Дін тақырыбы – ортақ ­ойлар

0 24

Елордада журналистерге арналған «Медиакеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» атты онлайн курс өтті. Шараның аясында дінді заңнамалық тұрғыда зерттеп, ғылыми жұмыстарымен, тәжірибесімен танылған мамандар дәріс оқыды.Соның бірі – «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан. Ол «Діни тақырыптарды жариялаудың тәжірибелік маңызы» тақырыбы бойынша БАҚ өкілдерінің тақырып көтерудегі қателіктері мен оны болдырмау жолдары жайлы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар қатысушы мамандар «Қазақстандағы діни мәселелер және заңнамалық құжаттар» тақырыбы бойынша «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанованың дәрісін тыңдады. Спикер тақырып төңірегінде жылдар бойы жасаған зерттеулерімен таныстырып, Конституция баптарына, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарына, ондағы бөлімдер мен баптарға тоқталды.
Үшінші спикер ретінде Қырғызстан Республикасының «Ашық позиция» қоғамдық қорының президенті, адам құқығы жөніндегі сарапшы Дмитрий Кабак қатысты. Курстың екінші күнінің соңғы спикері «ХикметTV» студиясының журналисі Еркін Шәкірұлы болды. Ол студия өнімдерімен, Рамазан айындағы жаңалықтармен, дін саласында қызмет ететін журналистерге қойылатын талаптар туралы айтты.

Біле жүріңіз!

• Жер жүзінде 1,7 миллиардқа тарта мұсылман бар.
• Мұсылман күнтізбесі 12 айдан тұрады, оның тоғызыншы айы – қасиетті Рамазан айы.
• Рамазан – арабша ай аты.
• Ораза сөзі – парсыша «руза», «рузе» сөзінен шыққан. Арабша (саум) ауыз бекіту деген мағына береді.
• Мұсылмандар тұратын жеріне және күннің ұзақтығына байланысты ораза уақыты белгіленеді.
• Қазақстанда тәулігіне 16-19 сағат ораза ұстайды.
• Австралиядағы мұсылмандардың оразасы ең қысқа болып есептеледі, бар-жоғы 9 сағат ауыз бекітеді.
• Швеция мен Норвегия, Исландия мұсылмандары 20 сағаттан артық ораза ұстайды.
• Егер мұсылман өз елінен басқа елге кетсе, онда ол жергілікті уақытқа сәйкес ораза ұстауы керек.
• Полярлық аймақтардағы мұсылмандар ең жақын қаланың уақытына бейімделе алады немесе Мекке уақытына сәйкес ораза ұстайды.
• Мұсылман күнтізбесі айлық күнтізбе және ай жаңа айдың тууымен басталады. Шамамен 33 жылда қасиетті айдың бір циклі өтеді.
• Ораза жыл сайын он күн алға жылжып отырады.
• Кейбір мұсылман елдерінде ораза ұстамау заңға қайшы келеді. Ол құқық бұзушылық ретінде саналады, ал оны бұзғандарға айыппұл төлетіп, жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тартады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =