАНОВҚұрмаш МАХАНОВ, әнші:

– Исламға бет бұруыма өзімнің әпкем Мәдина ықпал еткен. Аллаға шүкір, содан бері осы жолда ізденіп келемін. Талай діни кітаптарды ақтардым. Жұма намаздан қалған емеспін, 2007 жылдың желтоқсан айында қажылық парызымды орындап, Меккеге барып келдім. Араб тілін үйрену үшін Мысырда да болдым. Араб тілі – діннің, Құранның, Пайғамбарымыздың тілі ғой. Сондықтан, мұсылман болып туғаннан кейін өз дінімді түсіну үшін де осы тілді игерген дұрыс деп санадым.
Ал, әнге келсек, дін тақырыбында ән айтуды да мен өзімнің парызым деп санаймын. Өйткені, ән арқылы да талай жүректерді дұрыс жолға салуға әбден болады деп ойлаймын.

P.S. Көптеген мұсылман елдерінде «Алла» деген сөз екі әннің бірінде қолданыла береді. Адам баласын дінге, тура жолға, Жаратқан Иеге құлшылық етуге үндейтін уағыз-әндердің орындалуы ол елдер үшін қалыпты жағдай. Бұрыннан бар және ән-жырының басым бөлігін осы сықылды дін тақырыбындағы әуендер құрайды.
Қызыл империяның құрсауынан шығып, қолдан таңылған атеизмнен енді ғана алыстап, ата дініне жақындай бастаған қазақта дін тақырыбын әнге қосқандар әлі де санаулы ғана. Сондықтан, көбі діни әндерге әлі аздап тосырқай қарайды. Әлдебір әнші әнімен Аллаға мадақ айтса, сенсация сияқтанады.
Бір шындық бар: ертедегі әдеби туындылардағы секілді Жаратқанға мадақ айтып, көпті құлшылыққа, ізгілікке үндеу негізінен тарихта бар құбылыс. Қазақтың өткен ғасырлардағы жыршы-жырауларының да талай толғауы осындай тақырыпқа негізделген. Ендеше, сөз жоқ, бүгінгі эстрада жұлдыздарының діни әндер айтуы да – қалыпты құбылыс. Ол ата дәстүрге, дінге, ежелгі өз салтымызға бір уақ мойын бұрғандықтың ғана белгісі. Сондықтан, әнімен «Алланы» ауызға алғанға күдікпен қарап, жатсынудың да қисынсыз екені даусыз.

Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − nine =