Димаш ән салды

0 46

Кеше дүйім елді аузына қаратып, еліміздің абыро­йын асқақтатып жүрген дарынды әнші Димаш ­Құдайбергеннің елордада жеке онлайн концерті өтті. Бұл айтулы кешке Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті.

Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанмен, карантиндік шектеулер әлі жалғасуда. Көпшілік әлі де әліптің артын бағып, үйден ұзап шыға қойған жоқ. Осындай қысылтаяңда әлемге әйгілі әншінің өнер кеші жұртшылықтың көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады. Дауысы алты қырдан асатын дарын иесі тыңдармандарға қазақтың халық әндерінен бастап, әлем тыңдармандарын ынтықтырған репертуарындағы заманауи шығармаларды тамылжытып орындады. Сондай-ақ бұл кеште Димаш жалғыз өзі ән айтып қойған жоқ, онымен бірге халқымыздың талантты перзенттерінің бірі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Лорин, ұлыбритания­лық әнші әрі композитор Софи Эллис-Бекстор және ресейлік танымал эстрада әншісі Кристина Орбакайте өнер көрсетті.
Шын шеберлік пен әуезді әсемдік үйлескен Димаштың концерті елдің көп уақытқа дейін есінен кетпейтін тамаша кеш болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =